ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Уақыты: 30.11.2018
Оқылды: 3472
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы мен Жамбыл облыстарында суармалы жағдайда аса бағалы техникалық дақыл саналатын қант қызылшасы өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап егіле бастады. Себебі, екі облыстың жер жағдайы мен ауа райы аталған дақылды өсіруге өте қолайлы. Кезінде осы облыстардағы суармалы жердің басым бөлігін қант қызылшасы алып жатты. Қазіргі кезде оны өндіру қиын жағдайға тап болып отыр. 1970 – 2010 жылдар аралығында қант қызылшасы өнімінің түсімі гектарына 350-ден 110-150 центнерге, қанттылығы 14,4-тен 9-11 пайызға дейін кеміді. Егіс көлемі де күрт төмендеді. Мысалы, өткен ғасырдың 70-ші жылдары қызылшаның егіс көлемі 77 мың гектарды құраса, кейбір шаруашылықтар орта есеппен әр гектардан 450-500 центнерден өнім алды.

Қазақтың егіншілік ғылыми зерттеу институтының ғалымдары (Рамазанова, биология ғылымының докторы) әр гектардан 700 центнерден түсім алып, қанттылығы 14-15 пайызды құрады. Сөйтіп, ел дастарқанында экологиялық жағынан таза әрі арзан құмшекер болды. Ал бүгінде бұл дақылдың егіс көлемі 10 мың гектардан аспайды, түсімі де 4-6 есеге дейін кеміді.

Қазақстан қант қызылшасын өсіретін елдердің қатарына жатады. Соған қарамастан біз өзімізді қантпен небәрі 5-ақ пайызға қанағаттандырамыз. Қалған қант Ресей, Украина, Белоруссиядан әкелінеді. Соңғы жылдары Бразилия, Аргентина, Куба мемлекеттерінен жеткізілетін шикізатты тасымалдау тоқтатылды. Яғни, ақ қант тапшылығы негізінен үш славян елдерінен сатып әкелінетін құмшекермен жабылуда. Ал шет елден сатып алынатын өнім бағасы жыл өткен сайын қымбаттап барады. Сөйтіп, қызылша өсіруші елдердің құмшекеріне деген тәуелділік жылдан-жылға артып келеді.

Елде қызылша өңдейтін 8 зауыт жұмыс істеді. Қазір Жамбыл, Көксу және Ақсу қант зауыттары ғана жұмыс істейді. Осы  зауыттардың өзі шикізаттың жетіспеушілігінен бір-екі ай ғана жұмыс істейді. Сондықтан, аталған саланың жұмысын жандандыру үшін алдымен ғылыми түрде жұмыс жүргізген жөн. Қант қызылшасын ғылыми негізде өркендету үшін агротехникалық шараларды сақтап, ауруларға төзімді жаңа сорттар мен будандарды шығару қажет. Сөйтіп, оларды өндіріске тездетіп ендіру керек. Республикада соңғы 40-50 жылда суармалы жер жүйесіз пайдаланылуда. Егістікте ауыспалы егіс жүйесін сақтамаудың салдарынан қызылшаның өнімі мен егіс көлемі күрт азайды. Көптеген шаруашылықта қызылша өсіруде агротехникалық тәсілдерді бұзуға жол берілді. Кейбір фермерлер тәтті түбір егуде суару жүйесін дұрыс сақтамайды. Соның салдарынан көптеген шаруашылықтың егістіктері аталған дақылды өсіруге жарамсыз.

Топырақта ауру қоздырушы фузариоз бен ризоктониоз фитопатоген спораларының саны өте жоғары. Көптеген танапта ауру қоздырушы споралардың саны 1 млн., тіпті одан да көп. Ауыспалы егіс жүйесін сақтамаудың салдары және өндірісте себілетін сорттар мен будандардың дақылда кездесетін ауруларға төзімділігінің жоқтығы қызылша егістігінде көптеген зиянды аурулардың кең таралуына жол ашады. Республика бойынша қызылша өсіретін танаптарда 30-ға жуық ауру түрі кездеседі. Оның ішінде ең кең таралғаны және зияндысы тамыржегі, ақұнтақ, әртүрлі дақ аурулары (церкоспороз, пероноспороз, фомоз, тағы басқалары) және тамыржемісі шірігі. Аталған соңғы ауру өте қауіпті. Бұл аурулар өнім түсімін кемітіп, қанттылығын азайтады.

Қазақ өсімдік және карантин ҒЗИ-ында аталған зиянды аурулар қоздырғыштарының биологиялық ерекшеліктері (аурудың қай кезде пайда болатыны, таралу динамикасы), зияндылығы, онымен күресу жолдары талай жыл (40-50 жыл) зерттеліп, тамыржегі, ақұнтақ, әртүрлі дақ, тамыржемісі шірігі ауруларына агротехникалық, биологиялық, химиялық тәсілдердің тиімділігі анықталып, жоғарыда келтірілген шаралар өндіріске енгізілді. Осы күнге дейін Алматы, Жамбыл облыстарының Іле, Көксу, Ескелді, Қордай, Шу, Мерке аудандары танаптарындағы топырақта тамыршірігі ауруының  қоздырғыштары көп жиналған. Егістіктерде шірік ауруына қарсы тәсілдердің тиімділігі өте төмен. Ауруға төзімсіз сорттар мен будандарды егу, суару мөлшері мен мерзімдерін және органикалық, минералды тыңайтқыштарды қолданбау қант қызылшасының ауруға төзімділігін кемітті.

Дақылдың өте зиянды шірік аурулары кең таралды. Топырақта әртүрлі ауру тудыратын саңырауқұлақтар мен бактериялардың споралары еселеп өсіп, өнім төмендеді. Ғалым Н. Шевченконың мәліметтері бойынша елде осы дақылды алғаш еге бастаған 40-шы жылдары осы дақылдың тамыржемісі шірігі аурулары өте төмен, небәрі 0,1- 05 пайыз шамасында кездесті. Бүгінде Алматы, Жамбыл облыстарының көптеген шаруашылығында ауа райына байланысты әртүрлі деңгейде тамыржегі, ақұнтақ, церкоспороз аурулары кең таралды, кей жылдары эпифитотилық жағдайға дейін дамиды.

Тамыржегі ауруынан жас өскіндерді қорғау үшін агротехникалық және химиялық тәсілдер қолданылады. Атап айтқанда, терең етіп сүдігер жыртылып, көктемгі жауын-шашынды жылдары беті қатты топырақ босатылады. Бұл жас өскіндердің ауруға шалдығуын азайтады. Қызылшаны қолайлы уақытта, топырақ беті 10-120С жылылығында (сәуір айының екінші жартысында) еккен дұрыс. Ең бастысы, тұқым себер алдында жүйелі немесе қоспа фунгицидтердің бірімен, яғни, 4кг/т  ТМТД-мен, 6кг/т тачигэренмен, 3л/т деразолмен, 3кг/т фундазолмен өңдеген дұрыс. Бұл аталған шара тұқымның зеңденуін тежеп, тамыржемісі шірігінің таралуын 1,5–2 есеге азайтады. Қант қызылшасы өнімін 15–20 пайыз, қанттылығын 0,5–1,5 пайыз арттырады.

Қант қызылшасының дақ ауруларына (ақ ұнтақ және церкоспороз) қарсы тиімді тәсілдердің бірі – химиялық  препараттарды (скор, импак, фундазол) шашу жапырақта кездесетін ауруларды емдейді. Жоғарыда аталған аурулар ауа райына байланысты маусым айының соңында немесе шілде айының басында шығады. Сондықтан аурудың алғашқы белгісі байқалған жағдайда жоғарыда көрсетілген препараттарды қолданған жөн. Егер аурудың деңгейі 5-7 пайызға жеткенде қолданылса, аталған фунгицидтердің тиімділігі болмайды. Себебі, аурудың споралары (конидийлары) екі-үш күн ішінде бүкіл алқапқа тез тарайды. Жоғарыда келтірілген препараттардың ішіндегі ең тиімдісі әр гектарға 4л скор шашу болып табылады.

Ал жоғарыда аталған дақ ауруларының таралуын азайту үшін ауыспалы егістіктің пайдасы зор. Сонымен бірге осы аурулардың қоздырғыштары қыстайтын өсімдік қалдықтары мен жапырақтарын жою керек. Ол үшін күз айларында терең етіп сүдігер жыртылады. Себебі, ақұнтақ ауруының қоздырғышы клейстотеции және конидий түрінде, ал церкоспороз қоздырғышы строма түрінде өсімдік қалдықтарында қыстап шығады. Соңғы жылдары республикада қант қызылшасы егістігінде ең кең таралған және қауіптісі фузариоз, ризоктониоз және бактериялық тамыржемісі шіріктері аурулары. Қазақ өсімдік және карантин ҒЗИ-ның мәліменттеріне сәйкес бұл аурулармен зақымданған танаптардан алынған түсім мөлшері 50-70 пайыз, одан да көп деңгейге кемиді. Ал қанттылығы 1-2 пайызға дейін азаяды.

Аурудың алғашқы белгілері маусым айының алғашқы күндері немесе 4-5 қос жапырақ шыққанда пайда болады. Шірік ауруына шалдыққан өсімдіктің тамыржемісі зақымданған жерде саңырауқұлақтар жіпшіктері көп өседі және біртіндеп ішкі тіндер шіриді. Соның салдарынан өсіп тұрған қызылша жапырақтары сарғайып, сола бастайды және өсімдіктің өсуі бәсеңдейді. Егер өсімдік ауруға қатты шалдықса, онда тамыржемісінің ұшында көптеген ұсақ тамырлар пайда болады, соңынан өсімдік түгел қурайды. Ауруға шалдыққан қызылша топырақтан оңай суырылады.

Еуропалық ғалымдардың мәліметтері бойынша тамыржемісі шіріктерімен күресудің ең тиімді жолы – ол осы ауруға төзімді сорттар мен будандарды шығарып, тезірек өндіріске ендіру және қызылша егетін танаптың құнарлылығын сақтау. Ол үшін ауыспалы егіс жүйесін сақтау керек. Қызылшаны бір жерге үнемі қайталап  егу шірік ауруының кең таралуына себеп болады. Қазақ дәнді дақылдар және егіншілік ҒЗИ-ның селекционерлерімен бірге осы институттың 400-ге жуық сорттары мен будандарына табиғи және жасанды індет жағдайында шірік ауруы қоздырғыштарының төзімділігіне баға берілді. Нәтижесінде жоғарыда көрсетілген сорттар мен селекциялық материалдардың көптеген құнды белгілері мен қасиеттерінің бар екені анықталды.

Бірақ олардың ең басты кемшілігі – ауруларға төзімділерінің жоқ екені анықталды. Қазақ селекционерлері 50 жыл шығарған қызылша сорттары мен будандарының арасынан шірік ауруына төзімділері кездеспеді және олар 90-100 пайызға залалданды. Себебі, кезінде осы егіншілік институтында иммунологиялық селекциялық жұмыстар жүргізілмеген. Қазір елде бұл дақылдың өндірісте себіліп жүргені Германия, Франция және Нидерланды сорттары мен будандары. 2006 – 2010 жылдары Украина ғалымдары мен академиктері Н. Роик пен И. Корниенко және аталмыш егіншілік институтының селекционері К. Қоныспаев осы мақаланың авторымен бірігіп алғаш рет шірік ауруына төзімді сорттар мен будандар шығаруда келісімшарт жасап, шірікке төзімді будандар мен нөмірлер іріктеліп алынды.

Олардың ішінен шірік ауруына төзімділері бастапқы материалдар ретінде селекциялық және иммунологиялық жұмысқа қатыстырылып, келешегінен зор үміт күттіретін КазМС-20, Айкүміс шірік ауруына төзімді будандар мен линиялар алынды. Алынған будандар Қазақстан аймақтарына бейімделген, жоғары өнімді, қанттылығы 17-19 пайызды құрайды. Сонымен бірге оларды отандық қызылша сорттары мен будандарын шығару және болашақ селекциялық жұмыс үшін қолдануға болатыны анықталды. Көрсетілген будандар тек шірік ауруына ғана емес, сондай-ақ, барлық дақ ауруларына да төзімді. Бірақ, елге керек осындай құнды ғылыми еңбек ақша жетпейді деген желеумен аяқсыз қалды.

Сонымен, елде шығарылған сорттар мен будандардың шірік ауруына төзімділігінің өте төмен болуынан және дақылды бір жерге бірнеше жыл егудің салдарынан топырақта фузариоз бен  ризоктониоз шірігі аурулары қоздырғыштарының споралары еселеп көбейді. Топырақта деградациялық үрдістер жүріп, қызылша егетін танаптардың құнарлылығы төмендеді. Осындай танаптарда өсірілген тәтті түбірдің тамыршірігі аруымен залалдануы 50-70 пайызға жетті. Ал Алматы облысының Ескелді, Көксу, Жамбыл облысының Қордай, Шу, Мерке аудандарында орналасқан ескі қызылша егетін танаптарда аурудың таралуы 100 пайыз болды. Ал алынған өнімнің түсімі бір гектардан 90-100 центнерді құрды.

Елде талай жыл қызылша өсірген шаруашылықтар мен фермерлер бүгінде қытай бұршағы мен астық дақылдарын өсіреді. Олар қант қызылшасын өсірудің тиімсіз екенін айтады. Себебі, елде жергілікті сорттардан алынған тұқымнан кем дегенде 120 центнерден артық өнім алынбайды, ал шетелдік тұқымнан 500 центнер, тіпті одан да жоғары өнім алуға мүмкіндік бар. Бірақ, шетелдік тұқым өте қымбат, оны сатып алуға шағын фермерлердің шамасы келмейді. Осындай тұқымды неге өзіміздің елде өндірмеске?!. Кеңестік дәуірде Қазақстанда қызылша дақылының тұқым шаруашылығының тиімді жүйесі жұмыс істеді. Қазақтың егіншілік ғылыми-зерттеу институты қант қызылшасының бастапқы тұқым шаруашылығымен айналысты. «Қаскелең өндірістік-тәжрибе шаруашылығы» элита тұқымын шығарып, 1-репродукциялы тұқым өндірумен Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының 4 шаруашылығы шұғылданды. Шу тұқым өңдеу зауыты тұқым себу кондициясына жеткізумен айналысты. Тұқым өндірудің жылдық мөлшері республика бойынша 400 тоннадан жоғары болды.

Бүгінде облыстардағы қызылша алқабының 70-80 пайызы шетелдік сорттардың тұқымымен егілуде. Оның басты себебі, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз жаңа нарықтық экономикалық қатынастарға бет бұрып, қалыптасқан жүйе толық бұзылды. Шудағы тұқым зауыты жұмыс істемейді, ол жекешелендіріліп, қайта мамандандырылды.

Соңғы жылдары тұқым өндірумен Панфилов ауданында «Қамқорлық» ЖШС айналысты. Жылына 5-7 тонна тұқым өндіретін, бірақ, өндірілген тұқым сапасы өте төмен болды. Оған, біріншіден, алынған коммерциялық сорттардың шірік ауруына төзімсіздігі және тұқымның тиімді препараттармен дәріленбеуі себеп.

Кезінде Алматы облысының Жамбыл ауданында «Сұраншы» өндірістік кооперативінің 120 гектарына коммерциялық сорт Ялтушковская односемянная 30, КазСиб-1 және шетелдік Стратос, Авантаж, Роксана тұқымдары себіліп, Ялтушковская односемянная 30, КазСиб-1 тұқымы егілген алқаптың әр гектарынан 90 центнерден өнім алынса, шетелдік тұқымдардан 420- 570 центнерден өнім жиналды. Шетелдік сорттардың қанттылығы өте жоғары (16,5-18,0 пайызды құрайды). Қазіргі кезде елде сапалы дәріленген, шірік ауруына төзімді, мол өнім беретін қант қызылшасының сорттары мен будандарының тұқымы жетіспейді, ал шетелдік тұқымдар өте қымбат.

Бүгінде шаруашылық пен фермерлердің 90 пайызы қызылша егістігінің 95 пайызын Германия, Франция, Нидерланды, тағы басқа мемлекеттерден әкелінген, осы елдер шығарған ауруларға төзімді, түсімі мол, тұқымдарының өнгіштігі жоғары Авантаж, Роксана, Бианка, Дора, Крокодил сияқты сорттары мен будандарының тұқымын егуге мәжбүр. Себебі, өз елімізде шірік ауруына төзімді, өнім түсімі жоғары, ауру қоздырғыштары мен зиянкестерге қарсы дәріленген сапалы тұқым жоқ және ол өндірілмейді. Ақсу, Сарқан аудандарында бірнеше мың гектар қызылша өсіруге тиімді жерлер бар. Сол аймақтардағы қызылша өсіретін танаптарда шірік ауруының споралары аз және қант қызылшасының шірік ауруымен залалдануы төмен, шірік ауруының таралу мөлшері 5-7 пайыздан аспайтын, кем дегенде 500 центнер, одан да мол өнім бере алатын 30-40 мың гектар жер бар.  

Сонымен осы дақыл егетін Жамбыл облысында да 35-45 мың гектар топырақта тамыржемісі шіріктерінің қоздырғыштары өте төмен мөлшерде кездесетін танаптар бар. Егер біз тәтті түбір алқаптарының көлемін 100 мың, түсімін әр гектардан 500 центнерге жеткізсек, 500 мың тонна құмшекер өндіруге мүмкіндік бар. Бұл дегеніміз, біз өзімізді қантпен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа да шығара аламыз. Сонымен бірге, ескі қызылша егілетін танаптар топырағының құнарын қалпына келтіру керек. Деградацияға ұшыраған алқаптарды қайта айналымға келтіру үшін қызылша дақылының шірік ауруларымен жоғары дәрежеде залалданған алқаптарында толық агротехникалық тәсілдерді сақтап, күз айларында деградацияға ұшыраған танаптарда сүдігер жыртар алдында жылда гектарына 40-60 тонна көң беру қажет. Содан кейін терең етіп (25-30см.) жыртып, топырақ құнарлылығын арттырған жөн.

Ал ескі қызылша егетін (өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бері себілетін) Алматы облысындағы Ескелді және Көксу аудандары, Жамбыл облысындағы Қордай, Шу, Мерке аудандарында қант қызылшасының тамыржемісі шірік ауруларының қоздырғыштарымен жоғары дәрежеде залалданған топырақтарда агротехникалық және химиялық тәсілдер өте тиімсіз. Себебі, жоғарыда көрсетілген аудандарда бірнеше жыл бойы қызылшаны бір жерге қайталап егудің салдарынан топырақта деградациялық үрдістер болды. Яғни, топырақтың құнарлылығы күрт төмендеп, көп мөлшерде ауру қоздыратын патогендердің споралары жиналып, осындай танаптарға егілген қызылша дақылы әр түрлі аурумен залалданып, аурудың егіс алқаптарына таралу мөлшері 70-100 пайызға жетті.

Ауру қоздырғыштары топырақ пен қызылша өсімдіктерінің қалдықтарында көп сақталады. Ал химиялық препараттарды топыраққа әр гектарға 100 келі, одан да жоғары мөлшерде шашу экономикалық және экологиялық тұрғыдан өте тиімсіз. Осы ескі танаптарға тек шірік ауруына төзімді сорттарды егу арқылы жоғары өнім алуға және топырақ эрозиясына ұшыраған алқаптардың құнарлылығын қалпына келтіруге болады. Қазақстанда 50 жыл шығарылған қызылша сорттары мен будандардың шірік ауруына төзімділігі өте төмен және олар 90-100 пайызға залалданады. Елде ғалымдарымыз қант қызылшасының ауруға төзімді сорттары мен будандарын шығарумен айналыспаған. 

Егер біз қызылша егістігін ұлғайтып, өнімді арттырып, елімізді қантпен қамтамасыз етеміз десек, осы мәселені шешу керек. Мәселен, Германияда жылына ондаған қызылша сорттары шығарылады. Оны жылда ротация жасап отырады. Яғни, сортты ротациялап егу дегеніміз, жаңадан шығарылған сорттар 4-5 жылға дейін шірік ауруымен залалданбайды, ал залалдана бастаған сортты басқа ауруға төзімді сортпен ауыстырып отырады. Еуропа, АҚШ, Канада, тағы басқа мемлекеттерде ең бірінші ауруға төзімді сорттарға көп көңіл бөлінеді. Бұл өзекті мәселені шешу үшін 20 шақты ғылыми-зерттеу институтының мамандарын шақырып, сараптама жүргізу керек.

Ә. МӘУИ,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы

Л. АНУАРОВА,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің доценті, биология ғылымдарының кандидаты, биология кафедрасының меңгерушісі