30 құнажын сатып алып, бүгінде 100 бастан асырды

Уақыты: 25.06.2023
Оқылды: 1877
Бөлім: ОН САУСАҚ

Осыдан он шақты жыл бұрын Жаскент ауылдық округіндегі шаруалардың қатарына тағы бір қожалық қосылған. Содан бері ерлі-зайыпты Жандос пен Жарқын әулетіне береке берген қожалығын дамыту үшін дамыл таппай ізденіспен еңбек етіп келеді.

Отбасы алдымен 30 құнажын сатып алып бастаған шаруасын бүгінде 100 бастан асырып, ірі қараның «Санта гертруда» сынды асыл тұқымын отарлап отыр. «Мал баққанға бітеді» демекші, қыста қыстауындағы, жазда жайлауындағы жайылымын тиімді пайдаланып, меншігіндегі 20 гектар суармалы жерінің жартысына жоңышқа, қалғанына жүгері өсіретін олар малын жемшөптен тарықтырған емес.

– Осыдан 8 жыл бұрын асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтан американдық «Санта гертруда» тұқымын сатып алдық. Сол үшін Үкіметтен субсидия беріліп, қайтарымсыз қаржыны мал басын көбейтуге жұмсадық. Ет бағытындағы малымыз береке бере бастады. Енді ірі қара мен бірге жылқы бордақылауды көздеп отырмыз, – дейді қожалық жетекшісі Жарқын Тамшыбайқызы.

Отағасы Жандос Әбіловтің халықты газбен қамтамасыз етуді кәсіп еткеніне 38 жыл болыпты. Головацкий ауылының оңтүстік шетіндегі газ қоймасы жанынан кеңітіп жер алып, 1 гектар аумаққа ірі қара мен жылқыға арнап жылы да жайлы кең қора салып, жанынан үлкен жемшөп қоймасын жасапты. Бұл қоймада жүгері дәнін үгітіп майда жем шығаратын, одан бөлек шөп турайтын қондырғылар қойылған. Мал соятын цех та жасалған. Ауылдастары тойға, нәзір-құзырға борланған малын сатып алып осы цехта сойып, ішек-қарнын тазалап, қазы-қарта, жал-жаясына дейін жұмысшылары дайындап, тұздап береді. Осындай кәсібін жан-жақты дамытып отырған Жандос пен Жарқынның меншігіндегі мал саны да жыл санап көбейіп келеді.

– Көктемде малымызды жазғы жайылымға тауға шығарамыз, күзде жайлаудан келген соң жасына қарай іріктеп еркек тайыншаларды бордақыға қойып, қалғанын егіні жиналған алқапта бағамыз, – дейді Жандос. 

Ал қысқа дайындықты ерте жаздан бастап, қора мен малшы үйін жөндеуден өткізіп, жемшөп қоры тиянақталады. 

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы