"САҒЫНЫП ЖҮРЕМІН": ОБЛЫС ӘКІМІ БАЛДЫРҒАНДАРҒА СЫЙЛЫҚ ЖАСАДЫ

Уақыты: 31.12.2019
Оқылды: 728
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Үлкендердің жылы алақаны мен құшағына бөленіп өскен әрбір бала бақытты. Облыстық «Айналайын» балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 91 жеткіншек те өзіне тілекші, жаны жомарт, жүрегі мейірімге толы жандардың ыстық ықыласына жиі кенеледі. Жыл сайын облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ та оларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтауды ұмыт қалдырмайды.

Биыл да әкелік, ағалық шынайы қамқорлығын танытып, сый-сияпатын да ала келген облыс басшысы балалар үйіндегі шырша тойына қатысып, балдырғандарды мерекемен құттықтады.

– Кішкентай жас достар! Сендерді әрдайым сағынып жүремін. Осында қуанып келемін. Өйткені, өздеріңмен жүздесу мен үшін үлкен бақыт. Ата-анамыз жоқ демеңдер. Мемлекет сендердің тіректерің, қамқоршы ата-аналарың. Үлкен азамат болып кеткенше әрдайым біздің қанатымыздың астында боласыңдар. Осыннан түлеп ұшқан соң жоғары оқу орындарында алатын білімдеріңе дейін, оған бөлінетін грантқа дейін әзірлеп қойдық. Баспанамен қамтамасыз ету де біздің мойнымызда. Тек оқып, білім алып, жақсы жолмен жүріп, болашаққа сеніммен қараңдар. Келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын! Елімізге тек жақсылық, қуаныш алып келсін! – деп, «Айналайын» балалар үйіне ноутбук, ал осында тәрбиеленіп жатқан жеткіншектерге ойыншықтар мен жаңажылдық тәттілерді сыйға тартты.

Өз кезегінде балалар үйінің тәрбиеленушілері алғыс ретінде бар өнерін ортаға салып, ән айтып, би биледі. Балдырғандарға Аяз ата мен Ақшақар көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бұл күні балалардың ортасынан табылған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов та жеткіншектердің қолынан ұстап, әндете шырша айналды. «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әншісі Жандос Смағұлов әннен шашу шашып, мереке қуанышын еселей түсті.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы