«Алтын адам» Париждегі Лувр музейінде көрмеге қойылады

Уақыты: 30.07.2023
Оқылды: 905
Бөлім: КҮНДЕРЕК

2026 жылға жоспарлаған Луврдағы қазақ өнерінің көрмесі аясында «Алтын адам» тарихи жәдігері келушілердің назарына ұсынылмақ.

«Алтын адам» – Қазақстанның ең құнды жәдігері, елдігіміздің символы. Бұған дейін аталған жәдігерді халықаралық деңгейде ұлттық брендке айналдыру мақсатында «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық жобасы әлемнің 12 мемлекетінде жүзеге асты. 2026 жылы Франциядағы Лувр музейінде Қазақстанның ұлттық көрмесін ұйымдастыру аясында «Алтын адам» мен музейдегі тарихи құндылығы бар заттар жәдігерлерді іріктеу комиссиясына ұсынылады», - делінген ҚазАқпарат тілшісінің сауалына Ұлттық музейдің жауабында.

Еске сала кетейік, биыл ақпанда Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Луврда қазақ өнернің көрмесі өтетіні туралы айтқан еді.

«Қос мемлекет басшыларының кездесуінде 2025-2026 жылдары Францияда қазақ мәдениетінің күндерін өткізу туралы шешім қабылданды. Бүгін біз Луврда қазақ өнерінің көрмесін, сондай-ақ артистеріміз бен шығармашылық ұжымдарымыздың қатысуымен Парижде ауқымды концерт өткізу мүмкіндігін талқыладық. Бұл мәдениет қайраткерлері үшін құнды тәжірибе болады деп санаймын», - деген еді министр.

Материал: inform.kz-тен алынды

Фото: ашық дереккөзден