ЕРКІНДІКТЕРДІҢ ШАҒЫМЫ ТЫҢДАЛДЫ

Уақыты: 10.12.2018
Оқылды: 843
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекеге қабілеттілікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен облыс және қалаға қарасты мекеме мамандары Талдықорған қаласы, Еркін ауылының тұрғындарымен кездесіп, тарифтерді төмендету мен елді мекенде орын алған келеңсіздіктер төңірегінде әңгіме өрбітті.

Алдымен жиналған көпшілікке аталған департамент басшысының орынбасары Гүлнар Шарапиева Елбасы Жолдауында айтылған мәселелерді  түсіндіріп өтті. Осыдан кейін кездесуге келген тұрғындардың өтінішін қарап, тиісті мекеме мамандарының жауабын тыңдады. 
Еркін ауылы қала іргесінде орналасқанымен өзекті мәселелерінің де бар екенін тұрғындар жайып салды. Әсіресе, электр энегиясы бағасының қымбаттығына қатысты шағымдар көп болды. Алғашқы болып сөз алған Еркін ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тортай Ізбасқанов ауылға қарасты Көктал ауылы мен оның іргесіндегі Алмалы саяжайындағы үйлердің жарыққа жарымай отырғанын алға тартты. Сондай-ақ, сол елді мекендегі су мәселесінің де жұртты алаңдатып отырғаны белгілі болды. Тіпті, Еркін ауылына газ тарту жұмысының салдарынан көшелердің бұзылып, жүргіншілер мен көліктердің жүруіне көп кедергі келтіріп отырғаны да назардан тыс қалған жоқ. Сонымен бірге, Еркін ауылындағы Е. Берліқожанов, Құрманғазы көшелеріне құбыр суының толық тартылмағаны да айтылды. Кейбір тұрғындарды көмір бағасының қымбаттауы алаңдататын болып шықты. Ауылдағы кейбір көшеге асфальт төселмегені де назарға ілікті.
Тұрғындар шағымын тыңдаған соң соған қатысты мекеме мамандары оның себеп-салдарын түсіндіріп берді. Аталған департамент басшысының орынбасары Гүлнар Шарапиева жаңа жылдан бастап электр жарығы бағасының төмендейтінін, қаладағы көмір бағасының 2-3 мың теңге көлемінде арзандағанын жеткізді. «Талдықорған су құбыры» мекемесінің мамандары құбыр суы тартылмаған көшелердің жобалық-сметалық құжаттарының жасалып жатқанын, алдағы уақытта ол жұмыстың атқарылатынын айтты. «Қазтрансгаз аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының мамандары Еркін ауылына газ тарту жұмыстарының келесі жылдың қазан айында толықтай бітетінін ескертіп, жұмыс барысындағы кейбір жетіспеушілікке түсіністікпен қарауын өтінді.

Қ. ОМАРАҚЫН