Тауық етіндегі қауіп

Уақыты: 27.04.2024
Оқылды: 312
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазір дүкен сөрелері мен базарлардан небір тауық етін кездестіреміз. Сөйтіп, оларды таңдап жүріп сатып алуға болады.

Сол себепті ол ең қолжетімді тауар түрлерінің біріне айналды. Сонымен бірге бағасының қолжетімділігімен де ерекшеленеді. Бірақ, олар таза жеммен қоректенген құс па, әлде дәрі егу арқылы өсірілген шөже ме немесе дәрі-дәрмек қосылған жем арқылы бағылған тауық па? Шыны керек, ол жағын ойлап бас қатырмаймыз . Тек, сатып алып, тезірек дәмді тағам әзірлеп жеуге асығамыз. 

«Халық дауысы» студиясына сұхбат берген Қазақстанның органикалық өнім өндірушілер одағының директоры Арсен Керімбековтың айтқандарынан түсінгенімді сіздермен бөлісуді жөн көрдім. Оның айтуынша, Қазақстанда өнеркәсіптік ауқымда таза тауық етін ешкім өндірмейді. Өйткені, ол қымбатқа түседі. Сондықтан, құс бағу кезінде олардың жеміне ең арзан антибиотик түрлері қосылып беріледі. Сөйтіп, 40 күн бордақыланып, содан соң сатылымға шығарылады. Яғни, біз тұтынып жүрген қазіргі тауық етінде түрлі қоспа бар. 

Сол себепті спикер оның адам денсаулығына қауіпті екенін айтады. Ал одан сақтанудың жолдары қандай және не істеу керек?

Осыған байланысты ол құс етін тұтыну кезінде денсаулыққа зиян келмес үшін тауықтың қандай бөліктерін таңдау керектігі жөнінде кеңес берді. Артық болмайтын шығар, біле жүрейік!

Арсен Керімбековтың сөзінше, құс етін мүмкіндігінше қайнатпауға тырысу керек. Өйткені, етке сіңген дәрі-дәрмек сорпаға шығады. Сүйектерін де жемеген жөн. Ағзаның негізгі сүзгісі саналатын және зиянды заттар көп жиналатын бауырын да қолданбаған дұрыс. Терісі мен қол-аяғын да тұтынбау керек. Ең зиянсыз ет – кеудесі. Әрине, ол дәмсіз, бірақ, оны тұтыну қауіпті емес деген кеңес берілді. 

Ескерту: материал интернет парақшаларынан дайындалды.

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: sagrada.biz