ДӘРЕТХАНАСЫ ЖОҚ ЖАНАРМАЙ БЕКЕТІ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ

Уақыты: 30.11.2018
Оқылды: 1421
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Алматы – Өскемен» күрежолының бойындағы жанар-жағармай құю бекеттерін Ұлттық стандартқа сәйкестендіру жұмысы бүгінде күн тәртібінде тұр. Бұл мәселе облыстағы депутаттардың да назарын аудара бастады. Өйткені осы төңірегінде жолаушылардан түскен шағымның көбеюі мәселенің әлі де шешімін толық таппағанын көрсетеді. Осыған орай, өткен жолы облыстық мәслихат пен «Қазавтожол» ҰК» АҚ тарапынан арнайы комиссия құрылып, Талдықорғаннан Алматыға дейінгі жол бойындағы нысандарды аралап, орын алған кемшіліктерді анықтап,  түзетуге тиісті жерлерін нысан иелеріне ескерткен болатын. 

Міне, содан бері бір жарым ай уақыт өтті. Комиссия мүшелері өткендегі ескертулердің орындалу барысын қайта пысықтап шығу үшін тағы да тексеру жұмысын жүргізді.

– "Алматы – Талдықорған" жолы қолданысқа берілгелі жүргіншілердің жүгі жеңілдеді. Бұрындары 4-5 сағатта әзер жететін жерге енді оның жартысындай ғана уақыт кетеді. Бүгінгі заман талабымен салынған тақтайдай жол тұрғындардың талабынан шықты. Бірақ жол бойындағы жанар-жағармай құю бекеттерін Ұлттық сатандартқа сәйкестендіру ісі әлі де ақсап тұр. Қазір бұл мәселеге облыстық мәслихаттың депутаттары араласа бастады. Бәріңізге белгілі, өңірімізде кәсіпкерлікке кең өріс ашылды. Облыстық әкімдік тарапынан да бизнестің өркендеуіне көп қолдау жасалуда. Ендеше, бизнесте заман талабына сай жұмыс жүргізгені жөн деп санаймын, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Әли Алпысбаев.

Бір байқағанымыз, жағдай бұрынғыдан көп өзгерген. Ескертілген кемшіліктің көбі дұрысталып, жұмыс өз жүйесіне түскен. Бірақ комиссияның ескертпесін орындамай, салғырыт қарағандар да табылды. Әсіресе, Қапшағай қаласының Шеңгелді ауылына орналасқан жанар-жағармай құю бекеті дені түзу бір дәретхана сала алмапты. Осы жолы да: «Кемшілікті 2-3 күнде орнына келтіреміз», – деген уәдемен құтылды. Жол бойындағы халыққа қызмет көрсететін нысандарды Ұлттық стандартқа сәйкестендіруге Үкімет үш жыл уақыт берді. Оның үстіне аталған бекеттің иесі алдыңғы жолы кемшілікті түзетеміз деп өз аузымен айтқанын естіп едік. Демек, үш жылда салынбаған дәретхана енді 2-3 күнде орнына келеді дегенге сену қиын. «Қазавтожол» ҰК» АҚ мамандары бұл келеңсіздікті заңды тәртіппен шешетінін жеткізді. Есесіне, өткен жолы кемшіліктері көрсетілген өзге нысандар бәрін қалпына келтіріпті. Айта кетерлігі, «Royal Petrol» және «Газпромнефть» жанар-жағармай құю бекеттерінің жағдайы  Ұлттық стандарттың барлық талабына сәйкес келеді. Дегенмен, «Royal Petrol» жанар-жағармай құю бекеттеріндегі дәретханалар ақылы қызмет көрсетуде. Ондағы қызмет құны 50 теңгені құрайды. Бірақ аталған бекеттің қызметкерлері дәретхананы кілттеп қоятыны белгілі болды.

– Біз май құю бекеттеріне абаттандырылған дәретхана салуға міндеттелгенімізбен, оны ақысыз жаса деп талап қоя алмаймыз. Бірақ бұл жерге көліктеріне жанар-жағармай құятын жүргіншілер тоқтайды. Демек, оларға  ақылы қызмет көрсетіледі. Сондықтан, дәретханалардың ақысыз болғаны жөн деп ойлаймын. Ол тәулік бойы ашық тұруы керек, – дейді облыстық мәслихат депутаты Өтеғали Юнусов.

Жол бойындағы жанармай құю бекеттерін Ұлттық стандартқа сәйкестендіреміз деген «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ Алматы облыстық филиалы енді жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты сервистік нысандарды өздері сала бастапты.

– Биыл «Талдықорған – Алматы» автожолының бойындағы екі нүктеге жолаушыларға заманауи қызмет көрсетудің барлық түрі қамтылған құны 23 млн. теңге тұратын  «KazWay» модельді сервис павильонын салуды қолға алдық. Оның бірі Талдықорғанға кіреберіске, енді бірі Арқарлы асуында салынуда. Келесі жолы «Алматы – Қорғас» автожолының бойына осындай төрт павильон салынады, – дейді «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалының маманы.

Кемшіліктерді байқаған комиссия мүшелері тексеріс жұмысын алдағы уақытта да жалғастырмақ.

Қажет АНДАС,

"Жетісу"