САЛЫҚ САЛУДЫҢ ҮДЕМЕЛІ ӨЛШЕМІ ОҢ ЖӘНЕ ТЕРІС СИПАТТАРҒА ИЕ

Уақыты: 24.05.2020
Оқылды: 1062
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде: «Әлеуметтік әділдік үшін жалақы мен басқа да кіріс түрлеріне қатысты жеке кіріс салығының (ЖКС) үдемелі өлшемін енгізу мәселесі қолға алынады», - деп хабарлады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы мұндай төмендетуден босатылған қаражат жалақыны өсіруге бағытталуы қажет екенін атап өтті. Нәтижесінде, жалақы алатындардың кем дегенде үштен бірі, яғни, 2 миллиондай адамның жалақысы өсетіні анық.

Табысқа үдемелі салық салу тәжірибесі бүкіл әлемде танымал, оны көптеген дамыған елдер қолданады. Бұл - қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті төмендету, салық салуда әділеттілікке қол жеткізу құралы.

Тарихқа үңілсек, кезінде экономикалық теорияның классиктері «салықты әркім өз кірісіне сәйкес төлеуі керек» деген әділеттілік қағидатын ұстанған. Мұндай салық жүйесінің өзіндік экономикалық мәні бар. Ол түрлі деңгейдегі азаматтардың арасындағы салық төлемдерін қайта бөлуге арналған.

Үдемелі өлшем халықтың әлеуметтік стратификациясын неғұрлым тиімді басқаруға қабілетті келеді. ЖКС (жеке кіріс салығы) үдемелі өлшемінен күтілетін нәтиже: табысы жоғары тұлғалардың салық ауыртпалығын арттыру арқылы аз қамтамасыз етілген жеке тұлғаларды қолдау болып табылады. Шындығында, қазіргі жағдайда мемлекеттің салық саясаты бірінші кезекте халық тарапынан сұранысты ынталандыруға бағытталуы тиіс.

Кез келген жүйе сияқты, салық салудың үдемелі өлшемі өзінің оң және теріс сипаттарына ие. Артықшылықтардың қатарында бюджеттік төлемдердің тиімді түсуі, «конверттегі жалақы» берудің азаюы (зейнетақы жарналары мен ЖКС мүлдем  салынбайды), қоғамның әлеуметтік бөлінуінің төмендеуі, еңбекақы қорының заңдастырылуы, жалпыға бірдей табыс декларациясына көшуі, аз қамтамасыз етілген азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуін атап өтуге болады. Кемшіліктеріне келер болсақ: көлеңкелі табыстың көбеюі, жұмыссыздықтың өсуі, материалдық ынталандырудың төмендеуі және аталған моделді іске асыруға кететін жоғары шығындарды жатқызуға болады.

Жоғарыда айтылғандарды сараптар болсақ, онда үдемелі салық салу өлшемі әлеуметтік теңсіздікті реттеуші және бюджетке түсетін қосымша кіріс көзі болып табылады деген қорытындыға келеміз. Мүмкін, заң шығарушылар ұсынған салық салудың аталған моделі мүлдем идеалды емес шығар, бірақ басқа елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, біздің экономикамыздың ерекшеліктерін ескере отырып, нәтижесінде қарапайым азаматтар үшін неғұрлым қолайлы дұрыс шешім қабылданды деген сенімдеміз.

Г.ТӨЛЕШОВА,

экономика ғылымының кандидаты,

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ "Экономика және сервис" кафедрасының меңгерушісі

Сурет - ғаламтордан