Елге қызмет - мәртебелі міндет

Уақыты: 30.03.2018
Оқылды: 1233
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елге талапқа сай қызмет көрсету – мәртебелі міндеттердің бірі саналады. Сондықтан жауапкершілігі зор мұндай істі мойынға алып, оны адал атқарып жүрген сала мамандарының жұмысына қандай мақтау айтсақ та жарасады. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыс туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің басшысы Жанбек Әбішевпен сұхбаттасқан едік.

– Жанбек Әбдімомынұлы, алдымен өзіңіз басқарып отырған департаменттің жұмысына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Қазіргі уақытта департаменттің құрамында он алты аудандық, үш қалалық бөлімше мен Алматы бөлімшесі және өндірістік орталықта он төрт бөлім бар. Оларда алты жүзден аса адам қызмет істейді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменті барлығы он екі түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Біздің департаментпен былтыр 102021-ден аса, өткен екі айда 16494 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл айтарлықтай қомақты көрсеткіш. Оның ішінде мамандардың қаншама еңбегі бар. Бір сөзбен айтқанда, мұны көпшіліктің сұранысын қанағаттандыратын мемлекеттік қызметтер деп айтуға болады. Ондай қызметтердің қатарында жер теліміне акт сәйкестендіру құжаттарын және жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт беру жайын айтуға болады. Барлық мемлекеттік қызмет стандартқа сай көрсетіледі. Мемлекеттік қызметтердің көрсету мерзімі мен сапасына ерекше назар аударылады. 
– Ондай  қызмет түрлерін атап  өтесіз бе?
– Ғимараттардың, құрылыстардың және олардың құрамдастарының жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке сәйкестендіру мен техникалық мәліметтерін құқықтық кадастрға енгізу, жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортын беру және жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектісіне жүргізілген мемлекеттік техникалық тексеру қорытындысы бойынша сәйкестендіру және техникалық мәліметтердің алшақтығын белгілеу туралы қорытынды беру. Сонымен бірге жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортының телнұсқасын беру, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілдігін тіркеу, жылжымалы мүлік кепілінің тізілімінен үзінді беру, жер теліміне кадастрлық (бағалау) құнын анықтау, уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығына актілерді ресімдеу және беру, уақытша өтеулі (ұзақмерзімді, қысқамерзімді) жер пайдалану (жалдау) құқығына актілерді ресімдеу және беру, тұрақты жер пайдалану құқығына актілерді ресімдеу және беру, жер теліміне жекеменшік құқығына актілерді ресімдеу және беру, жер учаскесіне кадастрлық ақпарат беру, жердің сапалық жағдайы және жер телімінің бағалау құны туралы мәліметтер беру, сондай-ақ, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық дерегімен жобаланып отырған жер телімін келісу. Еске сала кететін бір жайт, мемлекеттік қызметтерді көрсетуге өтініштерді қабылдау халыққа қызмет көрсету орталығы және «Электронды үкімет» веб-порталы: www.egov.kz (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады. Мелекеттік қызметтердің қорытындысы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы ұсынылады.
– Мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында атап айтарлықтай жаңалықтарыңыз бар ма? 
– Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу (2017.27.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен) Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабына сәйкес Құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне ғимараттардың, құрылыстардың немесе олардың құрамдастарының жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін енгізу және ғимараттарды, құрылыстарды және олардың құрамдастарын мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік корпорация жүзеге асырады. Мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеудің қажетті шарты болып саналады. Ол дегеніміз жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау жүзеге асырылмайды. Ғимараттардың, құрылыстардың немесе олардың құрамдастарының жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін Мемлекеттік корпорация құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне тиісті жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерінде есепке алуға жататын, объектіні пайдалануға қабылдау актісі негізінде енгізеді. Техникалық паспорт жасалмайды. Құқық белгілейтін құжатта қамтылған сәйкестендіру және техникалық мәліметтердің жаңадан құрылған жылжымайтын мүліктің нақты деректерінен алшақтығын анықтау мақсатында құқық иеленуші Мемлекеттік корпорацияға мұндай алшақтықтарды анықтау мақсатында өтініш беруге құқылы, оның нәтижесі бойынша уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қорытынды және техникалық паспорт ресімделеді. Мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау, сондай-ақ ғимараттарға, құрылыстарға немесе олардың құрамдастарына кадастрлық нөмір беру ғимараттарды, құрылыстарды немесе олардың құрамдастарын реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жарақтандыру нәтижесінде олардың техникалық немесе сәйкестендіру сипаттамалары өзгерген кезде мұндай сипаттамалардың өзгеруі техникалық паспортта зерттеп-қарау жүргізбестен көрсетілуі мүмкін болатын, оның ішінде кадастрлық нөмірдің, мекенжайдың, мекенжайды тіркеу кодының (бар болған жағдайда) өзгерген кездегі жағдайларды қоспағанда, жүргізіледі. Зерттеп-қарау нәтижелері бойынша техникалық паспорт ресімделеді, онда анықталған өзгерістер көрсетіледі.
