Қаратал ауданында қант қызылшасына басымдық берілмек

Уақыты: 25.04.2023
Оқылды: 1893
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қаратал ауданында егін егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңірде негізінен қант қызылшасы алқабын ұлғайтуға басымдық берілмек. Мұндағы тәтті түбір алқабы 1,9 есеге артып, 8,1 мың гектарға жеткен. Осыған орай, қант қызылшасы шаруашылығын мықтап қолға алып, жүйелі жұмыстар істеп отырған «Бақыт – Қаратал» ЖШС-на  бардық.

Шаруа қожалығына тиесілі қант қызылшасы алқабында жұмыс қызған. Күн жылынғаннан дайындық жасаған шаруа жерін  жыртып, егістік алқабын дайындап, тұқым егу үстінде. Егіс алқаптарында қажетті техниканың барлығы бар. Мұнда 3 үлкен «К-700» пен жер тегістейтін техника, 2 соқа, «МТЗ»  маркалы техникадан 6 дана, арпа-бидай егетін 3 тұқым сепкіш бар. Алдағы жылы техникаларды жаңарту жоспарлануда. Дизель отыны да жеткілікті. Бүгінде қамбада 20 тонна дизель бар. 

Шаруашылықта тұрақты 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Барлығы білікті қызметкерлер. Ал маусым кезінде жұмысшылар саны артады. Науқан қызған шақта 100-ден астам жергілікті тұрғын жұмысқа тартылады. Шаруа қожалығының басшысы Серікжан Бақытұлының бастамасымен 1000 гектар суармалы жерге түрлі дәнді дақылдар егілуде. Атап айтсақ, егістіктің 110 гектар жеріне Көксу қант зауытының «тәтті түбірі», 135 гектарына америкалық және Украинадан алынған 3 түрлі жүгері себілуде. Сонымен қатар, 305 гектарға күнбағыс, 312 гектар жерге көпжылдық шөп пен жаздық бидай, 25 гектарға жаздық бидай, 20 гектарға арпа, 20 гектарға «суданка» шөбі егілген. Шыбықтан шынар өсіріп шығаратын еңбекқор жандар күзде мол өнім алуды көздеп отыр. 

– Егістік алқабындағы техникалардың барлығы жаңа болғандықтан жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Егін егуді осы айдың басында бастадық. Бұйырса, 2-3 күнде барлығын сеуіп тастаймыз, – дейді шаруашылық қызметкері Алтай Несіпжан. 

Әр жұмыстың өзіндік қиындығы болады. Алғаш қылшамен айналысқанда шаруа қожалығында да біраз кедергілер болыпты. 

– Қылшаны осыдан 3 жыл бұрын егіп бастадық. Алғашқы жылы жақсы өсіріп шығарған едік. Бірақ, су тапшылығына байланысты толық суарып үлгере алмадық. Содан өнім аз болды. Келесі жылында тәуекелге бармай, аз септік. Ол жылы жақсы өнім жинадық. Өкінішке қарай, келіскен комбайн кешігіп келіп, қар жауып қылшамыз үсіп кетті. Былтыр да өнім аз болып қалды. Биыл тәжірибеміз толысты. Үш жылда жіберген қателіктерді жібермей, мол өнім алуды жоспарлап отырмыз, – дейді қожалық басшысы. 

Аталмыш қожалық күзде қылшаны Көксу қант зауытына, күнбағысты Сарыбұлақ май зауытына, жүгеріні Сарыбұлақ құс фабрикасына, көпжылдық шөп, бидай, арпаның артылғаны ауылдағы шаруа қожалықтарына тасымалданады.  

Жақсы өнім алу үшін техниканың жүріп-тұруы маңызды. Осыған орай, шаруашылық 22%-бен жаңа техника алыпты. Оның 16%-ын Үкімет субсидиялап береді. Атап айтсақ, түк шөп жасайтын, дәрі мен тыңайтқыш шашатын, жаңбырлатып сепкіш техника алынған. Бірақ, «ГОС-Агро» бағдарламасы әзірге істемей тұр. Бұл барлық шаруа қожалықтарына үлкен қиындық туғызуда. Бағдарлама жуық арада іске қосылса шаруашылықтардың жұмысы жеңілдейтін еді.  

Егін шаруашылығын шырқ үйіріп отырған қожалық атакәсіппен де айналысады. Бүгінде мұнда жүнді бағытта 4000 бас ұсақ мал бар. Төрт түлік малдан береке көріп отырған жандар сақман ойдағыдай жүріп жатқанын айтты. Қожалық аналық басқа шаққанда 80 %-ға жуық қозы алған. Алдағы 10 күнде сақман да аяқталады. Сонымен қатар, 250 бас жылқы, 40 шақты түйе бар. 

– Қазіргі кезде мықты шопан мен механизатор табу қиынның қиыны. Бұлар нағыз еңбек адамы. Екінің бірі аталмыш мамандыққа бара бермейді. Сондықтан атакәсіпте ерен еңбек етіп жүрген, мал бағуды бейнет емес, береке деп білген жандарды зейнетке ертерек шығарып жеңілдік жасаса дұрыс болар еді, – дейді қожалық басшысы.  

Тағы бір атап өтетіні, Серікжан Жексенбиевті аудан тұрғындары жомарт жанды азамат ретінде таниды. Ендеше, туған ауылына жақсылық жасаудан өзгелерге үлгі болған шаруаға біз де сәттілік тіледік.

Айдар ҚАЛИЕВ