КОРОНАВИРУС: КАРАНТИНГЕ ЖАБЫЛҒАН ТӨРТ САЯЖАЙДЫҢ АЙНАЛАСЫ ҚАЗЫЛДЫ

Уақыты: 13.04.2020
Оқылды: 887
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласында карантинге жабылған төрт саяжайдың айналасы арнайы техникамен қазылып, оқшауландырылды.

Есік қаласындағы "Алтын адам", "Көксай", "Алтын алма" және "Береке" саяжайлары бір-біріне жақын орналасқан. "Қазақпараттың" мәліметінше, осы елді мекендердің айналасы қазылды. Бұл - көліктер саяжайдан шығып кетпес үшін арнайы жасалған шара. Жалпы, карантинге жабылған Есік саяжайларында 9 мыңға жуық тұрғын бар.

- Еңбекшіқазақ ауданында жаңадан тіркелген 9 азамат коронавирусты жұқтырған науқастардың бірінің жақын туыстары. Олар дер кезінде оқшауландырылған болатын. Бірден 9 адамның жұқтырғанын ескере келе, Еңбекшіқазақ ауданының бас санитарлық дәрігері осы аталған аудандағы 4 саяжайды карантиге жабу туралы шешім қабылдады. Осыған сәйкес, күштік құрылымдар карантиндік тәртіптің қатаң сақталуын бақылайтын болады. Сонымен қатар, тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында осы 4 саяжайдың тізімі жасалды, - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны 21-ге жетті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"