Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЕЛГЕ БЕЛГІЛІ ҚОС КӘСІПКЕР МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАРҒА АЗЫҚ-ТҮЛІК ҮЛЕСТІРДІ

Уақыты: 21.04.2022
Оқылды: 948

Қашанда мейірімділік бар жерде адамзат бойындағы ең жақсы қасиет қайырымдылық қалыс қалмайды. Ағайынға, туысқа, ауылдасқа қайырымдылық жасау елімізде ежелден ерекше уағыздалады. Оған шынайы ниетімен үн қосатын азаматтар арамызда аз емес.

Жақында Панфилов ауданындағы елге белгілі кәсіпкер-меценаттар Серік Ақсубаев пен Закир Кузиев Панфилов, Ұйғыр және Еңбекшіқазақ аудандарының әрқайсысында мыңнан, жалпы үш мың азамат қамтылған, көпбалалы отбасылар мен күнкөріс деңгейі төмен жандарға 10 келіден ұн, 5 келіден күріш және 5 литрден өсімдік майын таратты.

Жаркент қаласындағы аудандық орталық мешітте өткен қайырымдылық шарасында 50 аз қамтылған отбасына аталған азық-түлік түрлерін З.Кузиевтің құзырындағы «Универсал» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Айбек Сүгірбеков өз қолымен тапсырды.

Ораза кезінде жамағатқа жасалған қайырымдылық акциясы үшін аудандық мешіт имамы Серік Шәріп алғыс айтып, ақ батасын берді. Шараға жиналған қауым алдында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Шухрат Құрбанов қарашаға қарайласқан кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы