ЭКОЛОГИЯ МИНИСТРІ ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНА КЕЛІП, ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН ЖҮЗДЕСТІ

Уақыты: 31.10.2022
Оқылды: 1515
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанға арнайы сапармен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев келіп, Жетісу облысының тұрғындарымен және азаматтық сектор өкілдерімен кездесті.

Министр Жетісу университетіне барды. Осында өткен кездесуде министрлік жетекшілік ететін салалардың дамуы туралы баяндалды. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев жүргізіп отырды.

Жиын барысында сөз алған Серікқали Аманғалиұлы Жетісу облысындағы экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы екенін айтты.

– Алматы облысы бойынша Жол картасы аясындағы 8 іс-шараның 6-уы Жетісу облысына тиесілі. Мәселен, өткен жылы Талдықорған қаласының, Көксу және Ескелді аудандарының 6 қазандығы газға ауыстырылды, Ескелді ауданының кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Талдықорған қаласының LED-экрандарында Қазгидромет ұсынатын атмосфералық ауаның сапасы туралы ақпарат орналастырылуда, – деген министр облыстардың бөлінуін ескере отырып, қараша айының соңына дейін жұртшылықпен бірлесіп Жетісу облысының экожүйесін жақсарту бойынша жеке жол картасын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, өңіріміздегі экологиялық проблемаларға да тоқталды. "Жетісу облысында 9 айдың қорытындысы бойынша қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 5,6 пайыз болды, бұл өте төмен көрсеткіш. Орташа республикалық деңгей 24 пайызды құрайды. Биыл өңірде космомониторингпен 142 полигон анықталды. Оның 63 пайызы жойылды", – дей келе, бірқатар қала мен аудан әкімдері полигондарды жоймағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.

Жиында Балқаш көлінің таяздау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Балқаш көлінің оңтайлы деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341 м. белгіге тең. Соңғы 10 жылдағы деректер көл деңгейі бұл белгіден төмен түспегенін көрсетеді. Көлдің тұрақты деңгейде сақталуына Іле өзенінің жыл сайынғы ағыны, су көлемі кемінде 12 текше шақырым болғанда ғана кепілдік береді. Министрдің айтуынша, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында Балқаш көліне жылына кемінде 12 текше шақырым су ағызу үшін оған құятын өзендердің табанын тереңдету жобасы қолға алынып, 12 су нысанында тазарту жұмыстары жүргізіліп, Балқаш көлі бассейніндегі 12 канал жөнделеді.

Кездесуде Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру туралы хабарланды. Бұл 2,5 мың халқы бар 4 елді мекенді су басу қаупін болдырмауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, 5,2 мың гектар жаңа суармалы жерлерді пайдалануға беру үшін ирригациялық инфрақұрылым салу басталды.

Балық шаруашылығын дамыту бойынша 2030 жылға дейінгі саланы дамытудың бағдарламасы бекітілгені туралы айтылды. Осы жылдың 6 айында облыста 200 тонна тауарлық балық өсірілді. 2023 жылдың соңына дейін қуаттылығы 400 тонна болатын 10 көлде тауарлы балық өсіру шаруашылығын құру жоспарлануда. Сондай-ақ, экологиялық туризм мен орман шаруашылығын дамыту перспективалары айтылды.

Соңында Серікқали Аманғалиұлы Жетісу облысы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Іс-шара аяқталғаннан кейін министр азаматтарды жеке қабылдады. 

Айдар ҚАЛИЕВ

Жетісу облысы