Амандық БАТАЛОВ УӘДЕСІНДЕ ТҰРДЫ

Уақыты: 23.11.2018
Оқылды: 1386
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талғар қаласындағы «Мелиоратор» ықшамауданының көпқабатты тұрғын үйлері орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды. Былтырғы қақаған қыста жылусыз қалған «Бозторғай», «Мелиоратор» ықшамаудандарындағы мүшкіл жағдайды арнайы келіп, көріп-білген облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ осындағы 23 көпқабатты үйді орталықтандырылған газ құбырына қосуды ұйғарып, оның орындалуын өзі тікелей басшылыққа алған еді.

Ала жаздай тынымсыз жұмыстар атқарылып, уәделі істің уақытылы орындалып, жылыту маусымына сақадай-сай болуына үлкен күш салынды. Соның нәтижесінде аталған ықшамаудандардағы 23 көппәтерлі үйді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу пилоттық режимде жүзеге асты. Осы мақсатта екі ықшамауданға 6 блокты-модульдық қазандық орнатылды. Оның 2 қазандығы «Бозторғай» ықшамауданындағы 178 көппәтерлі 6 үйді жылытуға арналса, 4 қазандық «Мелиоратор» ықшамауданындағы 360 пәтерлі 17 көпқабатты үйді жылытуға жоспарланған.

Міне, қазан айынан жұмысқа кірісе бастаған қазандықтардың ең соңғысы бүгін іске қосылды. Көпқабатты үйлерге газ құбырларын тарту ісімен мердігер компания «Асыл Тау» ЖШС айналысты.

- Серіктестік еңбеккерлері өздеріне тапсырылған жұмыстардың тиянақты әрі сапалы атқарылуына баса көңіл аударды. Нәтижесінде жылыту құбырларын тарту жұмыстары уақытылы аяқталып, көпшіліктің алғысын арқалаудамыз, – дейді серіктестіктің учаскелік басшысы Қайрат Әлиасқаров.

- Қыстан қысылмай шығу адам денсаулығы мен тұрмысы үшін аса маңызды. Өткен жылдың қиындықтарын артта қалдырып, жылы да шуақты шаңырақта уайымсыз тіршілік жасауларыңыз үшін облыс әкімі бар мүмкіндікті жасады. Өздеріңізге уәде еткеніндей, жылыту қазандықтарының ең соңғысы іске қосылып, қуанышқа бөленгендеріңіздің куәсі болып тұрмыз. Халықтың қамын бір сәтте естен шығармайтын Елбасы тарифті төмендету туралы тапсырма берді. Бұл да қуанарлық жайт. Сондықтан, сіздердің көңіл-күйлеріңізді білуге арнайы келдім, – деген облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.

- Бұрын-соңды мұндай рахат күйді бастан кешпептік. Күздің қара суығы басталысымен от жағудың бейнетін көретін едік. Отын-көмір дайындаудың қиындығын өз алдына мәселе еді. Енді міне, үйіміз бір орталықтан жылып, марқайып қалдық. Қабат-қабат киетін киімнен де арылдық. Енді көмір тасып, күл шығармаймыз. Үйіміз тап-таза, – деген пәтер иелері кооперативінің төрайымы Любовь Вербицкая «Мелиоратор» ықшамауданындағы тұрғындар атынан әкімдік өкілдеріне ризашылығын білдірді. "Былтырғы қыста туыстарды жағалап кетіп едік, енді үйіміздің жылуына қызыққан жұрт бізден шықпайтын болды", – деп әзіл тастаған зейнеткер Светлана Безбородова бастаған тұрғындар облыс әкіміне айрықша алғыстарын жаудырды.

Ағыбай САРЖАҚОВ,

«Мелиоратор» ықшамауданының тұрғыны, зейнеткер:


- Талғардағы көпқабатты тұрғын үйлерде тоқырау жылдарынан бері орталықтандырылған жылу жүйесі жұмыс істемей тұрған еді. Тұрғындар жылдар бойы бес қабатты үйлеріне көмір тасып, күл шығарып, қыс аяқталғанша азап көретін. Өткен жылғы өкпені қысқан қыста тұрғындардың жағдайы тіптен қиындап кетті. Оны өз көзімен көрген облыс басшысы Амандық Баталов ықшамауданға жылу құбырын тартып беруге уәде берген. «Уәде – Құдай сөзі» демекші, мойнына алған істің тиянақты түрде аяқталуын назардан тыс қалдырмады. Оған тұрғындар түгелдей куә. «Бозторғай» мен «Мелиоратор» ықшамаудандарына газ тарту жолында тұрғындармен сан мәрте түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, облыс әкімінің тапсырмасын орындауда жауапты сала мамандары тынымсыз еңбек етті. Облыс әкімінің орынбасарларымен қатар аудан әкімі Рыскелді Ахметқалиұлы жылу пештерінің толықтай іске қосылуын қадағалаумен болды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бірлесе атқарған істің арқасында көппәтерлі үйлеріміз бір қазандықтан жылытылып, шаңырағымызда жайлылық орнады.

 

Көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездескен облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов өз кезегінде қысыл-таяң уақытта түсіністікпен қарап, жылыту маусымына дайындықта жұдырықтай жұмыла атсалысқан тұрғындарға өзінің тарапынан ризашылығын айтты. Сонымен қатар, халықты алдағы уақытта тамаққа пайдаланатын газ пештерін орнату мен ыстық су қосуда да ауызбіршілік танытуға шақырды. Әкім орынбасары пәтер иелері кооперативі жетекшілеріне тұрғындар тілегіне құлақ асып, аулаларды көгалдандыру, жолды, балалардың ойын алаңдарын ретке келтіру жұмыстарын ұйымдастыруда ұтқыр болуды тапсырды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы