ТҮБІ БІР ТҮЛЕЙТІН АУЫЛ

Уақыты: 27.04.2024
Оқылды: 311
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Автобуста екі апа өткен күндері мен өскен ауылдары жайлы айтып, шер тарқатып отыр. Жанында отырған соң құлақ құрғыр естиді екен. Балдай тәтті балалық шақтары, қызғалдақ терген қыз күндері, келін боп ақ босаға аттаған сәттері, қызығы мен қиындығы толық баяндалды. Бірақ 90-шы жылдары туған ауылдарын тастап, қала жағалап кеткен жерге келгенде екеуі де шалғайымен көз жастарын сүртіп, үнсіз қалды. Тағатым таусылып, әңгімеге еріксіз араластым.
– Ол ауылда адам қалды ма? – деп сұрадым. Манадан үнсіз отырған екі апам қайта ширай бастады:
– Иә, жалғыз кемпір қалды. Отыз жылдан бері сол ауылды 
күзетіп жүр. 
«Туған топырағымды тоздырмаймын, күйреген ауылдың түлегенін көріп өлсем  арманым жоқ» деген жансебіл үмітпен отыз жылын шалғай ауылда жалғыз өткізген апаға деген қызығушылық оянды. Сонымен байырғы тұрғындары тастап кеткен ауылдың күйреген тіршілігін оңалту үшін сан түрлі жоспарын ұсынып, ауыл, аудан әкімдерінің миын әбден ашытып біткен,  жұрт айтқандай, «Қытымыр кемпірмен» жолығуға деген аңсарымыз ауып, жолға шықтық.

«Индийский» болып барамыз»...

Халқымыз «Жуасты жүндей берсең жуан шығады. Қорқақты қуа берсең батыр болады» деген нақыл сөзді тегін айтпаса керек. Жүзбе-жүз кездескенше Жұмақыз апамыздың кейіп-кеспірін елестетіп, Теректі ауылына жетіп едік.  Бізді самайын ақ шалған, бетін өткен жылдардың әжімі өрнектеген, сұңғақ бойы сәл еңкіш тартқанымен жастық шағындағы әдемілігін жоғалта қоймаған қазақтың қарапайым кемпірі жылы шыраймен қарсы алды. Біз барғанда апамыз жеті шелпегін пісіріп, дастарқанын жайып, дайындап отыр екен.

– Журналистер келеді дегелі кешеден бері телефонда маза жоқ. Мені көрсе де көрмеске салып, теріс бұрылып кететіндер «Апалап» жанымды қоймады. Қанша шақырсаң сонша сылтау айтып жоламайтындар келіп амандасып кетті. «Журналистерді неге шақырып жүрсіз?» деп өкпелегендері де кездесті, – деп күлді апамыз.

– Бізді сіз шақырған жоқсыз,– өз аяғымызбен келдік қой, – деп ақталдық. 

– Журналисті теледидардан көріп, аты-жөнін газеттен оқушы едік. Көзімізбен көреді екенбіз ғой, – деп әзілдеп қояды. 

Жортып жүріп жоқ іздейтін журналистердің аңдығаны жамандық емес, жақсылықтың да жаршысы екенімізді түсіндіріп әлекпіз. Бірақ Жұмақыз апамен әңгімеміз тез жарасып кетті.

Апамыз бұл ауылда 1968 жылы келін болып түскеннен бері тұрады. Ол кезде «Киров» ұжымшарының бөлімшесі еді. Бөлімше деген аты болмаса іргесі бекіген, тіршілігі тынысты, шаруашылығы өркендеген, жері құнарлы, айнала жайнап, тұрғындардың көңілі жарасып тұратын. Сол жылдары  860 тұрғын, 168 оқушы болыпты. 2 дүкен, клуб, көпшілік монша, пошта, әкімшілік ғимараты жұмыс істеп тұрды. 

Апамыз алғашында ұжымшар клубының меңгерушісі болып, сол жұмысты 15 жыл атқарыпты.

– Клубта көбінше «Индийский»  фильм көрсетілетін. Қазір өзіміз «индийский» болып барамыз, – деп күлдіріп қойды арасында.

Расында, дәл солай. Ақтөбе ауылынан Теректіге апаратын қиыр-қиыр жолдарды артқа тастап, өзен жағалап келе жатқанда алдыңнан қалың ағаш қымтаған ауыл жарқ ете қалғанда көзің жайнап кетеді. Айналасын көкорай шалғынды  жоталар қымтап, бір жағы сарқырап аққан өзенмен иықтасып жатқан ауылдың кезінде жұрт қызығатындай жер болғаны көрініп тұр. Түзу-түзу көшелеріне қарап-ақ бұрынғы тіршілігінің табысты болғаны білінеді. Бірақ бітісіп өсіп кеткен қалың ағаштың арасындағы құлаған қорған, опырылған кереге, шаңырағы ортасына түскен үйлерді көріп, бүгінгі халін бағамдайсың (1-сурет). Көшенің екі жағындағы қатар-қатар үйлерден Жұмақыз апаның үйінен басқа қаңқасы бүтін бірде-бірін көре алмай қиналдық. Жол бойы көлікті жүрісінен жаңылдырған қырғауыл мен өзен иірімдерінде асыр салған ақ шабақтар алға жетелейді. Осындайда «Жұмақыз апаның күйреген ауылда 30 жыл бойы жалғыз тұруына қандай күш жетеледі?» деген сұрақ мазалай берді.

«Ағашты кеспесін, қырғауылды атпасын»

Ауылдық округтің ақпараты бойынша, Теректіде 20 үйдің тұрғыны тіркелген. Тіркелді деген аты болмаса, тұрақты тұратыны осы Жұмақыз апа ғана. Қалғаны қыстыгүні аудан, облыс орталығындағы жылы баспанасына кетеді де көктем шыға оралады. Олардың дені қырғауыл атып, демалып қайтуға ғана келеді. Оның сыртында күз бастала ауылдың ағашын кесіп, ақша тапқысы келетіндер мен жазда қырғауыл атып, қызыққа батқысы келетіндер құмар-ақ. Ал Жұман апа: «Ауылдың бір тал ағашы қиылмасын, бір қырғауылы атылмасын» деп жанұшырып жүрген жалғыз жан. 

Ауылды қызғыштай қорғап жүргенімен басқалар жағынан неше түрлі қысымға, қоқан-лоққыға жиі ұшырап тұратыны бар.

– Қарағашқа байлап, бензин құйып өртеп жібереміз. Қырғауылдың орнына сені атамыз, – дегендер де болыпты.  Телефон арқылы да неше түрлі сұмдық жоспарларын айтып, үркітіп-қорқытатындар да көп екен. Бірақ Жұмақыз апа:

– Өртесе де, шапса да осы ауылдың бір тал шырпысын кестіріп, бір бас қырғауылын атқыза алмаймын, – деп бекініп алыпты.

Ауылдың осындай халге жетуіне әлдекімдерді кінәлауға келмейді. Бірақ ауылды бұрынғы деңгейіне қайта көтеру үшін істелуге тиісті кейбір жоспардың дер кезінде қолдау таппағаны ғана өкіндіреді. Кеңес одағы ыдырағанша бұл ауылдың тұрғындарының дені өзге ұлт өкілдері болған. Олардың ата-бабалары отаршылдықпен бірге өзге елден қазақтың шұрайлы мекеніне қоныс тепкендер. Ал тәуелсіздік алып, елдің келешегі қазақтардың қолына өткенде байырғы мекендеріне көшіп кетуі  заңды дүние. Иесі кетіп, қараусыз қалған үйлер жылдар өте мүжіліп, құлап, қирап қалды. Алайда халыққа қызмет көрсететін нысандарды қорғап қалуға болатын еді. Бірақ дер кезінде қорғау шаралары дұрыс қолға алынбағандықтан шаңырағын шайқалтып, қабырғасын қаусатып алдық.

Жұмақыз апа ертіп жүріп, сондай нысандарды аралатып, көрсетті. Кезінде күні-түні тынымсыз жұмыс істеп тұрған пошта, аурухана, клуб, монша, балабақша орналасқан ғимараттардың тағаны ғана қалған. Ауласын шөп пен ағаш басып, сұрықсыз көрінеді. Сақталып қалғаны мектеп пен мал бордақылау орнының ғимараты ғана (2-сурет). Сақталып қалды дегені болмаса, төрт қабырғасынан басқа түгі жоқ. Жұмақыз апа осы мектепті сақтап қалу үшін табаны тозып талай мекеменің табалдырығын тоздырыпты.

– Ауылда оқитын бала қалмағандықтан мектеп жұмысын тоқтатты. Алайда 2000 жылдардың басында шетелден қандастар көшіп келе бастады. Біздің ауылға да 20-дан астам отбасы көшіп келіп, қоныстанды. Оларды тұрақтатып қалу үшін мектепті қайта ашуға тура келді. Сонымен арызымды арқалап ауданға, облысқа бардым. Сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовпен ғана жолыға алмадым. Басқа жауапты мекеме басшылары мен саяси партия өкілдерімен кездесіп, ойымды жеткізіп, 2009 жылы мектеп қайта ашылды. Мұғалім, күзетші, шаруашылыққа жауапты адамдар болып, 11 штат бекітіліп, өз жұмысын бастады. Арада 3 жыл өткенде ағайындардың арасынан жік шығып, қандастар ауылдан көшіп кетті де мектеп мүлдем жабылды. Сонымен ғимараттың есік-терезесі, темір-терсегі, шатыры тоналып, бүгінгідей аңғал-саңғал хәлге жетті. Өткен жылы біреулер келіп, мектеп ғимаратын мал бордақылайтын орынға (3-сурет) айналдырмақ болды. Оған қарсы болдым. Түбі ауылдастар оралып, мектеп өзінің жаңа міндетін бастайтынына сенемін, – дейді апамыз.

ТУҒАН ТОПЫРАҚ

«Орнында бар оңалар» деген нақылға сенсек, ауылдың алдағы күндері көптің қолы жетпейтін мекенге айналары анық. Өйткені, күйреген ауылдың маңы тұнып тұрған тарих. Кезінде бұл ауыл Бесдөң деп аталған екен. Ауылдың іргесінде 5 үлкен сақ қорғаны болған. Бүгінде оның үшеуі толық сақталса, біреуі тегістеліп, егіске айналып кеткен, енді бірінің орнына  мал азығын сақтайтын қойма салмақ болып жартылай бүлдіріп тастапты.

– Қорғанды қазған кезде  ішінен бөренелер, білтелі мылтық, күміс ақша, күмістелген әшекей бұйымдар шықты. «Мәскеуге әкетті» деп естідік. Бірақ қайда әкеткенін ешкім білмейді. Солай жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Ауылдастар кейінге дейін қыш құмыралар, күмістелген әшекей бұйымдар тауып алып жүрді. Сөйтіп екі қорған бүлініп, бүгінге осы үш қорған ғана қалды, – дейді бізбен жолшыбай тілдескен Қайрат Кәмалұлы. 

Мұнан басқа да толып жатқан тарихи оқиғалар бұл жердің қастерлі мекен екенін айғақтайды. Қазақтың әйгілі тарихшысы  Мұхаметжан Тынышбаев осы өлкенің тумасы, ал Теректінің қарсы бетіндегі жотаның арғы жағы 1846 жылы Шұбар Ағаш бітімі өткен жер. Қазақстанда алғаш мектеп ашыла бастағанда   Кәмал Ыбырайұлы деген зиялы адам Құрақсай деген жерден мектеп ашып, бала оқытыпты. ТҮРКСИБ теміржолының алғашқы сызбасында теміржол Теректіні басып өтуге тиіс болып, кейін жоба өзгертілгені бар. Ұжымшар алғаш құрылғанда осы жердегі көне мешітті трактормен құлатып тастапты. Кейін тракторшы жігіттің аяқ-қолы тартылып, мүгедек болып өмірден өтіпті. 

Ауыл іргесінде жеміс-жидек өсіретін бақша болған екен. Жаз, күз айларында жемістер жиналып, қоймаланып, қыстай ауыл тұрғындарына таратылатын. Бүгінде жейтін ауыз жоқ. Күзде төгіліп, шашылып жатады. Ауылдың айналасындағы егістіктерде дәнді-майлы дақылдар жайқалып өсіп, қант қызылшасынан мол өнім алынатын. Оның бәрі көзден балбұл ұшқан.

Осындай қызу тірлік, бақытты күнді көрген Жұмақыз апаның 30 жыл бойы «ауылды қайта қалпына келтірсем» деп шырылдап жүруінің себебі осы. «Біз қолдан келгенше көмектесеміз» деп уәде еттік. Ал аудан, округ басшыларының ауылды қалпына келтіру туралы жоспар-жобасын алдағы уақытта сұрап білетін боламыз.

«Әлеуметтік көмек ала алмай жүрмін»

Бір жағына тартсаң екіншісіне жетпей жататын дүние ғой бұл. Жұмақыз апа 30 жыл ауыл деп шырылдап жүріп, жеке басының кейбір мәселесін шешуге уақыт таппағанын айтып мұңайды. Жалпы Запар ағамыз бен Жұмақыз тәтеміздің кіндігінен Назигүл, Жанна, Сайлау, Нұргүл, Рахат, Ботагөз сияқты 6 бала тарайды. Балаларын әлпештеп өсіріп, ел қатарына қосты. Бірақ өмірдің заңы ғой. Қазірде арамыздан алыстап кеткендері бар. Алты бала тәрбиелеп, өсіргені үшін жеңілдікпен ертерек зейнетке де шыққан. Өкінішке қарай, көпбалалы ана ретінде зейнетке шықаннан кейін берілетін қосымша қаражатқа қол жеткізе алмай келеді. Бір-екі мәрте зейнетақы төлеу орталықтарына сұрау салған екен. Көкейге қонымсыз жауап естіпті. Өзі баруға уақыт таппаған. 

– Ауылдың қарағашы мен қырғауылын қорғаймын деп жүріп өзімнің жеке мәселемді қарастыруға уақыт жоқ, – деп мұңайды кейуана. 

«Мұның себебін зейнетақы төлеу орталықтарынан сұрап, нақтылы жауабын айтамыз» деп уәде беріп кеттік. Ауылды күзетіп, әбігер болып жүрмеген соң бізде уақыт баршылық.

Жұмақыз апа да тау қопарып, тас уатқан адам емес. Бірақ ауылға деген шынайы махаббатымен өскелең ұрпаққа өнеге бола алады. Өйткені, кіндік қаны тамған жерін қиып тастап, көшіп кеткен және «аталарымыздың сүйегі жатқан топырақ қой» деп көз қырын салуға жарамағандармен салыстырғанда Жұмақыз апаның қартайған шағында ауылына деген жанашырлықпен шалғайда жалғыз тұрып жатқаны ерлікпен тең дүние. Кеудесіне тағар медалі, үйінің қабырғасына іліп қоятын Алғыс хаты болмаса да біз үшін нағыз еңбек адамы. Әр деңгейдегі қабылдауларға шақырылмақ түгілі «Қытымыр кемпір» атанып, топтан қағыла берсе де туған топырақтың қадіріне бас иген апамызға біз де бас иеміз. Ол кісі орындай алмаған арманын біз жалғастырамыз. 

Қажет АНДАС
Сарқан ауданы
Суреттерді түсірген Руслан ҚАДЫРОВ