«Тілсіз» ою һәм жабылған шапан немесе төл киім қашан төрге озады?

Уақыты: 22.03.2024
Оқылды: 457
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазіргі қисық пайым қалыптасқан. Қисықтығы сол, қанша ұрпақтың санасын улап келеміз. Нені меңзеп, не тұспалға ой жортып жатқанымызды ұқпай отырмысыз? Төте сұрақ қоялық, «ұлттық киім» дегенде не түседі ойыңызға? Баттастыра оюмен әспеттелген, өн бойына таңба біткенді топырлатқан не шапан, не бөрік елестейді көз алдыңызға. Шұлыққа қошқар мүйіз орналастырса «ұлттық киім» болып шыға келеді. Алайда бұл ою аяқкиімге бедерленбесін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бастысы ұлттық символика болса жетіп жатыр. Тағы бір жайт, «ұлттық киім» атауында да үлкен қисықтық барын аңғарсақ нетті?!

Тәмсіл түбі бір тәлім

«Ертеде бір әділ хан болыпты» деп басталатын Ою хан мен Жою хан туралы ертегі есіңізде ме? Білмесеңіз айтайық. Әділдікті ту еткен билеуші тұсында ел ою-өрнекті тұрмысына арқау етіпті. Билеушіні жұрт Ою хан атапты. Сол елді дұшпан жаулап, ханды зынданға тастайды. Жау патшасы таққа отырып, хандықты басқаша басқаруды көздейді. Ескі оюларды жойып, жаңасын жасамақ болады, онысынан түк өнбейді. Содан елдегі шеберлерді қуғындап тынады. Мұнысына қарап халық оны Жою хан атапты. Бірде ханның баласы аңға шығып, аң біткенді қырғынға ұшыратады. Мұны аңғарған үкі аңшының қос көзін шұқып алып, соқыр ханзада жар жағалап жүріп шыңырауға құлап өледі. Хан баласының тірі екеніне сенген Жою хан кімде-кім ханзаданы өлді деген хабар әкелсе басын алатынын жеткізеді. Мұны естіген зындандағы Ою хан мұрсат беруін сұраған екен. Тұтқын бостандықта аң біткенмен тілдесіп, болған жайды естиді. Нәтижесінде сырмақ сырып, оюлы киізді ханға жеткізеді. Сыйдан сыр ұққан соң Ою ханның басын алатынын айтқанда, Жою ханға баласының қаралы хабарын өзі жеткізгенін ескертіпті. Бұл уәжге тосылған хан іш-құсалыққа түсіп, артынша көз жұмыпты. Осыдан кейін тұтқын қайта хан болған екен.

Жалпы, ел ішінде оюларға қатысты аңыз жеткілікті. Хан Абылайға бірде елдің байшыкеші алтын жіппен, оюмен көмкерілген шапан тарту етіпті. Шапанды қолына алып, ұзақ қараған соң, уәзірлеріне сыйды иесіне қайырып беруді бұйырады. Таңданған қосшылар басшының бұл тірлігіне жауап сұрайды ғой. Абылай «шапанда маған өлім тілепті» деп қысқа қайырған екен.

Қос әңгімеден нені түйсіну керек? Қазақ оюлары эстетикалық тұрғыда сәндік үшін ғана емес, астарына мән жасырып бедерленетін. Құдды қылмыс әлемінің серкелерінің бойындағы татуировка іспетті. Оюлар иесінің кім және қандай тұлға екенін әспеттейтін. Оның үстіне баба жұрт киім атаулының бойына кез келген оюды жапсыра салмаған. Әр оюдың өз қызметі болған. Мәселен, түйетабанды баскиімге, не кеудеге киетін киімге орналастырмайды. Бас қадірін білетін ұлт түйенің табанына ұқсас дүниені маңдайына не кеудесіне жапсырып жүрмейді ғой. Оның үстіне түйетабан оюы алыс сапарды айғақтайтын жайы да бар. Сол сықылды кей ою көз тию, сөз тиюлерге қарсы нышан ретінде де қолданылған. Ал, қазіргі оюлар «тілсіз» қалып барады.

Шапан – жабу емес, киім!

Наурыз мерекесі қарсаңында жұрт жаппай «ұлттық киім» іздеп кетті. Оған себеп, қазақы жаңа жылдың ұлттық сипат алуы. Құп делік. Бірақ нені аңғардыңыз? Біз камзол мен бөрікті, мәсі мен сәукелені тек мерекеде, оның ішінде Ұлыстың ұлы күнінде іздейміз. Шапанның жайы бөлек. Ол қазіргі қоғамда екі жағдайда сұранысқа ие. Бірі – қазақы жаңа жылда, екіншісі бәзбіреуге құрмет көрсетер сәтте. «Құрмет көрсетіп, шапан жапты» деген әңгіме осыдан шықса керек. Қалған уақытта оның орны сандық түбінде.

