ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Уақыты: 20.09.2018
Оқылды: 1370
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   «ТАЭТК» АҚ кейінгі жылдары үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша электр стансыларының қуатын арттыру, ұлттық және өңірлік электр тораптарын дамыту, электр желілері мен жабдықтарды жөндеу және пайдалануды жүзеге асыру міндетін қолға алды. Олар биыл Жаркент қосалқы стансысындағы трансформаторын ауыстырды. Жалпы 606758,80 мың теңгеден астам инвестиция салынған жобаның нәтижесінде жаңғыруға дейінгі электр энергиясының шығымы 7,0 пайызға төмендеп, жалпы экономикалық тиімділік 6499,0 мың теңгені құрады. Осындай жақсы жетістікке Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекеге қабілеттілікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Алматы облысы бойынша департаменті мен «ТАЭТК» АҚ ұйымдастырған пресс-турда көз жеткіздік.

 

   Күнделікті өмірді жарықсыз елестету мүмкін емес. Демек, осы сала мамандарының еңбегі ерен. Қазіргі таңда Қазақстанда электр тұтыну көлемі жылына 5-7 пайызға өсіп отыр. Осындай игілікті жетістіктерді «ТАЭТК» АҚ-ның атқарып отырған жұмыстарынан көруге болады. Олар 2016 – 2020 жылдарға арналған бағдарлама аясында қыруар қаржы жұмсап, жоспар бойынша өңір тұрғындарын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуде.  
– Жалпы, «ТАЭТК» АҚ-на қарасты он бір аудандық электр желісі, он жеті тарату пункті  бар. Олар 323 елді мекендегі 118,5 шаршы шақырым аумаққа, 185473 тұтынушыға қызмет көрсетеді. Электр желілерінің жалпы ұзындығы 12 мың шақырымнан асады. Өткен жылы олар өз желілері арқылы тасымалдаған электр қуатының көлемін 690,2 млн. кВт/сағ-тан асырды. Бірақ тұрғындар санының артуы, жаңа елді мекендер қатарының көбеюі электр қуатына деген қажеттілікті көбейте түсуде, – дейді «ТАЭТК» АҚ  басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Гүлнар Адамбекова. 
   Тұрғындар саны артып, инфрақұрылымы өсіп келе жатқан елді мекеннің бірі – Жаркент қаласы. Оның үстіне Жаркентте Қазақстан – Қытай сауда ынтымақтастығын дамыту бойынша қолға алынған ауқымды жобалар да аз емес. Ол электр энергиясына деген қажеттілікті арттыруда. Сондықтан, «ТАЭТК» АҚ биылғы жаңғырту жұмысына бөлінген қаражаттың бәрін Жаркент өңірінің электр желілерін жаңалауға аударып, ондағы  трансформаторлар мен электр желілеріне түсетін жүктеменің салмағын жеңілдетті. 
– Өткен жылы «ТАЭТК» АҚ өңірлік желілерді жаңғырту бойынша жалпы 507570,0 мың теңге игерді. Осы қаражат есебінде Үшарал, Бескөл, Сарыөзек, Сарқан елді мекендеріндегі электр желілері жаңартылды. Сол қатарда төмен кернеулі ӘЖ-10/0,4кв. электр желілерін жаңғырту бойынша 52917 дана төменгі дейгейлік ЭЭКЕАЖ енгізу қарастырылған  соның ішінде, Талдықорған қаласы бойынша 21267 дана орнатылып, қала халқының жарыққа деген қажеттілігін шешуге күш салды. Биылғы Жаркент қаласының электр желісін қайта жаңғыртудан өткізу жұмысы сәтті аяқталып келеді. Ең бастысы, Жаркент қосалқы стансысындағы 16000 кВа күштік трансформаторы Т-2 қуаты 25000 кВа-ға ауыстырылып, электр энергиясының жетіспеушілігі артта қалды, – дейді «ТАЭТК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Манат Сауранбаев.
   Істелген жұмыс ауқымды. Манат Нәукенұлы Жаркент аудандық электр желілері мекемесі ауласына орнатылған ТКС №40 ӘК-10/0,4, ТКС №407     К-10/0,4, ТКС №48 ӘК-10/0,4 және КС 110/35/10 №134 құрылғыларының қуаттылығы мен жұмыс барысын таныстырып, көшелерге орнатылған цемент бағаналар мен электр желісін көрсетті. Қысқасы, қытайлық технологиялар негізінде құрастырылған заманауи құрылғылардың тиімділігі бірден байқалады. 
   Панфилов ауданында 500 шақырымның үстінде электр желісі бар. «ТАЭТК» АҚ Жаркент электр желісі мекемесінің басшысы Талғат     Инсенов жаңғырту жұмысы аясында оның дені жаңартылып, осыған дейін электр энергиясы тұрғысынан туындайтын қиыншылықтың артта қалғанын жеткізіп, алдағы жоспарымен бөлісті. Шарада аудандық мәслихат депутаты Құрманжан Ахметқалиев пен ардагер энергетика маманы Төлеубек Елеусізов жұмыс саласының бұрынғы және қазіргі жағдайларын сөз етіп, ойларымен бөлісті. Ал Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекеге қабілеттілікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Шарапиева атқарылған жұмыстың ауқымдылығын тілге тиек етіп, қаржының тиімді жұмсалғанын жеткізді.

Қажет АНДАС.