КӨКПАР ТАРТЫП, ЖАМБЫ АТЫП...

Уақыты: 21.03.2024
Оқылды: 391
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған атшабарында Наурыз мерекесіне орай ұлттық ат спорты ойындары өтіп, Ұлы Даланың ұлық мұралары ұлықталды. Көкпаршылар көк серке тартып, құралайды көзге атқан мергендер жамбы атып, «теңге ілу», «аударыспақ» ойыны  көрерменге ұмытылмас думан сыйлады. Жарысқа 150-ге жуық спортшы қатысты.

Тұлпарлар тұяғының дүбірі делебесін қоздыратын қазақ пен сәйгүлікті бөліп қарауға болмайды. Оның үстіне, «Қазақ – жылқы мінезді халық» деген сөздің өзі де ұлтымыздың болмысынан сыр шертіп тұр. Бүгінгі ауа райының қолайсыздығына қарамастан дүбірлі доданы тамашалауға келген көрермендердің қарасы көп болды. 

Шара барысында сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл  жұртты әз Наурыз мерекесімен құттықтап, шабандоздарға табыс тіледі.

Одан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ақ батасын берді. 
Дүбірлі дода «Қыз қуудан» бастау алды. Көрермендер шабандоздарды ерекше қошеметпен қарсы алды. Әсіресе ат құлағында ойнаған қыздар жиылған жұртшылықты тәнті етті.

Осыдан кейін құлжаның сақасындай кесек бітімді жігіттер көк серкені тақымға басып, көкпар тартып, ойын көрігін қыздырды. Көкпарда Ескелді,  Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов аудандарынан келген спортшылар бақ сынасты. Кескілескен додада осалы жоқ. Барлығы да белсенділік танытып, төл өнерімізді төрге оздырды. Пай-пай, шіркін, ұлттық өнерді ұлықтаған сайын даланың жігіттері көкпар десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылыққа керемет әсер сыйлады. Бұл сында ақтық сынға Панфилов пен Кербұлақ ауданының командалары шықты. Білекті жігіттердің айқасын тек көзбен көру керек. Алаңды шаңға бөктіріп, нағыз доданың қандай болатынын көрсетті. 

Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды Панфилов ауданы еншілеп 500 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды. 2-орынды қанжығасына байлаған Кербұлақ ауданының командасы 300 мың, 3-орынды еншілеген Ескелді ауданының командасы 200 мың теңгенің сертификатын алды. 

Жамбы атуда да құралайды көзге атқан мергендер бар екен. Бес қаруын сайланып, садағын мойнына асқан мергендер нысананы дәл көздеді. Сайыста Ескелді, Панфилов, Кербұлақ Көксу аудандарынан келген спортшылар кім мықтыны анықтады. Қазақ әдісі бойынша жамбы атуда Панфилов ауданынан келген Гүлдана Алыбаева топ жарды. Талдықорғандық Архат Сыдықов тұғырдың екінші сатысынан көрінді. Көксулық Досымжан Қайыпбай қола жүлдегер атанды. Корей әдісінен Панфилов ауданынан келген Олжас Сағынбек жеңімпаз атанса, кербұлақтық Саян Қыстаубаев күміс, ескелділік Самат Орынбасаров қола жүлдені қанжығалады. 

Теңге ілуде де ептілеріміз жетерлік екен. Сайдың тасындай іріктелген жігіттер сынға түсіп, үздіктерді анықтады. Аударыспақ та өз кезегінде қызықты өтті. Білекті балуандар ат үстінде ойқастап, қарсыластарын атынан аударып тастады. Жігіттің алымдылығын анықтайтын белдесуде күштілігімен көзге түскендер көп. Әйтсе де 10 салмақ бойынша сынға түскен жігіттердің арасынан мықтылар озып шықты.

Осылайша, Наурыз мейрамын облыс тұрғындары асып та, тасып та тойлады. Атшабардан көрермендер облыс мәртебесін еселеп, мерейін өсірер осындай дүбірлі думандар көбейе берсін деген тілекпен, көтеріңкі көңіл-күймен қайтты. 

Айдар ҚАЛИЕВ
Суреттерді түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