«Ауыл аманаты» – берекелі бағдарлама

Уақыты: 23.01.2024
Оқылды: 426
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бағдарлама әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған игі жоба. Оның мақсаты да ауылдың экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру мен халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету. 

Жасыратыны жоқ, ауылдағы өмір қашан да оңай болмағаны рас. Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының жалғыз табыс көзі жер мен мал шаруашылығы  болып тұр. Олардың бизнес ашып, дамыту және кеңейту жөніндегі бастамалары мен жоспарлары осы «Ауыл аманаты» жобасы аясында оңтайлы нәтиже беруде. 

Аталған бағдарлама Көксу ауданында да тиімді жүзеге асуда. Жобаға қатысып, кәсібін бастағанның бірі Көксу ауданына қарасты Көкбастау ауылының тұрғыны Ертай  Шәріпов. Ол өзінің атынан 7 млн. 600 мың теңге көлемінде несие алып, шаруасын дөңгелентіп отыр. Сол қаржыға 300 мың мен 700 мың теңге төңірегінде тұратын 20 бас ірі қара алған. Қазір Алатау швед тұқымын өз қорасында бордақылап отыр. Сауын маусымы басталысымен жұмыс қарқыны жоғарыламақ. Кәсіпкер алдағы уақытта сүт өнімдерін сұрыптайтын техника мен құрал-жабдықтарды алуды жоспарлап қойған. 

Жалпы, несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктерге өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде ғана жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу барысында халықтың табысын арттыруға септігі тиеді. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Сонымен қатар, қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланады. 

Қазіргі уақытта ірі қара шаруашылығы саласында үлкенді-кішілі шаруа қожалықтары мен фермерлердің құрылып, жұмыс істеуі мен техникалық-материалдық жағдайларының жақсаруы, алынатын өнімдердің және сатып алу бағаларының қолжетімді және өзіндік құнның жоғары болуына байланысты бұл сала қарқынды дамуда.

– Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына өте қолайлы болып отыр. Әсіресе, қора-жайы, егістік жері бар, бірақ, қаржысы жоқ тұрғындарға кәсіп бастауына оң ықпал етуде. Жалпы елімізде агроөнеркәсіп кешенінің құрамында ірі қара шаруашылығы маңызды орын алады. Себебі халыққа және өнеркәсіпке аса керекті ет, май, тері, сүт сияқты өте бағалы азық-түліктер мен шикізаттарды осы ірі қара шаруашылығы береді. Сондықтан, осы күнге дейін айналысып отырған шаруашылығымызды кеңейту барысында жобадан несие алдым. Мемлекет тарапынан қарапайым ауыл халқына қолдау білдірген жоба бастамашыларына үлкен алғысымды айтамын, – дейді «Ислам» шаруа қожалығының иесі Ертай Байтайұлы.

Осынау мемлекеттік бағдарламаның шарапатын шалғайдағы тұрғындар да сезінуде. Сондықтан ауылды жерде кәсіп көзін дамытып отырған жас кәсіпкердің еңбегінің жемісті болуын тілейміз. 

Айғаным АЙТМҰХАН
Көксу ауданы
Фото: agroinfo.kz