– Өткен жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 827 Қаулысымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарламаның жүзеге асырылуы жөнінде не айтар едіңіз?
– Бұл бағдарламаның басты мақсаты орта- мерзімді перспективада ел экономикасының даму қарқынын жеделдетіп, цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Бағдарламаның нысаналы индикаторы ол 2022 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жалпы көлемінен электрондық түрде алынған мемлекеттік қызметтердің үлесін сексен пайызға жеткізу. Департамент көрсететін мемлекеттік қызметтің көбі электронды түрде көрсетіледі. Мысалы: «Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу және міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы куәліктің телнұсқасын беру» және «Жер учаскесіне кадастрлық ақпарат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің нәтижесі электронды түрде ұсынылады. Мемлекеттік қызмет көрсету электронды түрде болғандықтан жеке кабинетке жолданады. «Ғимараттардың, құрылыстардың және олардың құрамдастарының жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін құқықтық кадастрға енгізу, жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортын және жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектісіне жүргізілген мемлекеттік техникалық тексеру қорытындысы бойынша сәйкестендіру және техникалық мәліметтердің алшақтығын белгілеу туралы қорытынды беру» қызметіне тапсырысты үйден, офистен, басқа да орындардан шықпай-ақ беруге болады. Бұл үшін E.GOV электронды үкімет порталына жеке кабинетінен кіріп, қажетті тарауларды таңдап, оны толтырып, мемлекеттік қызметті көрсету туралы жазған өтінішке электронды-сандық қолтаңбаны қою керек. E.GOV электронды үкімет порталы арқылы өтініш қай жерден берілгеніне қарамастан, бағдарлама автоматты түрде жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан орны бойынша мемлекеттік қызметті көрсету туралы жазылған өтінішті департаменттің тиісті аудандық және қалалық бөлімшесіне жолдайды. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі қағаз түрінде болғандықтан жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға болады. 
– Осындай жаңалықтарды қызмет алушылар қайдан және қалай білуіне болады?
– Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» №88-V Заңының 23-бабына сәйкес облыстық департаменттің жеке медиажоспары  бекітілген. Осы іс-шара жоспарын орындау бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібін қызмет алушыларға таныстыру мақсатында «Ашық есік күндері» өткізіліп, әр деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі мақалалар жарияланып отырады. Биылғы 1 тоқсанда барлық 19 ауданда таныстыру жұмысы жүргізілді және келешекте де жүргізіледі. Мұның сыртында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жеке сайтында департамент ұсынатын барлық қызметпен толық танысуға болады. 
– Елбасының былтырғы 9 қыркүйектегі тапсырмасына және жерлерді түгендеп, тексеру бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен «2017–2021 жылдарға арналған жер қатынастарын реттеу саласындағы міндеттерді жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына» сәйкес қандай жұмыс атқарылуда?
–  Департамент жер телімдерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерлерін түгендеп, тексеруді жүргізуге тікелей қатысуда. Алдымен жер телімдері бойынша мәліметтерді өзектендіру жұмысы жүргізілуде. Атап айтқанда, жер телімдеріне қатысты құқықтық қатынастардың өзгеруі жөніндегі мәліметтерді енгізу, ауылшаруашылығы жерлері санатындағы алқаптардың құрамы жөніндегі мәліметтерді толықтыру және енгізу, телімдердің кадастрлық құны, субъектілердің құжаттары мен мекенжай деректері, шартты жер үлестері есебінен қалыптастырылған жер телімдері бойынша үлестердің саны, өлшемі анықталуда және оның құқық иеленушілері туралы мәліметтер бар болса, үлескерлер тізімін жинау және жүйелеу жұмыстары жүргізілуде.
– Қазіргі уақытта Мемлекеттік жер кадастры туралы  мәліметтерді қалыптастыру және жер ресурстары жөніндегі ақпараттарға қолжетімділікті арттыру тұрғысында кәсіпорын қандай бюджеттік жұмыс түрін жүргізеді және оларды қандай мақсаттар үшін орындайды?
– Кәсіпорын «Жер ресурстары туралы  ақпараттарға қолжетімділікті көтеру» бағытындағы 259 бюджеттік бағдарламаның «Мемлекеттік жер кадастры мәліметтерін қалыптастыруға» қатысты 100 қосалқы бағдарламасы бойынша былтыр бірқатар жұмысты іске асырды. Атап айтқанда, топыраққа жүргізілетін зерттеулер, ауылшаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін паспорттау үшін топырақ материалдарын жаңалау, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырақ бонитетін анықтау, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді паспорттау жұмыстары.
– Жоғарыда аталып өткен жұмыстар облыстың қай аумағында жүргізілді?
– Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы – Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментімен былтыр Панфилов, Еңбекшіқазақ және Жамбыл ауданы бойынша 515,0 мың гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге 272,2 млн. теңгеге топырақ зерттеу жұмысы жүргізілді. Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы бойынша биыл Кербұлақ, Жамбыл және Панфилов аудандарының 850,0 мың гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге топырақ зерттеу жұмысына 345,8 млн. теңгеге жұмыстар жоспарланып отыр. Жұмыс жүргізуге дайындық кезеңінде қажетті құрал-жабдық, көлік және заманауи ақпараттық техникалармен қамтылатын болады.
– «Мемлекеттік жер кадастры мәліметтерін қалыптастыруға» қатысты 100 қосалқы бағдарламасы бойынша бірқатар жұмыс түрінің орындалатынын айттыңыз. Жалпы, топыраққа жүргізілетін зерттеу жұмысы туралы түсіндіріп айтсаңыз.
– Шаруашылық аумағында таралған топырақ түрін, құнарлылығын, балл бонитетін анықтау үшін топырақты зерттеу жұмысы жүргізіледі. Ол үшін далалық жұмыс кезінде топырақ түрі анықталып, құнарлылығын анықтау үшін лабораторияда топырақ үлгісі алынады. Лабораториялық зерттеу нәтижесі негізінде камералық өңдеу кезеңінде әр ауылдық округтің топырақ карталары дайындалады. Бұл материалдар кейін жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау кезінде қолданылады.
– Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді паспорттау жұмысы дегенді қалай түсіндіретін едіңіз? 
– Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің паспорты дегеніміз – жер учаскесі иесінің аты-жөнін, кадастрлық нөмірін, алқап түрін, мелиоративтік жағдайын, кадастрлық (бағалау) құнын, топырақ жамылғысының түрін, топырақ құнарлылығын, балл бонитетін және жер учаскесінің жекеменшікте немесе жер пайдалану құқығында екендігін анықтайды. Осы жұмыс қорытындысы негізінде жер учаскесінің паспорты дайындалады.  
– ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізі не үшін керек?
– Ауылшаруашылығы жерлерінің сапалық жай-күйі туралы ақпарат оларды ұтымды және тиімді пайдаланудың негізін табу болып саналады. Бұдан басқа, ауылшаруашылығы алқаптарының сапасы олардың кадастрлық (бағалау) құнына тікелей әсер етеді, ол түзетуші коэффициенттерді қолдана отырып, жерге арналған төлемнің базалық мөлшерлемесі негізінде айқындалады. Топырақтық және геоботаникалық зерттеулердің сапалы материалдары болмауына байланысты коэффициенттер 1990 жылға дейін дайындалған материалдар бойынша қолданылады. Іздестіру, жерге орналастыру және жер-кадастрлық жұмыстардың басқа түрімен қатар жоғарыда көрсетілген зерттеп-қарау нәтижелері ҚР Мемлекеттік жер кадастры мәліметтерін қалыптастыруды қамтамасыз етеді. 
– Сонда жерге арналған төлемнің базалық мөлшерлемелерін есептейсіздер ме? 
– Ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жекеменшікке берілген, оларды мемлекет немесе мемлекеттiк жер пайдаланушылар жалға берген кезде жер учаскелерi үшiн төлемақының базалық ставкаларын, жалдау құқығын сату төлемақысының мөлшерiн және мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелеріне жекеше сервитут белгілеу үшін төлемақы мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. Ал облыс орталықтарында, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда, кенттер мен ауылдық елді мекендерде жер учаскелерi жекеменшiкке берiлген кезде олар үшiн төлемақының базалық ставкалары жергілікті жағдайлар мен ерекшеліктерге қарай облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың өкілді және атқарушы органдарының бірлескен шешімдерімен белгiленедi. Біз осы белгіленген төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерiн қолдану арқылы шығарылатын кадастрлық (бағалау) құнын анықтаймыз.
– Өзіңіз басқарып отырған департаменттің қызметі мемлекеттік қызметтерді көрсетумен ғана шектелмейтін шығар? Департамент халыққа бұдан өзге қандай да бір қызмет түрін көрсете ме? 
– Әрине. Біз жерге орналастыру және жер кадастр саласында халыққа және заңды тұлғаларға ауқымды қызмет көрсетеміз. Атап айтқанда, департамент жер телімдерін жобалау және құрылуы бойынша алқапта жер телімдерінің шегарасын белгілеу жұмыстарын орындайды, шаруашылық аралық жерге орналастыру жобаларын жасау, яғни жерлерді тиімді пайдалану, топырақ құнарын көтеру және сақтау мақсатында аумақта шаруашылық құрылымының жобасын жасау жұмысын жүргізеді. Өткен жылдан бастап департамент объектілерді жобалауға және олардың құрылысын жүргізуге қажетті топографиялық түсірілімдерді жүргізу бойынша қызметтерді көрсете бастады. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін біздің корпорация тиісті мемлекеттік лицензияны алған, біліктілігі жоғары мамандармен, қажетті жабдықтармен, бағдарламалармен қамтамасыз етілген. 
– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін үлкен рахмет. Жұмыстарыңыз табысты болсын!

 

Айгүл Байбосынова