Қазақстан ауылдарды дамыту үшін Ауғанстанмен байланысты арттырады

Уақыты: 01.08.2023
Оқылды: 532
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бұндай мәлімдемені Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш айтқан. Себебі, Қазақстанда шығарылатын ұнның 70 пайызын Ауғанстан сатып алады.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы  Stan.kz ақпарат агенттігі дерегіне сүйеніп хабарлайды. 

Сыртқы істер министрінің орынбасары айтуы бойынша Ауғанстан бүгінде Қазақстанның экономикалық сенімді серіктесі болып отыр.

“Ауғанстан Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттаушы елдің бірі. Бүгінгі таңда Қазақстан экспорттайтын ұнның 70 пайызға жуығын Ауғанстан сатып алады. Соның нәтижесінде өткен жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 988 миллион долларға жетті. Біз бұл көрсеткішті сақтап қана қоймай, оны арттыруды көздеп отырмыз”, - деді Қанат Тумыш.

Тумыштың айтуынша, ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасының маңызды құрамдас бөлігі болып отыр. Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан олардың мүддесін ескеріп, ауылда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруға қолайлы жағдай жасап, жан-жақты қолдау көрсету керек. 

“Осы орайда алдағы форумның тек екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға бағытталғанын тағы да атап өтемін”, – деді вице-министр.

Фото: Telegram @PressMFAKZ