Құт келерде қой қоздайды бесеуден

Уақыты: 12.03.2024
Оқылды: 1698
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Құтты қонақ келсе қой егіз табады» дейтін баба жұрт. Үшеу-төртеуден қозы тапқан қой жайында ләм-мим демепті.Ондай нақылды естімеппіз де. Өйткені, табиғатынан қой дегенің не жалқы, не егіз туады. Бірақ, көксулық Ерлан Әлімбаевтың марқалары бірден бесеуден қоздайды. Бұл шын сөзім. Е,осы да жаңалық болып па дей көрмеңіз. Жағымды жаңалық иесі қолдан ұрықтандыру тәсілін қолданбай табиғи жағдайда бір саулықтан бес төл алып отыр.

Жылт еткен жаңалықты ести сала Көксу ауданы, Ақтекше елді мекені маңынан 10 шақырымдай шалғай орналасқан малшы ауылды бетке алып жолға шықтық. Ерлан Әлімбаев біз барғанда төрт түлікті өрістетіп, есік алдында сол бес қозыны қамдап жатыр екен. Қазақтың дарқан мінезін бойына дарытқан байыпты қасиетінен аттамай төрге оздырып, жарына дастарқанды жайып жіберіп, әңгімесін әріден бастады.

Ерлан Әлімбаев сол Ақтекше ауылының тумасы. Ел тәуелсіздік алған кезеңдерде өзіне тиесілі жерді еншілеп, 2000 жылдардан бастап атакәсіпке ойысыпты. Әкесі Болатбек ақсақал да дала төсіне төрт түлік өргізген кәнігі қойшы болған. Сол жолды жаңғыртқан Ерекең бүгінде 60 бастай мүйізді ірі қара, 60 бастан аса қой-ешкі және 40 бас жылқы бағып отыр. Қойы бес төл тапқан азаматтың айтуынша, былтыр шопаната тұқымы үшемдетіпті.

– Бұған дейін қой басын бес жүзге жеткізгенбіз. Әйелім екеуміздің шамамыз келмеген соң уақ малдың санын азайттық. Тұқымды асылдандыру үшін қазір көп шопан қолданып жүрген гиссар тұқымына көштік. Етті тұқым ғой. 2023 жылы бес саулығым үш қозыдан туған-ды. Өткен жылға өкпе жоқ. Берекелі болды. Биыл ақ саулық бес қозы туды. Демек, биыл құтты жыл болмақ, – дейді Ерлан Әлімбаев ағынан жарылып.

Қазір Ерекең жары Гүлнұр екеуі бес бала тәрбиелеп отыр. Балалардың алды Алматыға оқуға түскен. Қалған үшеуі Ақтекше ауылындағы мектепте оқиды. Демалыс күндері осында келеді екен. Ерекең қазір төрт түлік асыраудың оңай емесін, қасына көмекшілікке адам таппағанын да жасырмады. Елді мекеннің маңайы тұтас егістік болған соң тау бөктерін паналап жүрген жайы бар. Бірақ төрт түлігі осылай төлдеп, отбасының ырысын тасытып жатқанын айтып бір серпілді. Сөз арасында сенімсіздік танытып, қолдан ұрықтандыру тәсілін қолданып-қолданбағанын қайта сұрадық. Ерлан Әлімбаев қабақ шытпастан «Құдай құтыңды тасытамын десе осылай жарылқайды» деп қайырды.

Шопан ауылынан зулаған көлік үлкен жолға жетер-жетпес тау бөктерінде табандап тұрып алды. Көктем уақытта жердің жіпситін әдеті емес пе? Бауырмал балшық төрт доңғалаққа табан аштырмады. Әрі амалдадық. Бері әуреледік. Сонадайдан малын өрістеткен Ерлан Әлімбаев қыстауына шаба жөнелді. Бақсақ, есік алдындағы ескі тракторын оталдырып, тұралаған бізге көмекке ұмтылыпты. Дарқан мінезді азамат жаңалық іздеп барған тілшілер көлігін тас жолға шығарып салды. Қасиетті айдың алғашқы күнінде қайырлы іс қылған көксулық шопанға алғаусыз алғыс білдіріп біз де жөнімізге кеттік.

Дастанбек САДЫҚ