«JETISÝ» ЖҮЙРІКТЕРІНЕ АҚ ТІЛЕК

Уақыты: 25.04.2024
Оқылды: 208
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ай маңдайлы Алаштың алтын босағасынан жүйрік үзілмесе, төрінен тектісі түспегенін тарихтың өзі дәлелдеп берген. Бөздің жарқылынан сөздің нарқын қаттырақ қуаттайтын ұлт руханиятының көшінде екінші ғасырға ғұмыр жалғаған «Jetisý» газеті де төрінен талантын мыңдап түлеткен. Ұстаханасында ұлт деп еміренер ер мінезді жайсаңдарды шыңдаған.

Кешегі ғасырда әйгілі Әуезовтердің қолтаңбасы басылғанын, Алаш арыстарының қалам ізі қанық түскенін жыр қылып айтсақ, жаңа ғасырда да толғамға кейіпкер етер мақтаныштарымыз баршылық. 2000 жылдардың ішінде ата басылымның айшықты бетін ашып, қызметін бастап, руханият бөлімінде еселі еңбек еткен Алма Есенбаеваның әр жазған мөлдір дүниелерін Аспантау мен Алакөл арасындағы атырап елі түгел таныды. Одан бергі он жыл мұғдарында жаңа есімдер жарқ етіп, қою туындылар өрнектелді. Қуаныш Тұнғатар мен Болат Мәжиттің есім-сойы «Jetisý» газетінің авторы есебінде елге танылды. Жазылған мақала, сын, рецензия, тұлғалармен болған өткір сұхбат, әкім-қара жұмысы мен құндылық турасындағы дүниелердің бәрі оқырман олжасына айналды. 

Осынау үш автор, «Jetisý» газеті бауырында баулынған үш майталман журналист бүгін Алматы облыстық басылымының ажарын ашып, бағын еселеуге білек сыбанды. Нақтырақ айтсақ, бөлінуге келмейтін кенен тарихы бар өңірдің қос облыс болып құрылуына орай ғасырдан асқан абыз басылымның батасын алып көш-керуенін Алматы облысына бұрған, аталған облыстың жаңа үнпарағына айналған «Алатау арайы» газетінің басшылық құрамы жасақталды. Күні кеше болған тағайындау нәтижесінде сырбаз журналистеріміз Қуаныш Тұнғатар бас редактор, Алма Есенбаева бас редактордың бірінші  орынбасары болып тағайындалды. Ал Болат Мәжит бұған дейін де атқарып келген бас редактордың орынбасары лауазымында қызметін жалғастырады.

Рухани кеңістігі бір, бауырдай бөлінбес несібесі бар әріптестерімізді осынау қуанышпен құттықтаймыз. «Алатау арайы» газеті өздерің жиған мол тәжірибе, талант пен қуаттарыңның арқасында ажарлана берсін, басылым «Jetisý» газетіндей ғасырлық тұғырды еңсерсін дегіміз келеді!

Құрметпен: «Jetisý» газетінің ұжымы