ЖЫР КӨГЕРШІНІН ҚАЛЫҚТАТТЫ

Уақыты: 17.04.2024
Оқылды: 267

Жан тұнығын тілейтін ақындар табиғаттың да тұмсалығына іңкәрлік танытпай қойсын ба?! Өзі мекен еткен жердің әр жусаны бүр атып, әр қияғы жайқалғанын қалайтын шайырлар шоғыры Талдықорған қаласындағы Ақын Сара және Мұқағали Мақатаев ескерткішінің ауласын тазалады. Жалынды жыр оқып, әсері бөлек әдеби әңгіме өрбітті.

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облыстық халық шығармашылығы орталығымен бірлесіп «Janr» әдеби бірлестігінің мүшелері, талдықорғандық қаламгерлер қос ақын ескерткішінің ауласын тазалады. Айтыс ақындары шаһар орталығындағы Сара Тастанбекқызының бюсті маңын ретке келтіріп, сөз өнері туралы толғанды. Өз кезегінде домбырасын арқалай келген жетісулық жүйріктер қайым айтыстың көрігін қыздырса, халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Қайрат Абылқасымов рухани шараның мәні мен мазмұнына тоқталды.

«Жастар» мәдениет және демалыс саябағының күншығыс тұсында орналасқан мұзарт таудың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаев бюстіне жазба ақындар жиналды. Өлең өрнектеп жүрген жетісулықтар тастұғыр ауласын тиянақты етіп, текті жырдың арнасын ағытты.

Мәңгілік жастықтың, сағыныштың, ікәрлік пен мұң-шердің баламасы жоқ бірегей тіркестерін өлеңіне сыналап енгізген ұлы суреткер, қазақ поэзиясының шоқтығы биік таланты Мұқағали Сүлейменұлының жыры әр жүректе сайрайды. Жұматай Оспанұлы, Жангелді Немеребай, Есболат Айдабосын бастаған жетісулық қаламгерлер осынау ұлы тұлғаның «Қара өлең», «Майгүлге» «Жанарсыз адам келеді» сынды жырларын оқыса, кей ақындар Қарасазға барғандағы әсерлерін, шайырға арналған өлеңдерін мәнерледі. Осылайша бір сәтте Ақын Сара ізбасарлары сөз барымтасына түссе,  Мұқағали көш-керуеніне ілескендер мөлдір жырдың тосабын шайқап, Талдықорған аспанында текті өлеңнің көгершінін қалықтатты.

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