ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУ: БҮГІН ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНА ЭКОЛОГИЯ МИНИСТРІ КЕЛДІ

Уақыты: 28.10.2022
Оқылды: 2047
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін Қонаев қаласына Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали БРЕКЕШОВ келді. Сапар аясында министр Қапшағай су электр стансысының жұмысымен танысып, облыс орталығының кәріз жүйелерін, қалдық суды тазарту қондырғыларын көрді. Одан кейін Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыс жұртшылығымен кездесіп, тұрғындардың сұрағына жауап берді.

Астаналық қонақ алдымен Шапық Шөкин атындағы Қапшағай су электр стансысы ғимаратына келіп, орман шаруашылығы, балық өсіру, суармалы жер алқаптарын қайта қалыптастыру, сарқынды суды тиімді пайдалану мәселелерімен танысты.

Бас эколог Қонаев су арнасы мен Қапшағай су қоймасының жұмысына назар аударып, туындауы мүмкін экологиялық апаттардың алдын алу бойынша жоба-жоспарларды қарады. Сондай-ақ, министрге жылу электр орталықтарының құрылысын жүргізу, су қоймасындағы балықтарды қорғау құрылғысын орнату бойынша атқарылған шаруалар жайлы есеп берілді.

Сапар аясында Серікқали Аманғалиұлы «Сорбұлақ» алабын дамыту шеңберінде туындаған экологиялық мәселелермен танысып, сарқынды суды тиімді пайдалану жолдарын талқылады. Мамандардың айтуынша, «Сорбұлақ» мәселесі толық шешімін таппаса, онда болашақта Іле өзені мен Балқаш көліне экологиялық апат төнуі мүмкін. Қазіргі таңда Алматы қаласының сарқынды суы жиналатын орында суды бөлу және өңдеу, тазарту жұмыстары жүйеленбеген. Кездесуде «Сорбұлақ» алабына қатысты апаттың алдын алатын жаңа ұсыныстар айтылып, министр тарапынан қолдау білдірілді. Бас эколог «Сорбұлақ» мәселесін түпкілікті шешу үшін құқықтық-нормативтік және экологиялық құжаттарды дайындап, тиісті мекемелерге өткізуді тапсырды.

Келесі кезекте министр Қонаев қаласының кәріз жүйесін көрді. Мұндағы жауапты мекеме өкілдері кәріз тазарту жұмысы бойынша баяндама жасады. Қонаевтағы кәріз тазарту ғимараты әбден тозған. 1968 жылы бой көтерген мекеме Қонаев қаласынан 6 шақырым қашықтықта орналасқан. Министр көне ғимараттың жай-күйімен танысып, жуық арада бұл мәселе толық шешілетінін айтты.

Министрдің іссапары түс ауа Қонаев қалалық Мәдениет үйінде жалғасты. Халықпен кездесу шарасына Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дандыбаев қатысты. Басқосуда Серікқали Аманғалиұлы соңғы 9 айда атқарылған жұмыс бойынша баяндама жасап, Алматы облысының экологиялық проблемасын таныстырды.

Министрдің мәлімдеуінше, Қонаев қаласындағы кәріз жүйесінің сапасы сын көтермейді. Облыста кәріз тазарту құрылғысы жоқ 5 аудан бар. Кәріз тазарту жүйесі тез арада шешімін таппаса, болашақта мұның экологиялық зардабы зор. Сонымен бірге, аймақ бойынша 3 ауданда қоқыс тастайтын заңды полигондар жоқ. Осындай өзекті мәселелерді көтерген министр су ресурсы тақырыбына да арнайы тоқталды. Мәселен, Алматы облысы аумағында су желілері қайта жөндеуден өтсе, онда суармалы жерлерді қалпына келтіруге үлкен мүмкіндік туады.

- Биыл Алматы облысында 670 шақырым су арнасын қайта жаңарту жоспарлануда. Бұл 12,5 мың га суармалы жерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, облыста Дүниежүзілік банктің қаражаты есебінен Еңбекшіқазақ және Балқаш аудандарының 830 шақырым су желілерін қайта жаңарту жобасы іске асырылуда. Нәтижесінде, 18 мың гектар суармалы жер қалпына келеді, – деді Серікқали Брекешев.

Кездесуде министр басқа өңірлермен салыстырғанда Алматы облысындағы экологиялық жағдай тұрақты екенін атап өтті. Облыс бойынша ластаушы заттардың нақты көлемі 29,3 мың тоннаны құраған. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен деңгейлес. Министр өз есебінде Жол картасында көзделген 8 іс-шараның 3-уі орындалғанын хабарлады. Мәселен, Қонаев қаласының қазандығы газға ауыстырылған. Қапшағай су қоймасының су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу бойынша жұмыстар аяқталған. Ал Балқаш көлінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында Іле және Қаратал өзендерін тазарту бойынша 3 іс-шара атқарылған.

Министр сөзіне сүйенсек, Алматы облысында биылғы 9 ай қорытындысы бойынша, қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 15,9 пайызды құраған. Сондай-ақ, өңірде заңды-заңсыз 340 полигон анықталған. Оның тең жарымынан көбі жойылған. Осыған байланысты министрлік жергілікті әкімдікке коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеп, бекітуді ұсынды. Министр есебінде бұдан бөлек Президенттің 2 миллиард түп ағаш отырғызу бастамасы, экологиялық туризмді дамыту, орманды қорғау, балық шаруашылығын жандандыру міндеттемелері сөз болды. Баяндама соңында Серікқали Аманғалиұлы табиғат ортақ үйіміз екенін ескертіп, барша тұрғындарды қоршаған ортаға құрметпен қарауға шақырды.

Кездесу соңында министрге облыс тұрғындары тарапынан экологиялық орталықтардың жаңа жобалары, «Сорбұлақ» мәселесі, құс фабрикасы мен түрлі кәсіпорындардың қоршаған ортаға зиянын болдырмау, балық өсірудегі кедергілерді жою, қоқыс орындары мен су шаруашылығын дамыту бойынша 10-нан аса сұрақ қойылып, жауап берілді.

Журналистермен өткен баспасөз мәжілісінде министр табиғатқа жауапсыз қарап, экологиялық талаптарды орындамаған тұлғаларға заң күшейетінін, биылғы жылдың өзінде 100-ге жуық түрлі саладағы басшы жазаға тартылғанын айтты. Сонымен бірге, Қонаев қаласында кәріз желісі 100 пайыз ескіргенін, егер мұнда тазарту құрылғысы тез арада шешілмесе, онда Қапшағай су қоймасы ластанып, нәтижесінде, жақын маңдағы елді мекен тұрғындарына үлкен қауіп төнетінін жеткізді. "Қонаев қаласының кәріз жүйесі толықтай жаңартылады. Бұл мәселе жуық арада шешіледі", - деді министр.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Фото - Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы