Биылдан бастап кәсіпкерлерге тексеріс азаяды

Уақыты: 04.01.2024
Оқылды: 469
Бөлім: ЭКОНОМИКА

2024 жылдың басынан бастап Қазақстанда бизнесті тексеруге мораторий жойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.

Қазір елімізде 1,5 миллионға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. 2020 жылдан бері бизнестің дамуына мораторийдың айтарлықтай ықпалы болды. Енді мораторийдің жойылуымен не өзгереді? Бұған қатысты кәсіпкерлер өз пікірін  айтты.

Талғат Дүйсенбаев Ақтөбеде гүл дүкендерінің желісін иеленеді. Кәсіпкер соңғы бірнеше жылда өз ісін ел көлеміне дейін кеңейте алғанын, төрт өңірде мұндай дүкен желілерін  аша алғанын айтады. Талғат Дүйсенбаевтың пікірінше, кәсібі бойынша әрі қарай даму жоспарлары бар. Шағын және орта бизнесті тексеруге мораторийдің күшін жоятын болса, еш қорқыныш жоқ екенін айтады. 

"Мен қазір мемлекет тарапынан қандай да бір тексеріс болмасын, әр кәсіпкер ар-ұяты үшін жұмыс істеуі керек. Содан кейін еш қорықпау керектігін айтамын. Осылайша, мемлекеттік органдар тарапынан болатын кез келген тексерулерге әрқашан дайынбыз. Тек сонда ғана кәсіпкер тыныш ұйықтайды", – деді кәсіпкер Талғат Дүйсенбаев.

Ал Ұлттық экономика министрлігі бизнесті толық тексеру болмайтынын атап өтті. Сонымен қатар, жоспарлы тексерулер болмайды және олар профилактикалық тексерулермен ауыстырылады. Тексерулер тек ведомствоның есептеуі бойынша жылына екі рет өткізілетін болады.

Ұлттық экономика министрлігінің  өкілі Жарас Сұлтанбек жоспарлы тексерулерден профилактикалық іс-шараларға толығымен көшетінін тілге тиек етті.

"Бұған дейін біз барлық салалар бойынша жоспарлы түрде тексеріп отырдық. Мұндай салалар қатарында санитарлық-гигиеналық салауаттылығы, өрт жүйесі, салықтық тексерулер және басқа да қызмет жүйесінде ерекше тексеріс болмайды. Яғни жоспарлы тексерулер болмайды. Егер тексеру кезінде құқық бұзушылық анықталса, кәсіпкерге бұрынғыдай айыппұл салынбайды”, – дейді Ұлттық экономика министрлігінің  өкілі.

Бұған дейін Үкіметтің баспасөз қызметі мемлекет қолайлы кәсіпкерлік ортаны құруға шешуші мән беретінін атап өткен еді. Ол үшін артық талаптарды анықтау бойынша жұмыс жүргізілді. Соның 10 мыңнан астамы анықталып, 9 мыңы жойылды. Өз қызметін адал атқарған кәсіпкерлерге әкімшілік қысым төмендейді деп күтіліп отыр.

Фото: sondurakumrantip.com