Көктемгі ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар басталды

Уақыты: 27.03.2024
Оқылды: 268
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстанда 2024 жылдың көктемгі кезеңі аясында кең ауқымды ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар басталды. Бұл іс-шаралар эпизоотиялық салауаттылықты қамтамасыз ету және республика бойынша жануарлар арасында жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау мақсатында жүргізілуде.

Жануарлардың ерекше қауіпті 25 түрлі ауруы, оның ішінде бруцеллез, лейкоз, жылқының жұқпалы анемиясы және т.б. бойынша 13 635,6 миллион теңгеге 74,9 миллионнан астам диагностикалық зерттеулер жүргізу жоспарлануда.

Сонымен қатар 178,2 млн манипуляция жасау жоспарланған. Бүгінгі таңда республикалық қорда жануарлар мен құстардың 23 түрлі ауруына қарсы 77,0 млн доза вакцина бар, олар көктемгі кезеңнің алдын алу шараларын уақтылы жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдарға жолдануда.

Іс-шараларға бүкіл елдегі ветеринариялық қызметтер, соның ішінде ветеринариялық станциялар мен пункттер қатысады. Үй иелерін өз иелігіндегі жануарларды тексеруден өткізу мен вакцинациялауға шақырамыз.

Бұл бастама жануарлар арасында жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралу қаупін азайтуға бағытталған.

Қазіргі таңда бекітілген жоспарға сәйкес диагностика және екпе жұмыстары басталып кетті.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі