Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚЫЗМЕТІ БІР ТӨБЕ, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҒЫ БІР ТӨБЕ: НҰРБОЛАТТЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАСЫ

Уақыты: 22.11.2020
Оқылды: 659

Табиғатынан кең пішіліп, даладай дарқан мінезді бойына дарытқан атпал азаматтың жақсылығы айналасынан асып, ел-жұртқа шапағаты тиіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Оған жылдар бойы шопан таяғын ұстап, алдыңғы шепте жүретін еңбекқор әке Кәрімов Сатымхан мен анасы Отыншиева Тілемханның өмірі өнеге болғаны ақиқат.

Ата-ананың еңбекпен өсірген ұлдары мен қыздары еш қиындықтан тайсалмай, алға қойған мақсат-міндетке жетуде табандылық танытып келеді. Бала жастан қой соңында жүріп тәтті қиял, асқақ арманға ой жүгіртетін Нұрболат Сатымханұлы туып-өскен ауылы Бірлікте білім алып, кейін келе әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін тамамдады. Әскерге барып, Отан алдындағы азаматтық борышын да өтеп келді.

Жастайынан белсенді болуға бейімделген ол жоғары оқу орнында, әскерде де қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып жүрді. Соның нәтижесінде алғашқы еңбек ұжымдарында жас та болса басшылық міндеттерді атқарып, ұйымдастырушылық тәжірибесін толықтырды. Кәсіпкерлік қанат жая бастаған бастапқы жылдары ауыл ішіндегі мемлекеттік мекемелерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу ісімен айналысқан құрылыс компанияларында қызмет еткен Нұрболат Кәрімов 2011 жылдан бастап өз алдына «LEADER NSK» (Лидер НСК) жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, жол жөндеу жұмыстарын атқаруға білек сыбана кірісіп кетеді.

– Жол жасау сауапты іс саналады. Ауыл ішіндегі жолдар жарқырап жатса тұрғындардың ризашылығына бөленесің. Биылғы жылдың өзінде 30 шақырымнан артық жолға ағымдағы, кейбіріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Соның көп бөлігі – Белбұлақ ауылдық округіне қарасты. Оған ауыл әкімі Аслан Қасымбаевтың сіңірген еңбегі зор. Ауылішілік жолдардың жасалу қажеттігін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп, жоспарға енгізуінің арқасында осы күні 6 көше асфальтталып, тақтайдай тегіс болып жатыр. Осылайша ауылдық әкімшілікпен бірлесе атқарған ісіміздің нәтижесін көрген тұрғындар тарапынан ризашылыққа бөленіп келеміз, – дейді аталған серіктестіктің директоры Нұрболат Сатымханұлы.

Бұған қоса, Тұздыбастау, Панфилов, Кеңдала, Нұра ауылдарының да жолдарын жасаса, осы күні Бесқайнарға табан тірепті. Жазғы маусымда 80 адамды еңбекпен қамтып, жұмыскерлердің тұрақты нан табуын қамтамасыз етіп отырған «LEADER NSK» серіктестігінің он жылға жуықтаған уақыт ішінде атқарған істері аз емес.

Жол жасайтын еңбек адамдары ғана ми қайнатар аптап ыстықта асфальт төсеудің қиындығын айқын сезінері сөзсіз. Сондай ауыр еңбекті атқаратын қарапайым жұмысшының тұрмыстық жай-күйіне үңіліп, жанашырлық танытуға бейім тұратын Нұрболат Кәрімов оларды ыстық бәліш, салқын сусынмен қамтамасыз етуге асығатын.

Әрине, бәрі өзінің қалтасынан. Былайғы жұрт қарамағындағы еңбек адамдарын аға-іні, бауырдай көретін кең пейіліне таңданады. Қарапайым адамға қамқорлық танытып, тарыққанға қол ұшын беруге асығатын асыл қасиеті уақыт өте келе біреуден екеуге, екеуден бесеуге көбейе түседі. Бірақ, мұнысын күнделікті жұмысындай көретін кәсіпкер жасаған жақсылығын жария қылмайтын.

Оған өзі оқып, түлеп ұшқан №34 орта мектептің спорт залын спорттық құрылғылармен жабдықтауы, дене тәрбиесі пәнінен ұстазы болған Бекбол Жақыпбаев жаттықтырып жүрген талантты спортшы жастарға үнемі қолдау көрсетіп, жыл сайын облыстық деңгейде чемпионаттар өткізуі, Арыстағы жарылыста тұрғындарға азық-түлік жөнелтуде белсенділік танытуы, тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға жәрдемдесуі сынды жарқын істерді жасау қалыпты міндетке айналғандай.

Осы уақытқа дейін осының бірін жария қылмаған Нұрболат биылғы жылғы жасаған жақсылықтары ақпараттық ашықтықтан алты Алашқа жария болып жатқандығын қысыла жеткізді.

– Жуырда Талғар қаласындағы жалғызбасты ананың үйін газға қосуға қол ұшын бердім. Қаржысын төлеп, газдың пешін әперген едім. Сол әлеуметтік желілерге тарап, біраз басылымдардың тілшілері хабарласқанда, ыңғайсызданып қалдым. Мен біреуге жасаған жақсылығымды жарнамалағанды қаламаймын. Десе де, бүгінгідей ақпарат ағымында оны жасырып, жабу да қиын екен, – деп жүзіне күлкі үйірілген жігіттің тағы бір жомарттығын айтпасқа болмайды.

Биылғы коронавирус індетіне орай онлайн оқып жүрген тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың оқушылары смартфон тапшылығын тартуда. Осыған орай Нұрболат Сатымханұлы жақында Белбұлақ ауылдық округіне қарасты 4 мектептің 12 оқушысына соңғы үлгідегі смартфонды, ал өзі оқыған мектебіне принтерді сыйға тартып, қуанышқа кенелтті.

Бұдан бұрын Талғар қаласындағы көпбалалы анаға планшет тарту еткен болатын. Уақыт ағымындағы қиындықтардан шығуға көмек қолын созған кәсіпкер мұнымен шектелмей, қыстың қыр астында екенін ескеріп, Панфилов ауылдық округінен 10 отбасына және Кеңдала ауылында тұратын 3 отбасына 2 тоннадан көмір түсіріп беруді бастап кеткен.

– Халқымызға, оның ішінде, тұрмысы төмен жандарға пандемия салдары оңай тимеуде. Жылуы жоқ үйде береке болмайтыны белгілі. Сол үшін қыс көзі қырауда отыннан тапшылық көрмей, үй ішін жылылыққа бөлеп отырсын деген ниетпен 13 отбасын көмірмен қамтамасыз етуді жөн көрдім, – деген атымтай жомарт азамат бұл істерінің жалғаса беретіндігін айтты.

Халқымызда «Не ексең, соны орасың» деген тәмсіл бар. Сатымхан әулетінен өсіп-өнген қолы ашық, жүрегі жұмсақ Нұрболаттың негізгі қағидасы бұл. Жауапкершілігі жоғары, тынымсыз кәсіптен нәсібін айырып келе жатқан кәсіпкер жігіт жасаған жақсылығының қайыры еселеп қайтатындығына бек сенімді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы