"ЖАҚЫННАН КӨРЕМІЗ": ХАНТӘҢІРІ ШЫҢЫНА ҚАРАЙ ЖОЛ ТӨСЕЛУДЕ

Уақыты: 10.11.2019
Оқылды: 1094
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Райымбек ауданы жайлы сөз қозғалса, алдымен табиғаты тілге тиек болады. Аспантаудың әсемдігін алғаш көрген жандар таңданысын танытып, таңдай қағысады. Бұл мекеннің қасиетті шыңына айналған атақты Хантәңірі, мәрмәрлі қабырғасы мақтанышымызды тіпті еселей түседі.

Бүгінгі таңда сол әулиешоқыны жақыннан тамашалауға мүмкіндік беретін күрежол күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бойынша Жамбыл, Қаратоған ауылдарын кесіп өтетін жол «Байынқол» шекара бекетіне дейін тегістеледі. Жобаның жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрап отыр. 

Жұмысты жауапкершілігіне алған «ДСУ-13» АҚ жол жөндеуді жылдам әрі сапалы жүргізуде. Аудандық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары мемлекеттік мекемесінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жол жөндеу жұмысына 1,7 миллиард теңге қарастырылыпты. Сонымен бірге алпысқа жуық техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 28 шақырым жолдың басым бөлігі тегістелді.

Жоғарыда аталған жол жөндеу бригадасы бұл істі келер жылдың күз айларында толық аяқтаймыз деп сендіреді. Сондай-ақ, жол үстіндегі Жамбыл, Қаратоған ауылдарында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып, толық жарықтандырылмақ. Алдағы уақытта жаңа жол ауданның туризм саласын дамытуға зор ықпал етеді деген ойдамыз.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ

Райымбек ауданы

Алматы облысы