Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың Наурыз мерекесімен құттықтауы

Уақыты: 22.03.2024
Оқылды: 369
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының құрметті тұрғындары!

Жыл басы әз Наурыз мейрамымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!  

Мыңжылдықтар қойнауынан бастау алған мәні зор бұл жалпыхалықтық мереке жаңа тұжырымдамаға сәйкес биыл елімізде алғаш рет Наурызнама онкүндігі ретінде кеңінен аталып өтілуде. Әр күнге жеке атау беріп, дара мағына үстеу Наурыз мейрамының бар игілігін, сан қырын жарқыратып ашып, мазмұнын байыта түскен толайым бастама болды.

Қазақ халқының ғасырлар бойғы жинақталған мәдени-рухани мұраларын айшықтайтын әз Наурыз ұлттық құндылықтарды ұлықтап, халықтың ілкі танымын жаңғыртады, жұртшылықты бір шаңырақ астына біріктіріп, елдік мақсат-мүдделерді бір арнаға тоғыстырады. Бізді табиғатпен үйлесімде болуға, адал еңбекке талпынуға, қайырымдылық жасап, қамқорлық танытуға үндейді. Осы қасиеттердің бәрі, әсіресе қазіргідей жаңа қоғам құру жолындағы ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар кезеңінде ерекше өзекті болып отыр.

Осы орайда Жетісу өңірінің көркейіп-гүлденуіне қажыр-қайратымен, еселі еңбегімен, береке-бірлігімен атсалысқан барша қауымға шын жүректен ризашылығымды білдіремін.

Құрметті жерлестер, сіздерге мықты денсаулық, ашық аспан, еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға қуаныш, береке, молшылық тілеймін. Әр шаңыраққа бақ қонып, құт дарысын.

Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!