ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІСТІ ҰШТАСТЫРУ КЕРЕК

Уақыты: 17.04.2024
Оқылды: 300
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ауылшаруашылық саласы үлкен еңбекті қажет етеді. Шаруалар үшін өнімнің мол әрі сапалы болуы өте маңызды. Соңғы жылдары диқандардың басым көпшілігі ғылым мен өндірісті ұштастырып, түрлі тәжірибе жасап, жемісін көруде. Оған Көксу ауданы Жеңіс ауылындағы «Кең дала» шаруа қожалығының егіс алқабында өнімді қарқынды өсіру технологиясын тиімді қолдану бойынша өткен семинар дәлел. Оған аудан әкімі, ауылшаруашылық саласына жауапты мамандар, жақын маңдағы ауыл, аудандардан шаруашылық иелері қатысты.


Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен ауылшаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және өзіндік құнын төмендету бойынша түпкілікті нәтижеге жету үшін жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Десе де өндірістің жандануы үшін ғылым жолымен жүру аса маңызды. 

Жиынды облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Нұрдәулет Сағадиев ашып, семинардың мақсатына тоқталып, ауылшаруашылығын дамыту бойынша жаңа әдіс-тәсілдерді кеңінен түсіндіру қажет екенін айтты. Мамандардан жан-жақты ақпарат алып, шаруашылықты дамыту ісіне маман кеңестерін қолдануды ұсынды. 

– Қасиетті Жер-анадан мол өнім аламыз десек, тынбай еңбек етіп қана қоймай, жаңа технология мен техниканы да меңгергеніміз жөн. Шаруалар жан-жақты тәжірибе алмасып, заманауи тәсілдер арқылы өнім өндіруді қолға алуы қажет. Облыс әкімінің бастамасымен басталған бұл жұмыс күзде өз жемісін береді. Біздің өңір аграрлы аймақ болғандықтан бұл жұмысқа немқұрайдылықпен қарамауымыз керек. Біз үшін өнімнің сапасы аса маңызды. Сондықтан бүгінгі жиынға арнайы институттан ғалымдар, түрлі тыңайтқыштармен жұмыс істеп жүрген белгілі компания өкілдері және жаңа технологиямен жабдықталған техникамен қамтамасыз ететін мамандар шақырылды. Тек шаруалар жұмысын жүйелі, заман талабына сай  ғылыми жолмен атқарса болғаны. Отандық өнімді арттырып, халыққа таза, сапалы өнім ұсына білсек біздің жеңісіміз де сол болмақ, – деді Нұрдәулет Сағадиұлы. 

Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов диқандар үшін тұқым, техника, дизель отыны жеткілікті екенін айтты. «Ауданымызда қант, соя зауыты бар. 1 мың 800-ден астам шаруа қожалығы көктемгі егістік жұмысын бастап кетті. Биыл 2 мың 200 гектар жерге қант қызылшасын егуді жоспарладық. Ауылшаруашылық басқармасының мұрындық болуымен өткізілген тәжірибе жұмысында көптеген тың ақпарат алып, соны шаруашылықта қолданып, қамбамызды астыққа толтырамыз деген мақсатымыз        бар», – деді  аудан басшысы. 

Жиында «Аlem Agro» серіктестігі, «Аvgust» crop protection» компаниялары өз өнімдерін таныстырды. «Аvgust» crop protection» компаниясының өкілі Ерлан Бекпаев Жетісу өңірінде көп өсетін шоңайна, шым, қияқ шөп, шырмауық, итқонақ, алабота шөптерімен күресу үшін жыл сайын түрлі гербицидтерді тәжірибе жүзінде пайдаланып, жемісін көріп жүргенін айтты. Зиянкестерден, тіпті, егін алқабындағы қарға, сауысқан сынды құстардан өнімді сақтау үшін де түрлі дәрілік өнімдер қарастырылған. Мамандардың айтуынша,  ең бастысы – тұқым сапалы болуы керек. 

 Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Нұрсұлтан Мұсаходжаев қант қызылшасының жаңа отандық түрін нарыққа шығарғанын тілге тиек етті. Тұқым алу үшін шетелге тәуелді болғанша отандық өнімімізді қолдануды ұсынды. Оның айтуынша, Украина, Америка Құрама Штаттарынан қызылша тұқымын алып, 7-8 мәрте будандастыру арқылы қант қызылшасының  жаңа тұқымын пайдалануды тәжірибе барысында іске асырған. Отандық өнім шаруа қожалықтың егіс алқабына егілуінің өзі үлкен жетістік деп біледі. Себілген тұқымнан жақсы өнім алу үшін ғалым ретінде алажаздай қадағалау жұмыстарын жүргізіп, шетелдік және отандық өнімді тәжірибе жүзінде бақылау үшін бар білімі мен біліктілігін аянып қалмайтынын айтты. 

Облыс аумағында жоғарыда айтылған 4 өнім түріне тәжірибе жасау мақсатында «Кең дала» шаруа қожалығының 27 гектар жері дайындалған. Себілетін тұқымды да арнайы мамандар қадағалап, қажетті тыңайтқыштарды пайдаланды. Енді өнімдердің дұрыс шығуы, шаруа қамбасының астыққа толуы, сапалы өнім алу жауапты мамандардың тікелей қадағалауында болмақ.  

2003 жылы құрылған «Кең дала» шаруа қожалығында тәжірибе жұмысын жүргізу үшін 27 гектар жерге өнім себілді. Шаруа қожалығының директоры Қалибек Алпысбаевтың айтуынша, мұндай тәжірибемен мол өнім алуға болады. Шаруа қожалығы өткен жылы 250 гектарға қант қызылшасын ексе, биыл ғылым мен өндірісті ұштастырып 300 гектар тәтті түбір егуді жоспарлап отыр. 

– Жер жаннаты Жетісу жері өте құнарлы. Біз тек сапалы тұқым ексек, мамандардың ақыл-кеңесіне жүгінсек ұтылмаймыз. Қазіргі таңда біздің шаруашылықта 30 жұмысшы бар. 150 гектарға соя, 100 гектарға жүгері, 200 гектарға арпа-бидай егеміз деп отырмыз. Маусымдық кезеңде 70-80 адам еңбек етеді. Біздің мақсат – қамба толы өнім алу. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Заманауи техникалардың барлығын меңгеру үстіндеміз. Бүгінгі техникаға арнайы бағдарлама енгізу арқылы өнім себуге болады. Бұл технологияны тиімді пайдаланудамыз. 2015 жылдан бері «Аvgust» crop protection» компаниясымен жұмыс істеп келеміз. Ауылшаруашылық саласына қажетті барлық гербицидтерді, тыңайтқыштарды тәжірибе жүзінде пайдаланып көрдік. Ендігі тілек төккен тердің өтеуі ақталса дейміз, – дейді Қалибек Демегенұлы.  

Шаруашылықта «Zoomilon» компаниясының су жаңа 2 тракторы көктемгі егістік жұмысқа дайын. Оларға «АгроДинамика» компаниясының заманауи құрылғылары орнатылған. Компания өкілінің айтуынша, құрама бөлшек тауарлары Қытай және Америка елінен алынып, Астана қаласында құрастырылады. Бұл шаруа жұмысын азайтып қана қоймай, тұқымның ғылыми тұрғыда дұрыс егілуіне септігін тигізеді. Мәселен, механизатор тек техниканы басқарып отырса, автопилот орнатылған көлік дәннің дұрыс жерге түсуін, жоларалық арақашықтықты қадағалайды. Заманауи технология арқылы егістік жұмыстарын күндіз де, түнде де  жүзеге асыруға болады. Қысқасы, жаңа техника адамның еңбек күшін көп талап етпейді. Бұл – шаруалар үшін өте тиімді. 

Жалпы, семинарда егілетін дақылдардың жеке техникалары мен тұқымның дайындалу технологиясы түсіндірілді. Жауапты мамандар алдағы уақытта тәжірибе жұмысының жақсы орындалатынына, күзде мол өнім алып, шаруалар еңбегінің ақталатынына сенім білдіреді. Олай болса, жаңа бастаманың жемісті болуына біз де тілекшіміз.  
 

Еңлік КЕНЕБАЙ