Көкөзек шақта қой қоздап

Уақыты: 17.04.2024
Оқылды: 308
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алыстан көзге шалынатын мал қырдың сәні ғана емес, елдің несібесі. Төрт түліктің басын көбейту ауылшаруашылығының басқа салаларына қарағанда жыл он екі ай тынымсыз тірлікті қажет етеді және қиындығы мен жауапкершілігі мол еңбек. 


 Көктем айлары малшылар үшін ең жауапты кез. Өйткені  атакәсіпті нәсіп еткен ауылдықтар мал төлдету науқанына зор жауапкершілікпен қарайды. Машақаты мол тірліктің бел ортасында жүрген малшылардың ендігі міндеті жаңа туған төлді дер кезінде азықтандырып, олардың жақсы өсіп-жетілуіне жағдай жасау.

Шығынсыз төл алудың қамы ауыл тұрғындарының басты алаңы. Сондықтан да осы бір көкөзек шақта қойы қоздап, түйесі боздап, биесі құлындап, сиыры бұзаулап жатқан малшылардың арқаны кеңге салуға уақыты да жоқ. 

– Ауданда мал төлдету жұмысы қарқын алды. Бұл науқанға шаруашылықтар жан-жақты дайындалып, жұмысты ерте бастан қолға алды. Мал қоралары жөндеуден өтіп, қидан тазартылды. Мал төлдейтін орындарға жеткілікті мөлшерде жемшөп жеткізіліп, малшылар қажетті азық-түлік тағамдарымен қамтамасыз етілді. Наурыздың аяғы мен сәуірдің басында әдеттегідей қой қоздап, қора шуға толды, төл алу науқаны басталды. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп тегін айтылмаған ғой,– дейді  аудан бойынша мал төлдету науқанына байланысты атқарылып жатқан жұмыс жөнінде әңгімелеген аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Абдраимова.

Аудан бойынша барлық шаруашылықта төлдейтін 62 092 бас қой-ешкіден алынған төл 14 255 басты құраған. Жылқышылар бағымындағы 12 630 бас биеден 453 бас құлын алынды. Сондай-ақ, 228 бас інген соңынан әзірге 14 бас бота ерген. Сәуір айының аяғына дейін төрт түліктің төлі мал басының көбеюіне негіз қалайды. Биыл басқа шаруашылықтарға қарағанда Екіаша ауылдық округінде саулық саны өткен жылғы деңгейден 407 басқа төмен. Төл алуға қажет барлық жағдай жасалғандықтан төскей төрі малға толар уақыт жақын.  

Жақсылық ИГІМАН