Сәби көңілді наурыз

Уақыты: 22.03.2024
Оқылды: 442
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Наурыз күллі тіршіліктің оянатын, жасарып, жаңаратын шағы. Мерекелі айдың ырысы мен ынтымағын, берекесі мен бірлігін қарға тамырлы қазақ қара шаңырағына қашанда ұялатып алып қалғысы келеді. Сол құттың ұрпағы мен түп-тұқиянына дейін дарығанын қалайды. Атасының тілегі мен бабасының батасын Жаратқан жарылқап, Жетісуда дүниеге келген сәбилердің бірінші көктемі жөнінде аз-кем ой өрбітпекпіз.

Қытымыр қыстың шыңылтыр аязында, қалың қардың алты ай құрсауында жатқан жұмыр жер қар суынан нәр алып барып бүрленсе, адам ұрпағымен көгеріп, көктейді. Сол бала-шағасының бір қауым ел болып, кеңге құлаш жайып, жайқала-жайнағанын арман етеді. Жетісу өңірінің тұрғындары бала туу жағынан жақсы көрсеткіш көрсетумен ел демографиясының өсуіне айтарлықтай үлес қосуда. 2023 жылғы есеп бойынша облыста  12 958 бала дүние есігін ашқан. Оның 66-сы егіз екен.

Бала адамның көзқуанышы, тіршілігінің жалғасы деп көнекөздер бекер айтпаса керек. Жаратқанның жердегі орынбасарының көбейгені, оның ізгілікті билік құрғаны өмірдің маңызын арттыратыны сөзсіз. Атам қазақ «әр бала өзінің ризық-несібесімен келетінін» айтады. Олай болғанда әр нәресте әрбір үйдің байлығы десек қателеспегеніміз.

Биыл баласын өмірге әкелгендердің қатарында Аймарал Дәулетбек те бар. Екінші қызының есімін Үммі-Гүлсім қойған жас ана босануына жәрдемдескен Талдықорған қаласы облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне айрықша алғыс айтады.

– Ақ халаттыларға айтар алғысым шексіз. Сол кісілердің жәрдемімен бұл күні екінші қызымды босанып отырмын. Білем, дәрігерлердің жұмысы оңай емес, әрдайым жаңа өмірге келуші сәбилер үшін жан бере қызмет көрсетеді. Ол кісілерге тілейтінім тек жақсылық, бейнетінің зейнетін көруге жазса екен деймін, – дейді ол.

Былтырғы наурыз айынан биылғы наурызға дейін Жетісу өңірінде 11 881 бала дүние есігін ашқан. Олардың  78-і егіз болса, үш үйде үшемдер дүниеге келген.

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: alataunews.kz