Түсім молайды

Уақыты: 05.12.2023
Оқылды: 1707
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қараталдықтар биыл «ақ маржанды» мол жинады. Жиын-терін науқанын аяқтаған диқандар күрішті өңдей бастады. Аудандағы ірі шаруашылықтың бірі – күрішті егіп, өңдеумен айналысатын Ескелді би ауылындағы «Үштөбе» ЖШС. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін серіктестік күріштен бөлек майбұршақ, дәнді дақылдар, мал азығы дақылдарын да егеді. Оның ішінде жаздық арпа 348, жүгері 268, күріш 180, майбұршақ 105, қант қызылшасы 10, мал азығы дақылдары 130 гектарға себілген.

– 2021 жылы біз 500 гектар жерге «ақ маржан» еккен едік. Бірақ, су тапшылығына байланысты аз өнім алдық. Биыл 180 гектарға күріш ектік. Мемлекет тарапынан да үлкен көмек көрдік. Осыған орай егіс бітік шықты, – дейді «Үштөбе» ЖШС басшысы Арман Ахметбаев.

180 гектар алқапқа қызылордалық «Янтарь» күрішін еккен серіктестік  684 тонна өнім алған. Қазір өңдеу цехында бір диірмен жұмыс істеп тұр. «Тапсырыс көбейгенде екіншісін іске қосамыз», – дейді мамандар. Серіктестік жинаған өнімдерін өз қоймаларында сақтайды. Өңдеуден кейін облыстағы аудан-қалаларға және Алматы, Астана сынды мегаполистерге жіберіледі. 

Цехта техника жеткілікті. 23 трактор, 6 комбайн бар. Биыл 75 млн. теңгеге дәнді дақыл жинайтын комбайн сатып алыныпты. Сонымен қатар, жиын-терін уақытында  егіншілер Үкімет тарапынан жанар-жағармайды нарықтағы бағадан арзан алады. 

Жетісу облысында биыл 360 мың тонна дәнді дақыл жиналды. Әсіресе, өңірдің күріш өсірушілері молынан өнім алды. Қаратал ауданындағы он шақты шаруашылық күріш өсіруді кәсіп етеді. Олар биыл Қызылорда облысынан және Ресейден әкелінген дақылдың жаңа сұрыптарын септі. 

Қараталда «ақ маржанды» бұдан да көп қылып себуге болар еді. Алайда мамандар күріш алқабын суармалы су жетпеуіне байланысты ұлғайтпайтынын айтуда. 

Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев: 

«Күріш алқабын суармалы су жетпеуіне байланысты ұлғайтпаймыз. Жыл сайын осы мың гектардың көлемінде егіп, өнімін жинап отырамыз. Егер егістікті азайтсақ жерасты суы көтеріліп, топырақ тұзданып кетеді. Жер жарамсыз болып қалмауы үшін осы көлемді ұстап тұруымыз керек», – дейді.


Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: alataunews.kz