МАЛЫ ҚОҢДЫ, ӨРІСІ ТӨЛДІ

Уақыты: 03.04.2018
Оқылды: 1947
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп аманат еткен баба қазақтың атакәсібі өңірде жанданып келеді. Сөзіміздің айқын көрінісі, биыл облыс шопандары сақпанға 1,5 млн. саулықпен кіріп отыр.  Қазірдің өзінде төл саны 300 мың бастан асқан. Бұл мал төлдету науқанының қыза бастаған тұсы. Қазір Лабасы ауылдық округіне қарасты «Шаңырақ» серіктестігінде де малшы өмірінің нағыз қарбалас сәті басталды. 

Биыл аталған серіктестік бес мыңнан астам саулық қойдан төл алуды жоспарлаған. Тұп-тура тоғыз отар өргізген ұжым бұл. Қозысы қашып, тоқты туатын осы бір бұйра-бұйра құмның да қасиеті бөлек. Соның арқасында мал да қоңды. Қора  төңірегіндегі төбе-төбенің етегінде төлдеп қалған қойдың да саны көбейді. Бірер күнде мұнда жаппай төлдеу басталмақ. Осы орайда биыл қыс жайлы болғанын, малшылардың қыс қырынан қысылмай шыққанын тілге тиек еткен аға шопан Бауыржан Жақыпов:
– Нағыз қарбалас шақ енді басталады. Біз төл алып, бағып-күтуден шаршамаймыз. Тек сол кезде күн райы дұрыс болса дейміз.  Ондай жағдайда төл де жылдам ширап, тез отығар еді. Ал ауа райы қолайсыз болса, ең қиын кез сол, – дейді. 
Бел-белдің ықтасын тұстарына тұрақ тепкен іргелі шаруашылықта өзге түліктің де өсімі байқалады. Бие құлындап, сиыр бұзаулап қорада да, далада да абыр-сабыр басталған. Бізді шаруашылық жайымен таныстырған ферма меңгерушісі Айбек Жаманқұлов серіктестіктің жылқының қазақы жабы тұқымын, ал сиырдың әулиекөл тұқымын көбейтіп отырғанын айтты.  
– Қазір 500 бастан аса жылқымыз бар. Қамбарата түлігі әзірге толық құлындап біткен жоқ. Ал  ірі қара жайына келсек, 200 бастың үстінде  сиырымыз бар. Ол жерде де төлдеу науқаны жүріп жатыр, – дейді ферма меңгерушісі.  
Осы ретте, малшылар “Мал баққанға бітеді» деген сөздің бекер айтылмағанын, мал бағудың да үлкен қыр-сыры мол үлкен ғылым екенін айта келіп, жастарды атакәсіпке баулудың маңыздылығын жеткізді. Бұл мәселеде шаруашылықтың ұтқаны көп. Ұжым Талдықорғандағы ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Нәтижесінде, мал төлдету науқанында студенттер тәжірибеден өтіп, білімін онан ары шыңдай түседі. Биыл 20-ға жуық болашақ ветеринар мал төлдету науқанына кіріскен. 
Біз теория жүзінде қанша нәрсені үйреткенмен оларды бірде қызықтыра алсақ, бірде қызықтыра алмайтын шығармыз, – дейді  Талдықорған агротехникалық колледжінің оқытушысы Әйгерім Хасен. Себебі, бала өмірге араласып, шаруашылыққа бой үйреткеннен кейін ғана олардың мамандықтарына деген қызығушылығы арта түсетіні анық.
Осылайша көптің күші жұмылған ірі шаруашылық науқанды сәтті аяқтауға дайындықтары жеткілікті екенін көрсетіп үлгерді.

Қ. ӘБДІҒАПАР
Көксу ауданы