Қараталда Солтүстік Қазақстанның ақбас сиырлары өсірілуде

Уақыты: 12.01.2024
Оқылды: 617
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мал шаруашылығы – елімізде ежелден дамып келе жатқан салалардың бірі. Бүгінде Қаратал ауданында Кемел Тоқаев атындағы қордан құрылған «USHTOBE ET» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 500 бас ірі қара өсіріп-бордақылайтын шаруашылық жұмыс істеуде.

Шаруашылыққа Солтүстік Қазақстан облысынан қазақтың ақбас сиырларын жеткізген. Келешекте отандық нарыққа және шетелге ет экспорттау жоспарланып отыр. Жаңадан құрылған алаңда ауданымыздың ардагер боксшы Михаил Юрченко жетекшілік етіп отыр. Ол өңірге қазақтың ақбас сиырын арнайы таңдап алған.

Себебі, бұндай асыл тұқымды ірі қараға жылы қора қажет емес. 500 бас «қазақтын ақбас» тұқымдас зеңгі баба түлігі, соның ішінде 14 басы 2022 жылғы бұқа, 166 басы 2023 жылғы еркек тана, ал 320 басы  2023 жылғы ұрғашы таналар. Былтырдың қыркүйек айында әкелінген ақбас сиырлар қазір жерсіндіріліп жатыр.

 «Биылғы қыс қалай болатынын байқап көреміз. Бәрі ойдағыдай өтсе, бұқаларды сата бастаймыз. Әрқайсысы 900 келі тартады деп жоспарлап отырмыз. Сол үшін мамандармен азықтық рационын әзірледік. Келешекте мал басын арттырып, 4-5 мың басқа жеткіземіз. Қазір жайылым және егістік жер алу мәселесінің шешілуін күтіп отырмыз. 2019 жылдан бері Қаратал ауданында төрт-түлікті өсіретін алты қожалық құрылды. Сөйтіп, мал шаруашылығымен айналысатын серіктестіктер саны 380-ге жетті», дейді шаруашылық директоры Михаил Юрченко.

Қаратал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қаныбек Намазбаевтың айтуынша, биылға тағы осындай 2 шаруашылық ашылады деп жоспарлануда. Олар бүгінде бизнес жоспарын толық аяқтаған. Ауданда 12 мың тоннаның мөлшерінде ет болады. Биылғымен салыстырғанда 120 пайызға көтерілмек. 
        «Мал баққанға бітеді» деген бабаларымыз. Сондықтан, бүгінгі бастамамыз заман талабына сай ғылыми негізде мал өсіруге және мал шаруашылығын өркендетуге апаратындығына сеніміміз зор.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"