ТАЛДЫҚОРҒАН: СТУДЕНТ ҚЫЗ КОЛЛЕДЖДІҢ ҮШІНШІ ҚАБАТЫНАН ҚҰЛАП, ҚАЗА ТАПТЫ

Уақыты: 31.01.2020
Оқылды: 1360
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін таңертең Талдықорған гуманитарлық колледжінің үшінші қабатынан студент қыз құлап, ес жимастан көз жұмды.

Таңертең Талдықорған қалалық полиция басқармасына шұғыл хабарлама келіп түсті. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, 2002 жылы туған С.М.Елекен есімді азамат 31 қаңтар күні сағат 9.30-да "Жедел жәрдем" көлігімен Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізілген. Науқас есін жимастан қайтыс болған. Оның Ярославский көшесі, 6 мекенжайында орналасқан Талдықорған гуманитарлық колледжінің үшінші қабатынан құлағаны анықталды.

Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлының айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полиция басқармасының жедел тергеу тобы жұмысқа кірісті. Қайғылы оқиғаға байланысты колледж қызметкерлері мен студент қыздың жанындағы құрбылары тергелу үстінде.

"Жетісу" газетінің тілшісі адам өлімімен аяқталған оқиғаның мән-жайын білу үшін Талдықорған қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Сағыныш Кәріпжанұлымен байланысып көрді. Ол тергеу жұмысының алғашқы нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, қыздың терезеден өз еркімен секіргені бейнежазбаға түсіп қалған. Алдын ала ақпарат бойынша, студент өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін. Тергеу нәтижесіне қатысты толық ақпарат алдағы уақытта тағы жарияланады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды