ІЛЕ АУДАНЫНДА ПОЙЫЗ БЕН АВТОКӨЛІК СОҚТЫҒЫСЫП, ЕКІ АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 03.08.2022
Оқылды: 1230
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Іле ауданындағы «Еңбек-Құйған» теміржол өткелінде жүк пойызы мен «Аudi 100» көлігі соқтығысты. Салдарынан жеңіл көлік отқа оранып, екі адам көз жұмды.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, соқтығыс салдарынан көлік өртеніп, оның 40 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қаза тапқан.

- Көлікте болған тағы үш ер адам түрлі дене жарақатымен орталық аудандық ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлаған еді полициядан. Алайда ауруханада тағы бір адам көз жұмған.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Іле аудандық орталық ауруханасына 3 адам түскен.

«Жеңіл көлік пен пойыз соқтығысынан зардап шеккен үш адам ауруханаға жеткізілді. Олардың ішінде 1985 жылы туған науқастың жағдайы өте ауыр болғандықтан, дереу жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Өкінішке қарай, науқас 3 тамыз күні таңғы сағат 08:40-та қайтыс болды. 1990 жылы туған екінші науқасқа жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, кеуде қуысының зақымдануы деген диагноз қойылды. Жағдайы орташа ауырлықта, динамикасы тұрақты. Үшінші науқас жансақтау бөлімінде жатыр, оның жағдайы өте ауыр», - деп хабарлады Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"