Айтпақшы, «ұлттық киім» танымынан арылатын күн әлдеқашан туды. Қазақ өзі жойылып не азайып бара жатқан ұлт емес. Әрі дәстүрімізді келер заманға аманаттап өткізуіміз керек қой. Оның үстіне жаңа дәуірдің қазағы бабасы тұтынған шапан мен бөрікті мұражайдағы экспонат күйінде қабылдап алмауы тиіс. Оның үстіне «ұлттық» сөзі қолданыс аясын тарылта түсетіндей.

Базар барған кісі қазақы киімдердің бағасы мен өнімді шығарушыны білгенде таңданысын жасырмайды. Себебі, қазіргі оюды баттастырған шапан мен камзолды, бөрік пен сәукелені қоңсы жатқан айырқалпақты ағайын тіккен. Бағасы да көңілге қонымды. Шапан 10-15 мың теңгенің көлемінде. Қазақ «ұлттық киімін» тіге алмайтын ұлт па? деген кеудеде күдік сарнайды. Рас өзімізде де шапанды, камзолды тігетін шеберханалар бар. Алайда, бағасы төбе шашты тік тұрғызады. 50 мың теңгеден әрі 1 млн. теңгеден бері. Мұндай ақша жұмсағанша қырғыздың қазаққа арнайы жасаған арзан шапанын ала салғанды абзалырақ көреді талайлар. Сондықтан отандық тігіншілер көбіне-көп құрметті кісілерге жабатын шапан тігетін әдеті. Оның үстіне миллиондар жұмсалған шапанды жиі жабу ететіндер оны күнделікті қолданып та жүрген жоқ. Сонымен қатар біз шапанның құрметін жылқыға жабатын жабудың деңгейіне түсіріп тастағандаймыз. Аты айтып тұрғандай – шапан жабу. Негізі шапан кигізу еді!

Қазақы киім де жаһандануы тиіс

Қазір электронды жайнамаз және балаларға арналған «электронды киіз үй» жаппай сатылымға шыққан еді. Дейтұрғанмен, біз әбден «ұлттық» сипат беріп тастаған қазақы киімдерді заман талабына сай етуіміз аса қажет. Яғни, оның қолданыс аясын кеңейтуіміз керек. Биылдан бастап 18 наурыз – «Ұлттық киім» күні деп белгіленді. Мемлекет басшысы да жуырда өткен құрылтайда қазақы киім киюді дағдыға айналдыру керегін екшеп айтты. Енді қайтпек керек?

Біріншіден, қазақтың төл киімінің қолданыс аясын кеңейтудің жолы мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Білім саласында мектеп формасы деген ұғым бар. Сол форманы қазақыландыру қажет. Мәселен, барлық мектептің оқушы камзол мен зерлі кеудеше киіп жүрсе құп болар еді.

Екіншіден, қазір құқық қорғау органдары, төтенше жағдай қызметі, дәрігерлер өздеріне негізделген үлгідегі киімді киеді. Әрине, олардың да киімін қазақыласақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Үшіншіден, мемлекеттік қызметші – қоғамның айнасы дегенді жиі айтамыз. Еліміздің халық қызметшілері костюм мен шалбар киюді құп көреді. Бір мысал, 2016 жылы Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесі ақ қалпағын ұлықтайтын заң бекітті. 2019 жылдың 5 наурызынан бастап «Ақ қалпақ» күнін атап өтеді. 2011 жылдан бейресми тойланып келген мереке заңдық тұғырына орнықты. Енді «Ұлттық баскиім Ақ қалпақ мәдениет символы мәртебесін беру туралы» заңға сәйкес баскиімді қорлағандарға Заңбұзушылық туралы кодекстің 65-бабына сәйкес І дәрежелі айыппұл салынады. Баскиімге құрмет дегеніміз осы. Қазақстанның да қазақы киімді осылай ұлықтауын билік қолға алуы тиіс.

Тілші түйіні. Ғылым мен технологиядан әлемнің аузын айға қарататын жапондар аптасына бір күн кимоносын киіп, храмына баруды әдетке айналдырған. Ал, бүгінгінің қазағы шапанын тек Наурыз мерекесінде ғана иығына әдет қылған. Яғни, жылына бір мәрте. Жаман жапон дәстүрін ұлықтауда қазақты мың орап тұр. Шапан шаң басып, бөрік тозаңданып сандық түбінде жатпағаны абзал. Қазақты әлем бірінші қазақы киімімен тануы тиіс. Өйткені, қазақы киім – ұлттың бет-бейнесі. Ал, ХХІІ ғасырға бет-бейнесіз ұлт кейпінде бармауымыз керек.

Дастанбек САДЫҚ
Фото: instagram.com