ЗАМАНАУИ ЗАУЫТ

Уақыты: 03.04.2018
Оқылды: 1124
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиев ауданға жұмыс сапарын Қасымбек ауылында орналасқан «Тексан Қазақстан Инвест» ЖШС-мен танысудан бастады. Жарық-электр жабдықтарын және металл бұйымдарын шығаратын зауыттың өндіріс үдерісін халық қалаулысына кәсіпорынның бас инженері Ілияс Төреқұлов көрсетті. 

Цехтарды аралау барысында тұрақты дамып келе жатқан болашағы зор өндіріс орнының қол жеткізген жетістіктері таныстырылды. Зауытта жарықдиодты шамдардың 350-ден астам түрі шығарылады. Олардың қатарында кеңсеге, көшеге, тұрмысқа және өнеркәсіп орындарына арналған әртүрлі шамдар бар. Сонымен қатар, ыңғайлы оқушы парталары, көшеге, саябақтарға арналған әдемі орындықтар, кеңсе сейфтері, төсек сияқты басқа да сапалы бұйымдар өндіреді. Бұйымға қажетті ою-өрнек лазер қондырғысымен салынады. Серіктестік өткен жылы айына 200 мың бірлік өнім шығарып келді. Бұл еліміздегі нарық сұранысының 70 пайызын қамтиды деген сөз. Зауыт өнімдері таяу шетелдерге, сондай-ақ, Парсы шығанағы мен Латын Америкасына да экспортталады. Жыл сайын зауыттың техникалық жарақтандырылуына 500 млн. теңге инвестиция салынады. 2012 жылы 25 жұмысшымен ісін бастаған кәсіпорында бүгінде 220 адам тұрақты жұмыс істейді.
Сапалы өнімдер шығаратын зауыт еңбекшілерімен жүздескен депутат олардың жағдайын сұрап біліп, Елбасы Жолдауында айтылған Төртінші өнеркәсіптік революция алға қойған талаптар, отандық өнімді өрістету, жаңа технологиялар енгізуде әлемдік өркениеттен қалмау туралы әңгімеледі. Бұдан бес-алты жыл  бұрын ауылда бой көтерген өндіріс орнының қазіргі ізденісті жұмысына ризашылығын білдірді.
Халық қалаулысы одан соң аудан орталығында өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бой көтерген Ұзынағаш  орта мектебінде болды. Сәулеті келіскен заманауи үлгідегі 1200 орынды білім шаңырағының салтанатты ашылу лентасын облыс әкімі Амандық Баталов өзі қиған болатын. Мәжіліс депутаты мектеп ішін аралап, онда ұстаздардың нәтижелі жұмыс істеуіне және шәкірттердің сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай жасалғанын көрді. 61 сынып бөлмесі бар үлкен мектепте 67 интерактивті тақта, екі кітапхана, 230 орынды асхана жұмыс істейді, ғаламтор желісіне қосылған. Ауыл шетіндегі жаңа көшеде бой көтерген еңселі білім шаңырағында бүгінде 690 оқушы білім алады.  Мұнда қызмет ететін мұғалімдердің 30 пайызы жас мамандар. 
Қожахан Көкірекбайұлы ұстаздар тобымен сапалы білім беру мәселелері төңірегінде ой бөлісті. Депутатпен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұмабек Шажабаев бірге болды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы