Ауыл шаруашылығы министрі жетісулық шаруалармен кездесті

Уақыты: 12.01.2024
Оқылды: 460
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу облысына жұмыс сапарымен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров келді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен бірге агроөнеркәсіп кешені саласының мамандарымен өзекті мәселер жайлы талқылады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жетісу өңірі үшін ауыл шаруашылығы саласын дамытудың маңызы зор екенін тілге тиек етті.

- Жетісу облысында халықтың басым бөлігі ауылдық жерде тұрады. Сондықтан халықтың әл-ауқатын арттыруға ауыл шаруашылығы саласы тікелей әсер етеді. Бүгін облысқа Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров арнайы жұмыс сапарымен келді. Аймақтағы халықпен кездесуге шыққан Парламент депутаттары да бүгінгі кездесуімізге қатысып отыр. Аудан-қалалардағы шаруа қожалықтарының басшылары да осында. Осы жиында өңірдегі бірқатар шешімін күткен мәселелерді еркін форматта бірге талқылайтын боламыз, - деді Б. Исабаев.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев қысқаша баяндама жасап, облыстағы АӨК-ның даму барысымен таныстырды. Мәселен, өткен жылдың 11 айының қорытындысында өңірде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 1,8% ұлғайған. Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 120 кәсіпорын жұмыс істесе, олар 78 млн. теңгенің азық-түлік өнімін шығарған. Оның айтуынша, өңдеуге өткізілетін қант қызылшасына берілетін субсидия көлемінің арттырылуы аймақтағы шаруашылықтардың ісіне оң серпін беріп отыр.

Мұнан кейін кездесуге қатысқан бірқатар шаруа қожалықтарының басшылары министрге сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, талдықорғандық «Самай» ШҚ төрағасы Еркінбек Сіләмов ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, ауыл шаруашылығы субъектілеріне салынатын салықты өтеудің кейбір әкімшілік процедураларын жеңілдету, ауылдық жерлерде, атап айтқанда шаруа қожалықтарына қажетті бухгалтер мамандардың жетіспеушілігі сияқты бірқатар мәселелер көтерді. Сол сияқты Ескелді ауданынан «Санжар» ШҚ басшысы Жанатбек Сарғалдақов шаруа қожалықтарын жеңілдікпен несиелендіру, оларды сапалы техника алуға ынталандыру, жүгері өнімін өткізу мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар басқа да шаруалар жүгері егетін шаруашылықтарға субсидия өнімнің гектарына есептелінсе, тыңайтқышты субсидиялау талаптары қайта қарастырылса деген ұсыныстарын білдірді.

Осы орайда Айдарбек Сапаров сұрақтарға жауап бере отырып, аталған бағыттарда жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, тыңайтқышты дақыл түріне деп емес, тек багара және суармалы жерге деген бөлініспен сусидиялау туралы өзгеріс әзірленіп жатқанын айтты. Сонымен қатар министр жүгері өсіруді субсидиялауды гектарына есептеу форматына қайта оралмайтынын жеткізді, өйткені бұрын мұндай есептеу өзінің тиімсіздігін көрсеткен болатын.

- Жалпы 2023 жыл ауа райының қолайсыздығынан ауыл шаруашылығы үшін ауыр жыл болды. Дегенмен мемлекет қол қусырып қарап отырған жоқ. Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет тарапынан бірқатар мемлекеттік қолдаулар көрсетілуде. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығына 30 млрд. теңге, мал шаруашылығына 30 млрд. теңге, «Азық-түлік» корпорациясына шаруашылықтардан өнім сатып алуға 31 млрд. теңге қаржы бөлінді. Жауын-шашын шамадан тыс көп түскендіктен, шаруалар өнімді кептіруге арзандатылған дизель отынын беруді сұраған еді. Оған 65 мың тонна дизель отыны берілді. Биылдан бастап жұмысты жаңаша қарастырамыз. Бұл ретте дәнді дақылдарды әртараптандыруға көшуіміз керек. Яғни бидайды, жүгеріні азайтып, әлдеқайда тиімді күнбағыс, мақсары, рапс сияқты майлы дақылдарға, сол сияқты қант қызылшасын өсіруге қарай бейімделуіміз керек. Бүгінгі жиында біраз мәселелер көтерілді. Шынында да жүгері өнімін өткізуде біршама күрделі мәселелер бар. Жүгері Ресейден арзан бағада әкелініп жатыр, жалпы әлемдік нарықта баға түсіп кетті. Соған қарамастан біз шаруашылықтарға көмектесу жағын қарастырамыз. Құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен, оған қоса «Азия Агро Фут» зауытымен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл кәсіпорындарға шамамен кемінде 40 мың тоннадай жүгері өнімі өткізіледі. Зардап шеккен шағын шаруашылықтарға бірінші кезекте көмек көрсетіледі, - деді министр.

Сол сияқты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев депутаттар да жүгері өнімін өткізу мәселесіне белсене атсалысатындарын жеткізді.

Шаруалар айтқан проблемалардың кейбірі жергілікті жерде қарастырылатын мәселелер болғандықтан, облыс әкімі ауыл шаруашылығы субъектілерінің салық төлеу процестеріне қатысты жергілікті мемлекеттік кіріс органдарымен бірге талқылайтынын айтты. Ал ауылдық жерлерге бухгалтер мамандарды дайындауды тиісті басқармалар бірлесіп қолға алса, маман тапшылығы мәселесін шешуге болады. Сол сияқты жүгері өсірушілерге берілетін субсидия қазір зауытқа өткізілген әр тоннасына 6 мың теңге болса, биылдан бастап 10 мың теңгеге жергілікті бюджет есебінен көтерілетінін атап өтті.

- Бүгін өзара ашық әңгіме болды. Облыста 380 мың дәндік жүгері алсақ, соның өткізілмей қалып отырғаны 100 мың тоннадай. Министрлік 40-50 мың тоннаны өткізуге ықпал етіп, көмек етсе, қалған 50 мыңдайын өткізуді біз облыс деңгейінде қарастырамыз. Қазір ол үшін «Іргетас Трейд», «Жетісу Мажико» сияқты бірқатар кәсіпорындармен сөйлесіп жатырмыз, - деді Б. Исабаев.  

Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай