Егіншілер қуанышты

Уақыты: 16.03.2018
Оқылды: 1625
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жүгері өсірумен шұғылданатын Жаркент өңірі егіншілерінің көктемгі егіс жұмыстарына қолбайлау болар жайт көп. Әсіресе, жерін алдымен ылғалдандырып, одан соң ғана жыртып, дән себетін диқандарға егін суаратын судың тапшылығы көктемде аяққа  тұсау, кедергі болып келген.

Шежін, Сүптай, Нәдек, Алтыүй ауылдарының шаруа  қожалықтары Шежін өзенінен өздеріне су әкелетін, бастапқы  құрылысы 1976 жылы жасалған «Киров» арнасының әбден тозығы жетіп, мүмкіндігінің кемуіне байланысты мыңдаған гектар алқапқа егін еге алмай келеді. 
Осыған дейін де өңірдің іскер  азаматтары жұмылып, нақтырақ айтқанда, 2016 жылы темір-бетоннан салынған су жолының ойылып кеткен табанын бүтіндеуге 30 тонна цемент, 32 текше метр дайын цемент қоспасын, 20 шағыл тасымалдайтын жүк көлігін, сонымен бірге, көп мөлшердегі жанармай бергені есімізде. Сол кезде жұмыстың  жүйелі, жылдам атқарылуына «ҚазСуШар» РМК Панфилов аудандық  бөлімшесінің басшысы Тоқтарбай Керімқұлов та елеулі көмек көрсеткен болатын. Жергілікті жеке шаруа қожалықтарымен тізе  қоса арнаны жөндеу жұмыстарын қолға алған шаруашылық еңбеккерлері сол жылы арнаның 15 шақырым аралықтағы тесілген, опырыла ойылған табанын жамап, су жолы  бойындағы қалың өскен шырғанақты шауып, бақылау жолын жасап, үлкен іс тындырған еді. 
Алайда, сай табанынан қырға үлкен жылдамдықпен ағып шығатын арынды тау суы ескіні жамап, есі кеткен елдің еңбегін  бір жылда еш етіп, бүтінделген жерді қайта бүлдірді. Өзеннің өр  жағындағы су тоспасын құм мен тасқа толтырып, бөгеттің ернеуі  сөгіле бастады.
Міне, осы қиындықтарды естіген облыс әкімі Амандық Баталов Бірлік, Жаскент ауылдық округтеріндегі егіншілерге қолдау көрсету мақсатында жақында «Киров» арнасының көмейіндегі су тоспасын және арнаның қырға шығатын маңызды бағытындағы 5 шақырымын күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 169 миллион теңге қаржы бөлді. Осы жақсы хабарды естіген егіншілердің қуанышында шек жоқ десе де болғандай.
– Ауыл тұрғындарының негізгі тіршілігі егіншілік өніміне байлаулы, – дейді «Киров» арнасы бойындағы су  бақылаушы Ердәулет Қосанбаев. – Жылда жырылған жерінен жан-жаққа қашып, егін алқабына әлсіреп жететін тау суын барлық егіншіге жеткізе алмай есіміз кететін. Су тапшылығының салдарынан көптеген шаруа қожалықтарының еккен егіні өнім  бермей қурап, диқанның шығарған шығыны ақталмай өкінішке  ұрындырушы еді. Арнаны жөндеуге қаржы бөлінді дегенді естіп, егіншілер қуануда. Амандық Ғаббасұлына алғысымыз  шексіз.
«Киров» арнасынан Бірлік ауылдық округіне қарасты Шежін, Нәдек, Алтыүй ауылдарында және Жаскент округіне қарасты Сүптай ауылында тұратын 150-ден астам шаруа қожалығы 2400 гектар егістікке су алады. Жылда өз күштерімен арнаға шамасы  жеткенше ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасайтын қожалықтар қолдарын ұзартқан облыс әкімінің көмегіне дән риза.
 
Мырзағали  Нұрсейіт
Панфилов ауданы