"ҚУАНА АЛМАЙМЫЗ": ҰШАҚТА ЖАРАЛАНҒАНДАРДЫҢ АЛТАУЫ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАҒА ТҮСТІ

Уақыты: 28.12.2019
Оқылды: 1220
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ұшақ апатынан зардап шеккен алты жолаушы Алматы облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасына жеткізілді. Оларға шұғыл медициналық көмек көрсетілуде. Науқастардың бүгінгі хал-жағдайы жайында аталған мекеменің мәжіліс залында арнайы баспасөз конференциясы өтті. Онда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ және облыстық көпсалалы клиникалық аурухана директоры Жұмахан Молдақұлов журналистерге мән-жайды баяндады.

- Бізге 27 желтоқсан күні таңғы сағат 7.43-те ұшақтың апатқа ұшырағаны жайлы алғашқы дабыл түсіп, оқиға орнына "Жедел жәрдем" бригадасының алды 15 минутта, екіншісі 17 минутта жетті. Облыстан барлығы 16 "Жедел жәрдеммен" 54 медицина маманы жұмылдырылды. Талғар, Есік және Өтеген батыр, Боралдай ауруханасынан шыққан "Жедел жәрдем" бригадасының барлығы бас-аяғы 25 минуттың аралығында оқиға орнына келіп жетті. Облыстық ауруханаға апат орнынан 6 адам жеткізіліп, оларға жедел медициналық ем-шара жасалды, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ербозымұлы.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, емшекте бес айлық сәбиі бар Сәттігүл Үсен (сәбиі Алматы қалалық №1 балалар ауруханасында) мен Арман Сағымбеков көптеген жарақатпен жансақтау бөліміне орташа ауыр халде түскен. Бүгін түстен кейін жансақтау бөлімшесінен түрлі жарақат алған Сәттігүл Үсеннің күйеуі Ахболат Даваа нейрохирургия бөлімшесіне ауыстырылды.

Ал 19-20 апталық жүкті әйел Гүлім Акишева аяғынан жарақат алса, Зухра Айболатова да жеңіл жарақатпен травматология бөлімшесіне жатқызылған. Зардап шеккендермен тәжірибелі дәрігерлер мен психолог мамандар жұмыс жасауда. Жоғарыда айтқан жүкті әйелге акушерлік-гинекология, перинатология ғылыми зерттеу институтының директоры Динара Мырзахметова келіп, тексеріс жүргізген. Жағдайы орташа қалыпты. Сонымен бірге, бір жолаушының жағдайы тұрақты болғандықтан, үйіне қайтқан.

- Сол күні түс ауа ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Камалжан Надыров пен Нұр-Сұлтан қаласынан 14 профессор-дәрігер келіп, апаттан зардап шеккен науқастардың хал-жағдайымен танысып, кеңестерін берді. Жапа шеккендерге барлық медициналық іс-шараның дұрыс жүргізілуін және дәрі-дәрмектің жеткілікті болуын тапсырған болатын, - деген басқарма басшысы бұл мәселені облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы назарға алып отырғандығын айтты.

Аталған көпсалалы аурухананың директоры Жұмахан Молдақұлов ұшақ апатынан зардап шеккен адамдардың толыққанды айығып шығуына барлық жағдай қарастырылғанын айтты. Алды шамамен бір жұманың аралығында үйіне шығып қалуы мүмкін. Ал жамбас, сан сүйегі, қабырғалары сынып, жансақтау бөлімінде жатқан екі емделушіге алдағы уақытта ота жасау жоспарлануда. Ал медициналық "Жедел жәрдем" бригадалары әлі де ұшақ құлаған жерде құтқарушыларға кезекшілік жасауда.

Баспасөз конференциясы барысында ата-анасынан жырақта жатқан бес айлық баланың жансақтау бөлімінен бөлімшеге ауыстырылғаны жайлы да жағымды ақпарат алдық.

Біз апаттан аман қалғандармен тілдесіп көрдік.

- Аман-есен қалғаныма Аллаға шүкір деймін. Ұшақ қозғалғаннан кейін сәл көтерілгені әлде көтерілмегені есімде жоқ, жылдамдық үдеп, оңға-солға тербеліп кетті. Содан соң баяулағандай болды. «Тоқтайды» деп ойладым, бірақ жылдамдық көбейді. Сәл көтеріліп, ұрылғандай болды. Адамдар улап-шулап кетті. Біттік деген ой келді. Тарс етті де, қараңғылық басты. Көзімді ашсам, бет-аузымды түгел топырақ жауып қапты. Артынан білдім, үйге құлағанын. Сосын аузымдағы топырақты түкіріп, өзімді белбеуден босаттым. Сол кезде әйелімнің жылап жатқан «тез, құтқар» деген дауысы келді құлағыма. Оның да белбеуін босатып, жатқан жерінен шығардым да, қызым Асылымды іздей бастадым. «Қызым мынадан қалай тірі қалсын, өліп қалған шығар?» деп ойладым. Сөйтіп, бір-екі аттағанымда аяғымның астында жатқан күртесінен таныдым. Құшағыма алған кезде өлі денедей көрінді, анасына көрсетпей-ақ қояйын деп, айналдырып ұстадым. Сол кезде қызымның жылағанын естідім де, қуанғаннан есім ауғандай болды. Қызымды тегіс жерге жатқызып, үйінді астында қалған басқа адамдарды шығаруға кірістім, есім кіресілі-шығасылы болып жүрдім, – деген Ахболат Даваа көп ұзамай құтқарушылар келіп, ауруханаға әкеткенін айтты.

Апаттан аман қалған ол он шақты күн бұрын Нұр-Сұлтаннан кезекті еңбек демалысын Алматыда өткізу үшін келген екен. Қайтарынан бір күн бұрын жансақтау бөлімінде жатқан зайыбы Сәттігүл мен қызы Асылын алып, Шымбұлақта демалып қайтқан қуаныштарының соңы осындай қиындыққа жалғасатынын кім ойлаған?!

- Мен тірі қалғанымызға шүкір деймін, бірақ қуана алмаймын. Себебі, менімен қатар ұшаққа отырған қаншама азамат опат болғанын ойласам, жаным ауырады. Қаза тапқан жандардың отбасына көңіл айтамын, - дейді аурухана төсегінде жатқан Даваа.

Өзінің аман қалғанына қуанғанымен, не болғанын әлі түсіне алмайтындығын айтқан Маңғыстау облысының тумасы, «Pivot Point» академиясының 1-курс студенті Зухра Айболатова сессиясын аяқтап, Жаңа жылды астанадағы туыстарының жанында өткізуді ұйғарып, осы ұшаққа билет алған.

- Ұшақ қатты теңселгендей болды. Селкілдеп, дірілдеп барып, солға қисайды да соғылды. Оң және сол жағымда отырған кісілерде үн шықпай қалды. Бірінің аузынан қан кетіп жатты. Қорыққан, қорықпағанымды білмеймін. Тобығым ауырып қапты, - дейді студент Зухра Айболатқызы.

- Біз былтыр отау құрғанбыз. Жаңа жылды Нұр-Сұлтанда жақындарымызбен қарсы алуға ниеттеніп, Гүлім ұшаққа билет алып, мен поезбен шықпақ болып, келіскен едік, - деген Гүлім Акишеваның жолдасы Аян келіншегін шығарып салғаннан кейін көп ұзамай жаман хабар алғанын айтты.

Оң аяғы жарақаттанған Гүлімнің аяғы ауыр екен. Құдай сақтап, өзі де, құрсақтағы шаранасының да жағдайы қалыпты көрінеді. Алдағы жылы ата-ана атанатын жас жұбайлардың жүздерінен қуаныш лебі білініп, осы күндеріне шүкіршілік етуде.

Қазіргі таңда жапа шеккендердің жанында туыстары мен достары бар.

Еске сала кетейік, күні кеше Алматы маңына құлаған «Bek Air» әуе компаниясының №Z2100 рейсі көкке көтерілу кезінде бағытынан айырылып, екі қабатты құрылыс нысанына құлағаны жайлы суыт хабар елді есеңгіретіп тастаған еді. Дабыл қағылған сәттен бастап төтенше жағдай қызметі ұшақ құлаған жерде жедел құтқару жұмыстарына кірісті. Олардың қатарында "Жедел жәрдем" бригадасы да жедел жетіп, апатқа ұшыраған жолаушыларды ең жақын маңдағы ауруханаларға жеткізді. Апат болған ұшақтың бортында 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Олардың ішінде 12 адам қайтыс болып, ауруханаларға түскен 49 жолаушының 18-і жансақтау бөліміне жатқызылғаны жайлы Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр мәлімдеген болатын.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - автор

Алматы қаласы