"ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ": ШАҚЫРУ БИЛЕТТЕРІ ТАРАТЫЛУДА

Уақыты: 14.11.2022
Оқылды: 1718
Бөлім: САЯСАТ

Тәуелсіз Қазақстан халқының келешегі үшін аса маңызды шара – Президент сайлауы күн санап таяп келеді. Соған орай, сайлауалды дайындық жұмыстары да ширай түскен.

Бүгінде Талғар ауданында 1 аумақтық, 81 учаскелік комиссия құрылып, 678 адам мүшелікке бекіген. Барлық сайлау учаскелері материалдық-техникалық базамен 100 пайыз қамтамасыз етілгені жөнінде аудандық комиссия төрағасы Мұхит Дүйсебаев мәлімдеді. – Талғар аудандық мәслихатының 2022 жылғы 28 қыркүйектегі шешіміне сәйкес, зейнеткерлікке, жұмыс орнының, мекенжайының ауысуына байланысты сайлау комиссиясының құрамынан шыққан мүшелерінің орнына 184 адам қайта тағайындалды. Сайлау комиссиясы мүшелерінің 568-інің немесе 83,8 пайызының Қазақстан Республикасы Президенті мен мәслихаттарының сайлауын өткізуде тәжірибесі бар. Қазан айында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Алматы облысы бойынша филиалында 22 комиссия мүшесі оффлайн форматта оқып, сертификат алды. Қалған комиссия мүшелері аталған басқару академиясында кестеге сәйкес оқыды. Бүгінгі күнге 678 комиссия мүшесінің 512-сі онлайн тест тапсырды, – дейді Талғар аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхит Маратұлы. Аудандағы 81 сайлау учаскесінің барлығы 1-қабатта орналасқан. Соның ішінде 68 сайлау учаскесіне пандустар орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау шараларына кедергісіз қатысуы үшін сайлау учаскелерін дайындау жұмыстары жүргізілуде. Алматы облыстық сайлау комиссиясының тарапынан аудандық сайлау комиссиясы сайлаушылар санына сәйкес, яғни, 156888 шақыру билетін алып, сайлаушыларға таратуда.

Ұлбосын ИСАБЕК,
Талғар ауданы
 Алматы облысы