ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫҢ ЖАЛҒЫЗ КУӘГЕРІ ТҰРАДЫ

Уақыты: 10.05.2021
Оқылды: 1080
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Елімізде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 665 ардагер бар, олардың 41-і Алматы облысында тұрады. Солардың бірі - қан майданда елін, жерін қорғаған жалғыз қарт майдангер Петр Ещенко. Ол биыл Жеңіс мерекесін екінші жыл қатарынан қарулас достарынсыз қарсы алып отыр. Мерекеге орай Ескелді ауданының жаңадан тағайындалған әкімі Рустам Әли ардагер Петр Ещенконың отбасына барып, Жеңіс күнімен құттықтады.

Петр Михайлович Ещенко 1926 жылы Сарқан ауданында дүниеге келген. Ол қазір Ескелді ауданында тұратын жалғыз соғыс ардагері.

Майдангер 1943 жылы Кеңес әскерінің қатарына қабылданып, Белоруссия, Польша, Украинаны азат етуге қатысқан. Бірнеше рет жараланған. Жанқиярлық ерлігі үшін медальдармен марапатталған.

Аудан басшысы облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтау хатын жеткізіп, ардагердің еңбек және соғыс майданындағы үлгілі істеріне алғысын білдіріп, мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Биыл екінші мәрте күрделі эпидемиологиялық ахуалға байланысты Жеңіс күні өз деңгейінде тойланбай жатқанына қарамастан, ардагерлердің өшпес ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайтындығын жеткізді.

Жеңіске өз үлесін қосып, соғыс және еңбек майданында аянбай еңбек етіп, болашақ ұрпақты бейбіт күнге жеткізген жауынгер атамыздың және тыл еңбеккерлерінің құрметіне музыкалық сәлемдеме жасалды. Аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ардагердің ауласында әскери әндер шырқады.

Кішігірім іс-шара барлық санитарлық талаптарды сақтап өткізілді.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА

Ескелді ауданы,

Алматы облысы