КЕЛЕШЕГІ ЖАРҚЫН КЕЛІСІМ

Уақыты: 06.04.2018
Оқылды: 1073
Бөлім: ЭКОНОМИКА

    Өңір басшысы Амандық Баталов Польша Республикасының Люблин воеводынан келген делегациямен бірге Көрме кешені мен Салтанат сарайын аралады. Көрме кешенінде көптеген компаниялар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, завод-фабрикалар өз өнімдерін назарға ұсынды

 

    Айталық, келешекте «Қайнар АКБ» аккумулятор зауыты электр энергиясымен  жүретін көлікке арналған аккумулятор шығаруға дайындық үстінде. Тұрмыстық, сәулет, құрылыс, энергетика және ауылшаруашылығы  өнімдерін өндіру жайы да жандана түспек. Осы орайда «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алатын орны ерекше. Осылармен танысқан Люблин воеводтығының маршалы Славомир Сосновски «Лепсинск өнімі» ЖШС-нің балынан ауыз тиді. Сондай-ақ, ұлттық бұйымдарды тамашалап, шұбат ішті. Өте дәмді екендігін айтып, қай салада болмасын бірлесіп жұмыс істеуге әзірлігін жеткізді. Делегация мүшелері жаңадан бой түзеп, сәулеттің озық үлгісіне айналған Салтанат сарайын аралады. Оның қандай мақсатта салынғанын бағамдап, шаңырақ көтерген жастардың осында келіп некелерін қиятынынан хабардар болды.
    Салтанат сарайындағы басқосу облыстың инвестициялық климатын жақсарту және инвестор тартуға бағытталған өңірлік кеңестің отырысымен жалғасты. Кеңес Алматы облысы жайлы фильммен басталды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов жүргізді. Алғашқы сөздің тізгінін алған Амандық Ғаббасұлы аймақтың әлеуметтік, экономикалық жағдайымен таныстырып, келешекте атқарылатын жоспарлармен бөлісті және инвестор тарту мәселесін тілге тиек етті. Экологиялық таза ауылшаруашылығы өнімдерін өсіру және сатумен айналысатын қазақстандық компания «Apple World» ЖШС директорының көмекшісі Бекежан Кунтаев шырын, алма өндірісі, мал шаруашылығын дамыту саласындағы тың жаңалықтарын жеткізді. Өңірлік туризмді дамыту мәселесі сөз болып, әлемдік экономикада үлкен маңызға ие «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» АҚ мен «Алтынкөл» стансысындағы «Құрғақ порт» жайлы мәлімделді. Басқосуда Польша туралы да фильм көрсетіліп, республиканың бүгінгі даму қарқыны көрініс тапты. Славомир Сосновски екі ел арасында студенттер алмасып оқуларына мүмкіндік ашу туралы ұсынысын айтты. Естеріңізде болса, былтыр облыстан Польша мемлекетінің Люблин қаласына 17 студент білім алуға аттанған болатын. Алдағы уақытта олардың қатары қалыңдай түспек.
– Құрметті әріптестер, барлықтарыңызға рахмет. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығаюы үшін еңбек етуге шақырамын. Бұл тек бастамасы деп ойлаймын. Келешекте өз нәтижесін береді деген сенімдемін, – деді қорытынды сөз сөйлеген Амандық Баталов.
   Жиын соңында Талдықорған қаласындағы көпсалалы аурухана мен Бяла Подляскадағы воеводтықтың мамандандырылған ауруханасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ.