"ЕКІ РЕТ ӘРЕКЕТТЕНГЕН": ҰШАҚ АПАТЫНА ҚАТЫСТЫ ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

Уақыты: 27.12.2019
Оқылды: 916
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар ауданындағы әуе апатына байланысты Алматы әуежайындағы штабқа арнайы келген Үкімет басшысының орынбасары Роман СКЛЯР ақпарат өкілдеріне мәлімдеме жасады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі оқиға орнынан хабарлады.

- Алматы - Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған "Bek Air" әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшып көтерілу кезінде биіктіктен айырылып, бетон қоршауды бұзып өтіп, құрылыс нысанына соғылған. Әуе кемесі ұшу жолағына қайта қонуға екі рет әрекеттенгенмен нәтиже болмаған. Құтқару жұмыстарына мыңдаған құтқарушы мен 72 дана техника жұмылдырылды. 33 "Жедел жәрдем" бригадасы медициналық көмек көрсетуде. Соңғы мәлімет бойынша, бортта 93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған. Олардың екеуі украин, біреуі қырғыз және біреуі Қытай елінің азаматтары. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты. Олардың сегізі оқиға орнында көз жұмса, екеуі ауруханада, екеуі әуежайда жан тапсырды. Алматы қаласы мен облыс аумағындағы медицина мекемелеріне 49 жолаушы жатқызылған. Олардың 18-інің халі өте ауыр жағдайда. Өзге жолаушыларға медициналық және психологиялық көмектер көрсетілуде. Осы уақыт аралығында жедел телефон желілеріне 603 қоңырау түсті. Оқиға орнында құтқару жұмыстары жалғасуда, - деген вице-Премьер Роман Скляр апаттың орын алуына байланысты арнайы мамандар шақыртылып, апаттың орын алу себептері жан-жақты тексерілетіндігін мәлімдеді. Әзірге аталған компанияның  еліміз бойынша әуе тасымалын жасайтын 10 ұшағының рейсі уақытша тоқтатылған.

Оқиға орын алған жерге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жедел жетті. Амандық Ғаббасұлы қаза тапқандардың туыстарына қайғыра көңіл айтты. Апат орын алған жерде жұмыс істеп жатқан құтқарушыларға ауданның сала қызметкерлері мен ауыл тұрғындары таңнан бері ыстық тамақтарын тасып, қолдан келген көмектерін аямауда. Ал алматылық тұрғындар зардап шеккендерге көмек ретінде қан тапсыру орталықтарына ағылды.

Қайғылы оқиғаға байланысты 28 желтоқсан - Жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленді.

Еске сала кетсек, бүгін таңертеңгі сағат 7-ден өте Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған "Bek Air" әуе компаниясының рейсі сапарға көтерілу кезінде апатқа ұшырап, қазақстандықтардың қабырғасын сөгілткен қайғылы оқиға орын алды.

Талғар ауданының Гүлдала ауылы маңайында құлаған ұшақтың бортында ресми мәлімет бойынша 93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған. Апат орын алған сәттен бастап ұшақ құлаған аумаққа еліміздің құтқару органдарының қызметкерлері ағылды. Аумақ қоршалған. Үкіметтен арнайы комиссия құрылып, ұшақтың құлау себебін анықтау үстінде.

Қайғылы оқиғаға байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - автор

Талғар ауданы

Алматы облысы