АҚСУ АУДАНЫНДА ТҰРАТЫН КӘСІПКЕР МАРАЛ ӨСІРУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ

Уақыты: 21.12.2020
Оқылды: 1350
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ақсу ауданында тың кәсіп – марал шаруашылығы қолға алынды. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысынан 23 марал жеткізілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Ақсу ауданының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлады.

Сұлулығымен талайларды тамсандырған, ақындардың жырына арқау болып, әсем ән салдырған киелі Жетісуды сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес. Табиғаттың барлық сұлулығын өз бойына жинап алған Жетісу жерінде туризмнің кез келген түрін дамытудың аса зор мүмкіндіктері бар.

Арынды өзен Ақсу суының бастауында орналасқан шаруашылық маралдарды арнайы қоршалған орынға жіберді. Суықсай ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылында орналасқан «Аршалы тур» ЖШС медициналық туризмді дамытуды көздеп отыр.

Марал – киелі жануар. Оның мүйізінен алынатын қанның талай дертке шипа екенін бірі білсе, бірі білмес.

Марал мүйізі қанының құрамында адам ағзасына пайдалы 25 түрлі микроэлемент бар. Ал сорпасына түсу сүйек, буын ауруларына, жалпы денсаулықты нығайтуға таптырмас ем.

Кәсібін енді бастаған Берік Алдабергенов демалыс орнына туристердің ағылып келетініне күмәнданбайды. Жол азабын тартып, дертке шипа іздеп, Өскеменге барып жүрмей, жақын жерден шипажай ашылса халыққа тиімді болары хақ. Емдеу-сауықтыру кешенін ашып, демалыс орнына айналдыру басты мақсаты болып отыр. Кәсіпкер осы саланы бастау үшін жаз уақытында Катонқарағайға арнайы барып, 10 күн марал өсірудің қыр-сырымен танысып, панта әзірлеуді үйреніп қайтыпты. Алдағы уақытта тағы да маралдардың санын арттырып, осы кәсіпті дамытуды жоспарлап отыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"