Жаңғырту жұмысы жалғасады

Уақыты: 16.03.2018
Оқылды: 1000
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ақсу қант зауытында бірінші кезеңді жаңғырту жұмысы жалғасуда. Межелі жұмыс аяқталғанда 140 мың тонна тәтті түбір өңдеуге мүмкіндік тумақ. Кәсіпорынның жұмыс барысымен танысуға барған облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровке  бұл мәселе жайында  зауыт директоры Мұрат Төлегенов баяндады. 

Зауытта  осы уақытқа дейін 70 мың тоннаға жуық өнім  өңделіп, 4 мың тонна қант алынды. Оның осы уақытқа дейін көп мөлшері сатылып кеткен. Балтамыр жұмыстары аяқтала салысымен жаңғырту жұмыстарына білек сыбана кіріскен ұжым  қазірде технологиялық құрал-жабдықтарды жаңалап жатыр. 
Атап айтқанда, алдағы уақытта мұнда жаңа центрифугалар, вакуумдық аппараттар, фильтрлер және басқа да қажетті жабдықтар қойылмақ. Сонымен қатар, өндіріс ошағында жомды сығып, қаптайтын технологиялық желінің орнатылып, іске қосылуы да осы жылдың басты жаңалығы болады деп межеленген. Себебі, бұрын жом төрт айдан артық сақталмайтын болса, аталған  технологиялық желі орнатылғаннан кейін бұл пайдалы мал азығы бір жылға дейін сақталады. Жалпы үш жылға белгіленген жаңғырту жұмысына 12 млрд. теңге инвестиция бағытталмақ.
Бұл ретте зауыт басшысы Елбасының биылғы Жолдауында атап көрсетілген цифрлық технологияны енгізу жөніндегі тапсырмасына да тоқталды. Аталған бастаманың бұл өндіріс ошағында да біртіндеп жүзеге асатынын тілге тиек етті. Ол үшін кәсіпорынға өндірісті басқарудың автоматты жүйесі енгізілмек. Өз кезегінде бұл зауыттың барлық жұмысы туралы ақпараттарды компьютер экранына жолдап отыруға, адами факторды болдырмауға мүмкіндік жасайды. Адами фактор демекші, қазір зауытта 200-ге жуық адам еңбек етеді. Көктемгі-жазғы маусымды айтпағанның өзінде бұл көрсеткіш қызылша қабылдап, өңдеу науқанында бірнеше есеге дейін  өседі. 
Кездесу барысында өндіріс басшылары жаңғырту жұмыстары ойдағыдай аяқталған жағдайда кәсіпорын қуаттылығының да еселеп артатынын жеткізді.  Осы орайда Серікжан Іслямұлы облыстың қант қызылшасын өсіруді бұдан әрі дамыту жоспарларын айта келе, өңірдің көктемгі егіске дайын екенін атап өтті.
– Қант қызылшасының шетелдік тұқымдары сатып алынып, олар қазір  сараптамадан өткізілуде. 1 сәуірден бастап бұл тұқымдар шаруаларға беріле бастайды. Сол сияқты биыл солярка жеңілдікпен беріледі. Оған облыс бойынша 6 оператор белгіленіп, жұмыс істейді. Барлық ауылшаруашылығы техникалары дайын. Биыл өңірде қант қызылшасының алқабын 12 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімінің орынбасары. 
Бұдан соң аталған зауыттың алдағы уақытта атқарар жұмысына  тоқталған ол биылғы өңдеу маусымында да қант қызылшасының уақытылы қабылданатынын, жаңғырту жұмыстары аяқталған соң қазан айында өңдеу ісіне кірісетінін жеткізді.

Қозыбай ҚҰРМАН
Ақсу ауданы