"МІНДЕТ АЗ ЕМЕС": ЗАҒИПА БАЛИЕВА БАЛАЛАР ҮЙІНЕ БАРДЫ

Уақыты: 29.12.2019
Оқылды: 639
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаңа жылды қарсы алу, әсіресе, балаларға қызық. Олар мәңгілік жасыл бояуын жоғалтпайтын шыршаларға қуаныш шырақтарын жағып мәре-сәре болады. Аяз атаның сыйлығына кенеледі. Бір сәт қиял мен арманның ақ қанатына мініп, ертегілер әлемін шарлағандай күйге бөленетіні рас. Алматы қаласындағы облыстық №1 балалар үйіндегі жаңажылдық кешке қатысқанда осындай әсерге бөлендік.

Бұл жерде қамқорлықты қажет ететін балалардың әртүрлі тобы тәрбиеленеді. Жасөспірімдердің ойдағыдай оқып білім алуына, елге лайықты азамат болып қалыптасуына мемлекетіміз зор көңіл бөліп, бар жауапкершілікті мойнына алып отыр. Осындай қамқорлықтың ізгілігін мұндағы тәрбиеленушілер де жақсы сезінеді.

Жаңа жылды қарсы алу кешіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева арнайы  келді. Мәртебелі қонақты бәрі жылы шыраймен қарсы алды. Аталған балалар үйі жылды ойдағыдай қорытындылаған. Бүлдіршіндердің дені сау, көңілдері көтеріңкі, оқу үлгерімдері жақсы. Ең басты көрсеткіш те осы ғой. Халық қалаулысы балалар үйінің ұжымын Жаңа жылмен құттықтай келе, өз ойын ортаға салды.

– Еліміздің келешегі жас ұрпақ. Сондықтан сендердің мойындарыңа жүктелетін міндет аз емес. Ол үшін сабақтарыңды жақсы оқып, өнегелі болу, отансүйгіштік сезімге бөлену басты шарт. Мемлекет өз қамқорлығын жасай отырып, сендерден үлкен үміт күтеді. Рухани жаңғыруды толық жүзеге асыратын белсенді толқын деп қарайды. Жаңа жылдарың жарқын болсын! – деді Зағипа Яхияқызы.

Бұдан кейін облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңылсын Сүлейменова облыс әкімі Амандық Баталовтың ыстық сәлемін жеткізіп, балаларға жаңажылдық тарту-таралғыларды ұсынды. Балалар үйіндегі қамқоршылық кеңесінің төрайымы Бақыт Оспанова бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, оның сапалық деңгейін көтере беру туралы ұсынысын ортаға салды. Облыстық джиу-джитсу федерациясының президенті Алексей Рожков осында тәрбиеленіп жатқан балалардың қабілет-дарынына ерекше сүйсінді. Өйткені, биылдың өзінде мектептің үш оқушысы халықаралық жарысқа жолдама алып, чемпион атанған. Балалар үйінің директоры Гүлмира Құндыбаева келген қонақтарға ұжым атынан алғыс айтып, тәрбиеленушілердің қылқаламынан туған картиналарды сыйға тартты.

Аялы алақандардың маңдайдан бір сипағанының өзі жүрекке жылу ұялатады. Балалар үйіне меценат болып қамқорлық көрсетушілер қатарының молая түскені жақсылықтың белгісі. Жаңа жылдың есігін жақсы көңіл-күймен ашу – ең үлкен табыс.

Болат МӘЖИТ

Алматы