АРҚАҒА АЛМАТЫНЫҢ АПОРТЫ КЕЛДІ

Уақыты: 18.09.2018
Оқылды: 1512
Бөлім: ЭКОНОМИКА

  Қыркүйектің 15-16 күндері елордамыз Астанада Алматы облысының күндері өтті. Екі күнге созылған шарада Жетісу жерінен ат терлетіп жеткен ауылшаруашылығы тауар өндірушілердің кеңейтілген жәрмеңкесі мен өнерпаздардың мерекелік концерті ұйымдастырылды. 

 

 Алдымен  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Астана қаласының жаңа әкімі Бақыт Сұлтанов Жетісу өңірінен жеткізілген ауылшаруашылығы жәрмеңкесін аралады. Бұл жолы Жетісу аймағының үш қаласы мен он жеті аудан орталығынан келген шаруалар жалпы көлемі 470 тоннадан асатын өнімдерді ұсынды. 
   Халық көп жиналған жәрмеңкеде бағасы 200 теңгеден саудаланған Алматының апорт алмасын алушылар көп болды. Картоп, балғар бұрышы, бал және қарынға сақталған сары май өнімдеріне сұраныс та аз болған жоқ. Әкімдер жәрмеңкедегі жеміс-жидек, көкөніс, ет, сүт өнімдері қойылған сөрелерді аралап,  сапасы мен бағасына ерекше мән берді. Алматының танымал апортына қызығушылық танытқан Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов алма сатып алды. Сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева да жәрмеңкеге келіп, көкөністің небір түрін сатып алды. 
– Жетісу жерінде өсіріліп, өндірілген өнімдерді Астана жұртшылығы жақсы біледі және асыға күтеді. Жәрмеңкеге қырықтан аса автокөлікпен 470 млн. теңгелік азық-түлік жеткізілді. Бұл тауарлар нарықтағы бағадан 10-25 пайызға, кей өнімдер 33 пайызға дейін арзан саудаланды. Біздің аймақта өңдеу өнеркәсібі жақсы дамыған. Бүгінгі базарда «Алматы боттлерс», «Алма био», «Сарыбұлақ», «Алатау құс» сынды танымал маркалар бар, – деді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішов. Басқарма басшысының айтуынша, биыл жеткізілген өнім көлемі 110 тоннаға артық және өнім түрі 48-ге дейін көбейген. Оның ішінде көкөніс 160,1 тонна, ет өнімдері 21,8 тонна, сүт өнімдері 13,7 тонна, жеміс-жидек 43,4 тонна, картоп  41,9 тонна, балық өнімдері 11,7 тонна және өзге өнімдер 175 тоннаны құрап отыр.
– Алматы облысында жеміс-жидектің барлық түрі өседі. Бұл шараға облыстағы 17 аудан, Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалалары мен «Жетісу»ӘКК» ҰК» АҚ шаруалары тұтас атсалысуда. Өңірімізден шыққан тауарлар Алматы қаласында апта сайын сатылады. Тіпті, қауын-қарбыз, жүзімге арналған жәрмең-     келер де ұйымдастырылады. Алдағы уақытта пияз жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай жәрмеңкелер бағаның тұрақтануына және халықтың қысқа қамдануына септігін тигізеді, – деді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы.
Жәрмеңкені аралап көрген Амандық Ғаббасұлы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов және Алматы облысынан келген делегаттармен бірге «Жетісу» саябағын аралады. Елорданың өркендеуіне барша қазақ даласы атсалысуда. «Жетісу» саябағы – Алматы облысының Астананың 20 жылдығына жасаған тамаша тартуы. Саябақта өңірдің барлық көрнекті, тарихи орындары көрініс тапқан. Кіреберісіндегі жеті өзен мен асқақ Алатауды бейнелеген жеті аркадан бастап, «Апорт», «Тәңірі» алаңдары, «Таңбалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар, Шарын шатқалының үлгілері бар. Бүгінде «Жетісу» саябағы Елорда тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналды. 
   Саябақтың ортасында орналасқан амфитеатрда облыс басшысы тұрғындарды Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, саябақтың құрылысына атсалысқан бірнеше құрылысшыны арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Шара соңында Алматы облыстық филармониясының оркестрі күмбірлетіп күй тартса, Өмірқұл Айниязов, Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, «Үш Қоңыр» триосы секілді өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама Астана тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

Олжас СӘНДІБЕК
Астана