Маңдайалды шаруашылық

Уақыты: 06.02.2024
Оқылды: 609
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ауданның ауылшаруашылығы саласын өркендетуге үлес қосып жүрген шаруашылықтардың қатарында «Арлан» ШҚ бар. Өнім көлемін жылдан-жылға арттырып келе жатқан қожалық бүгінде материалдық-техникалық жағынан нығая түскен.

1978 жылы Екіаша орта мектебін бітіріп, Талғардың ауылшаруашылығы техникумына түскен  Қайратбек Бершімбеков үлкен отбасына тірек болуды мақсат тұтқан. Оқу бітіріп, әскери борышын да өтеген. Әскерден келген соң «Красный октябрь» ұжымшарына агроном-гидротехник ретінде қабылданды. Еңбек жолын бастаған 1983 жылдың 10-қыркүйегі әлі күнге есінде. Қайратбек Бершімбеков 1999 жылдың наурызында аудандық жер бөлімінен 700 гектар жерді заңдастырып, егін шаруашылығымен айналысуға кірісті. Аталған аумақтың 116 гектары суармалы, 141 гектары тәлімі алқап, қалғаны жайылымдық жер. Күздік бидай септі. Жаздық дақылдарға да көп орын берілді. Арпа-бидай көктеп өсіп, күзде дәні толықты. 

Алғаш шаруа қожалығын қолға алғанда бір данадан ғана трактор, тіркеме, сепкіш, комбайны бар еді. Бағзы кездегі бір ұжымшардың меншігіндегі техникалар қазір де бар. Бүгінде қожалық шаруаға қажет техникамен толық қамтылған. Науқан қарсаңында жөндеуден өтіп, сапқа қойылады. Жұмысшылары да жеткілікті. 2009 жылы Қайратбек Сембіұлы басқаратын «Арлан» ШҚ асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын өсіруге ден қойды. Сол жылы-ақ 70 бас сиыр мен 3 бұқа сатып алып, іргелі шаруашылықтың іргетасын қалады. «Инвест-жоба» бағдарламасы аясында жайылымдық жер алды. Бағзы бір қожалықтағыдай мұнда малшылардың тұрақсыздығы жоқ. Өйткені 8 малшының отбасы жағдайлы үйде тұрады, қора-жайы да жылы, қарауындағы мал басына қарай қомақты жалақы алады. 

Қолдағы 250 бас қазақтың ақбас тұқымды аналық сиырының, бордақылау алаңында тұрған 110 бас ірі қара, 60 бас жылқының қыстан қысылмай шығуы үшін қожалық 2000 тонна пішен, 100 тонна арпа, 50 тонна бидай, 30 тонна жүгері дайындапты. Шаруашылық басшысы болашақта ірі қараны 1000 басқа, жылқыны 100-200 басқа жеткізуді жоспарлап отыр. Осы шаруаны небары 5 адаммен қолға алған. Бүгінде мұнда 28 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, отбасыларын асырап отыр. Бәрі өз жұмысын тиянақты атқарады. Жұмысшылар үшін ыстық тамақ ішетін асхана да қарастырылған. 

– Жұмыссыздық белең алды дейміз. Шынтуайтына келсек, жұмыс бар, жұмысшы жоқ. Қазір жұмыс істеймін деген адамға қай салада болсын сұраныс көп. Сондықтан жастардың ауыр жұмыстан қашпай, шаруашылықта атқарылатын істерді үйрене бергені абзал, – дейді Қайратбек аға бүгінгі күннің өзекті мәселесін қозғап.         

Еңбек адамды өмірге құлшындырады, еңсесін көтереді. Сол еңбектің көзін тауып, құрметке бөленуден артық не бар?! Осы асқақ сезім еңбекқор азаматты алға жетелеуде.

Жақсылық ИГІМАН
Сарқан ауданы